Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАЙЫЛЫМЫ ЖОҚ, ЖЕРІ ЖОҚ, ШАРУА ҚАЙТІП КҮН КӨРЕР...

ЖАЙЫЛЫМЫ ЖОҚ, ЖЕРІ ЖОҚ, ШАРУА ҚАЙТІП КҮН КӨРЕР...
ашық дереккөз
ЖАЙЫЛЫМЫ ЖОҚ, ЖЕРІ ЖОҚ, ШАРУА ҚАЙТІП КҮН КӨРЕР...
Өткен жылдың қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жайылым мәселесіне ерекше назар аударып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың жұмысын сын тезіне алған еді. «Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер ең алдымен ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай жатыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтардың иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылым жер бос жатыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтаруды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.  месек, Жамбыл облысында да жайылым мәселесі жетісіп тұрған жоқ. Соңғы жылдары жағдай тіптен күрделене түсуде. Түрлі жиын-кеңестерде, кездесулерде мамандардың айтатын пікіріне сүйенер болсақ, өңірде мал саны көбейіп, салдарынан жайылым тапшылығы туындап жатқан көрінеді. Әсіресе «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы жүзеге асқалы елді мекендерде мал шаруашылығына бет бұрған кәсіпкерлердің саны артқан. Салдарынан бүгінде көптеген елді мекенде жайылым тапшылығы өте өзекті мәселеге айналып отыр. Міне, мәселе қайда. Дегенмен ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері бұл пікірмен келіспейді. – Кеңес үкіметінің кезінде 30 жылға жуық уақыт совхоздың малын бағып, «жайылым жетіспей жатыр» дегенді ешқашан естімеппін. Ал бүгінде жайылым кез келген ауылдағы шаруаның басты мәселесіне айналған. Неге? Кезінде жайылым қалай жетті? Кеңес үкіметінің кезіндегімен қазіргі мал саны мүлдем салыстыруға келмейді. Сонда да жайылым жетіп артылатын. Қазір мал аз. Керісінше жайылым жетіспейді. Ендеше «жайылым неге жетіспейді» деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Бірнеше себебі бар. Біріншіден, малды қысы-жазы қоңды етіп бағу үшін жылдың төрт мезгілінде де жайылымды дұрыс, ұтымды пайдалану қажет. Дана бабаларымыз көшіп-қона жүріп жайылымды жерлерді өте тиімді пайдалана білген. Кезінде ежелден белгіленген тәртіп бойынша ерте көктемде көктеуге шығарып, одан алыс жайлауларға көшіріп, күздеуге уақтысында түсіріп, дер кезінде ұрықтандырып, қыстауға да мерзімінде қоныстандыратын. Қазіргі таңда бұл тәртіп мүлде бұзылған. Малшылардың 99 пайызы қыстау мен жайлауға тура тартады. Ортада көктеу мен күздеуді ұмытқандарына көп болды. Көшпенді халқымыз өзінің өмір салтында көктеу, жайлау, күздеу және қыстау деп мал жайылымын бекерден-бекер бөліп қарастырмаған. Малдың аузы мен аяғы бір жерде ұзақ отырса, жайылымды тоздырып-ақ жібереді. Сондықтан малшылар қауымын ауылдан қашықтау аумақтардағы өрістерге – көктеуге, жайлауға және күздеуге шығуға міндеттеу қажет. Мұны ауыл, аудан әкімдері, ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары бақылауға алуы қажет. Сонымен қатар жайылым жетіспеуінің тағы бір ең негізгі себебі – көп жерлерді уақытында құрығы ұзын, қалтасы қалың азаматтар түрлі жолмен иеленіп алған. