Жаңалықтар
«ӘУЛИЕАТА ЖАСТАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫРЛАНА БАСТАДЫ
- author AR-AY
- 22 желтоқсан, 2023
- 215
«ӘУЛИЕАТА ЖАСТАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫРЛАНА БАСТАДЫ
Қазіргі нарық заманында баспаналы болу оңай емес. Сондықтан айлығы шайлығынан артылмайтын көпшілікті «Баспаналы болудың қандай жолы бар?» деген сұрақ мазалайтыны заңдылық. Бұл ретте мемлекет тарапынан халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарламалар қабылданып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірімізде де «Әулиеата жастары» бағдарламасы жастардың үйлі болуына айтарлықтай ықпалын тигізуде. Бірақ соңғы уақытта ел ішінде «Отбасы Банк» келесі жылдан бастап бағдарламаны қаржыландырмайды екен» деген ақпарат тарап, көп жасты уайымға салып қойды. Шындығында, бағдарламаның алдағы уақыттағы «тағдыры» қалай болмақ? Анық-қанығын зерделеп көрейік.
Өңірімізде өткен жылы пилоттық жоба негізінде «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған еді. Сол жылы жергілікті бюджет қаражатынан 500 миллион теңге бөлініп, 41 жас баспанамен қамтылды. Бұл туралы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар баяндап берді.
– Биыл бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге, «Отбасы Банк» акционерлік қоғамы тарапынан 1 миллиард теңге бөлінген. Жобамен биыл 140-қа жуық жасты баспанамен қамту жоспарланған. Бағдарлама аясында өтінімдер облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан әзірленген «e-jambyl.kz» платформасы арқылы қабылданды. Осы уақыт аралығында өтінім қабылдаудың 4 кезеңі бойынша 677 өтініш қабылданды. Комиссия шешіміне сәйкес 266 қатысушыға «Отбасы Банк» акционерлік қоғамына жолдама берілді. 55 қатысушы банк іріктеуінен өтпеді. Қазіргі таңда 46 қатысушы бағын сынауда, ал 15 қатысушы үй іздестіруде. Әзірге 110 азамат тұрғын үй алды, – деді Ж.Дүйсенұлы.
Сонымен қатар биыл бағдарлама талаптарына бірқатар өзгеріс енгізілген. 15 миллион теңгеге дейін берілген қаржы қарыздың ең жоғарғы сомасы болып есептелсе, пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз, бастапқы жарна да 5 пайыз деп көзделген. Жалпы білім беру саласы бойынша 16 маман, денсаулық сақтау саласында – 62, спорт саласында – 7, мәдениет саласында – 8, журналистика саласында – 15, дін саласында жұмыс істейтін 2 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
«Бағдарлама келесі жылы жалғасын таба ма?» деген сұрағымызға Жомарт Зұлпыхар бағдарламаның «тағдыры» әзірге белгісіз деп жауап берді.
– «Әулиеата жастары» бағдарламасын келесі жылы жүзеге асыру үшін басқарма тарапынан 1,5 миллиард теңге жергілікті бюджеттен бөлуге өтінім бердік. Бірақ «Отбасы Банк» акционерлік қоғамында өзгерістер мен толықтырулар орын алуына байланысты банк тарапынан жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражаттың 20 пайызын ғана бөлеміз деген ұсыныс тастап отыр. Бұл ұсыныс біздің әкімдіктің талаптарына да, қояр шарттарына да сәйкес келмей тұр. Осыған байланысты бағдарламаға бөлінетін қаражат қолдау таппады. Банкке жастар басқармасы тарапынан да хат жолдадық. Өкінішке қарай, әзірге ешқандай өзгеріс орын алмады, – дейді Ж.Зұлпыхар.
Бұл мәселені облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт те облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс тоғызыншы сессиясында көтерген болатын. Сонда аймақ басшысы сұраққа жауап беріп, алаңдаушылыққа негіз жоқ екенін жеткізген еді.
– Баршаңызға белгілі, қазіргі таңда «Отбасы Банк» қызметіне байланысты бірқатар өзгеріс орын алып жатыр. Сондықтан бірқатар басқарма басшысына, басқа да тиісті ведомство басшыларына тапсырма бердім. Банк басшылығымен сөйлесіп, мәселені жан-жақты қарастыруы керек. Егер банк бағдарламаға қаржы бөлуден бас тартса да әрі қарай жұмысымызды жалғастыра береміз. Яғни өзіміздің тарапымыздан басқа тиімді бағдарламаны дайындауымыз керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Иә, «Әулиеата жастары» бағдарламасы жастарды баспанамен қамтуда тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан алдағы уақытта банкке қатысты туындаған мәселе оңтайлы шешіледі деп үміттеніміз. Егер мәселенің шешімі табылмаса, облыста басқа да тиімді бағдарлама әзірленеді деп сенеміз.
Аяулым ЖАМАНҚАРА
aaiauka@mail.ru
Келесі мақала