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да айтты. «Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр» деп, маңызды мәселені шешу бағытында атқарылған жұмыстардың көңіл көншітпейтінін айтып, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Сондықтан Президентіміз айтып өткендей орынсыз беріліп, мақсатсыз пайдаланылған немесе бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жеделдету керек. Жер ешкімнің ата-бабасынан қалған мұрасы емес. Жер халықтікі, – дейді еңбек ардагері Төлеутай Базаралыұлы. Иә, жер халықтың игілігі, қазынасы. Мемлекет басшысы да жайылым мәселесін тектен-текке ауық-ауық қозғап жүрген жоқ. Биыл 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Қасым-Жомарт Кемелұлы жайылым мәселесіне қайта оралып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің көзбояушылықпен айналысып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Президент жайылым тапшылығы қағаз бетінде ғана азайғанын айта келіп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға мәселені түбегейлі шешуді қатаң тапсырды. Одан бері де жарты жылдан аса уақыт өтті. Аграрлы аймақ Жамбыл облысында жайылым мәселесі қалай шешілуде? Президент тапсырмасына сай өңірде қандай жұмыстар атқарылуда. Жуырда «Amanat» партиясы облыстық филиалының «Тalqylau» қоғамдық диалог алаңында өткен жиында өзекті мәселеге байланысты көкейде жүрген көп сұраққа жауап таптық. Облыстық мәслихаттың депутаттары, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалық төрағалары, БАҚ өкілдері қатысқан кездесуді ашқан «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов алдымен партия жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының жұмысына егжей-тегжейлі тоқталып өтті. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бос жатқан жайылым жерлерді қайтаруды және ауыл тұрғындарына қолжетімді етуді тапсырған болатын. Көпті алаңдатқан мәселені шешу мақсатында «Аmanat» партиясының жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссияның мақсаты – бос жатқан жайылымдық жерді, заңсыз жеке меншікке өткен жерді мемлекеттік меншікке қайтарып, ауыл азаматтарына үлестіру. Комиссия мүшелерінің араласуымен соңғы бірнеше айдың ішінде Алматы қаласы, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы 160 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жамбыл облысында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Маусым айында «Аmanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев пен Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген Байзақ ауданындағы Үлгілі және Түймекент ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, жайылым тапшылығы мәселесімен танысқан болатын. Одан кейін, Жуалы ауданының Қарасаз және Нұрлыкент ауылдық округтерінің тұрғындарымен дәл осындай кездесулер өтіп, жайылым жер мәселесі талқыланды. Нәтижесінде аймақта 700 гектар жер ауыл тұрғындарына қайтарылды. Бұл бағытта жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады, – деді Дауыл Ынтықбайұлы. Ал облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде өңірде мал басына шаққанда 683 мың гектар жайылым жер жетіспейтіні анықталыпты. Қазіргі таңда жайылым тапшылығын шешу мақсатында бес бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. – Жалпы, жайылым жетіспеуінің бірнеше себебі бар. Бірінші – мал санының өсуі. Мәселен, 1990 жылы облыста 300 мың ірі қара, 101 мың жыл болған. Қазіргі таңда ірі қара 530 мыңға, жылқы 151 мыңға жеткен. Төрт түліктің басқа да түрлерінің санында өсім бар. Екінші – елді мекендердегі жердің аздығы. Сондықтан Президент тапсырмасына сай өңір тұрғындарының жайылымға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бірінші бағыт – елді мекендерден тыс орналасқан мал жаю жерлерін ауылдық округтерге бекіту қажеттігі. Жыл соңына дейін ауылдық округтерге 106,9 мың гектар жер беру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Жамбыл ауданында 706 гектар жер берілді. Екінші бағыт – ауылдардан бес шақырым радиуста орналасқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Жоспар бойынша – 165,6 мың гектар болса, 6 айдың қорытындысымен 5,0 мың гектар қайтарылды. Үшінші бағыт – орман қоры жерлерінде орналасқан жайылымдарды пайдалану. Төртінші бағыт – жер пайдаланушылармен меморандумға қол қою. Соған сәйкес, олар мал жаюға кедергі жасамауға міндеттеледі. Бүгінгі таңда 2071 тұрғынмен 487 мың гектар жерді пайдалану туралы келісімге қол жеткізілді. Бесінші бағыт – пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару. Жалпы, 145,9 мың гектар жерді мемлекеттік меншікке қайтару жоспарлануда, 6 ай ішінде 52,6 мың гектар қайтарылды, – деді Б.Көпбосынов. Сондай-ақ «Тalqylau» қоғамдық диалог алаңында сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. – Жайылым мәселесіне байланысты мемлекеттік деңгейде мән беретін, көңіл аударатын жайт жетерлік. Ең маңыздысы – жайылымдық жерлерді суландыру, энергия көздерімен қамтамасыз ету. Әйтпесе жері көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын елімізде жайылым жетіспейді дегенге кім сенеді. Жайылым жетеді. Бірақ тиімді пайдаланбаймыз. Мәселен, жайылым жердің көбінде су жоқ. Су болмағаннан кейін шаруалар не істейді?! Қырықпышақ болып құдығы бар жайылымға таласады. Сол себепті жайылымды суландыруға мән беру керек. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында, соның ішінде жайылымдарды тиімді пайдалануда бұрын-соңды қалыптасқан дағдылар мен әлемдік озық тәжірибелерді ұштастыра білсек, кең-байтақ даламыздағы жайылымдар сулы әрі нулы алқаптарға айналып, мал шаруашылығы жаңа заманға сай даму жолына түсері анық, – дейді К.Мамырұлы. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Алғабас» шаруа қожалығының төрағасы Арылбек Қораласбаев та жайылымдық жер жетіспеуінің бірнеше себебін атап өтті. – Қазір халықтың тұрмысы жақсарды. Елді мекендерде әр шаңырақ аз дегенде 20-30 қой ұстайды. Бірақ ешқайсысы малын сыртқа шығарғысы келмейді. Есігінің алдына жіберіп қойып, көз алдарында жүргенін қалайды. Әрине, жеке адам 30 қойын бөлек сыртқа шығара алмайды. «Бар-жоғы 30 қойымды ауылда ұстап отырмаймын ба?» деп ойлайтындар көп. Бәрі солай ойлайды. Салдарынан жайылым тапшылығы туындайды. Сондықтан ауыл тұрғындары өзімбілемдікке салмай, бірігіп әрекет еткендері жөн. Ауылдық округ әкімдерінің де «жайылым жоқ» деп қол қусырып отыруына болмайды. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықты толғандырған мәселенің шешілуіне үлестерін қосуы керек. Одан кейін қазір таулы, құмды аймақтарда мал бағылмайды. Ешкімнің барғысы келмейді. Үйреніп қалған жайылымынан ұзағысы келмейді. Шын мәнісінде таулы, құмды аймақтарда қаншама гектар жайылым бос жатыр, – дейді А.Қораласбаев. Осылайша «Тalqylau» қоғамдық диалог алаңында өткен жиын бір сағатқа жуық уақытқа созылып, шақырылған қонақтар жайылым мәселесіне байланысты бірсыпыра мәселені ортаға салды. Осыдан бірнеше апта бұрын ғана облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте жайылымдық жерлердің тапшылығын төмендету мәселесі қаралған болатын. Кеңесте берілген тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамаған аудан әкімдеріне, жер қатынастары басқармасының басшысына көптеген сын-ескертпе айтылды. «Нақты жоспар бар, әдістеме түсіндірілді, күн сайын осы мәселелерге уақыт бөлу қажет. Біз мұны талқылап жатқанымызға бір жыл болды. Бұл іске білек сыбана кірісетін кез келді. Біз онсыз да бұған көп уақытымызды жоғалттық», деген Нұржан Нұржігітов жоғарыда басқарма басшысы айтып өткен бес бағыт бойынша жұмысты сапалы және уақтылы жүргізуді талап етті. Иә, талқыланып жатқанына көп болды. Жайылым жайын арқау еткен түрлі жиын-кеңестерден, талқылаулардан нәтиже болар-болмасы алдағы күндердің еншісінде.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар