Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Шамшырақтың» шығар шыңы биік болсын!

«Шамшырақтың»  шығар шыңы биік болсын!
ашық дереккөз
«Шамшырақтың» шығар шыңы биік болсын!
Газет туралы Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтан артық айтқан адам жоқ. Қордай журналистикасының темірқазығы – ауданның төл газетінің 90 жылдық мерейтойына орай «Ауданның тілі, көзі, һәм құлағы, Маздай берсін Қордайдың «Шамшырағы» атты шара өз деңгейінде әдемі шараға айналды. Халқымыздың елдігін, мемлекетіміздің тұтастығын паш еткен «Шамшырақтың» расымен де нағыз жасампаз қоғамдық үнпарақ бола білгені, ары қарай да сол бағытынан таймай, жаңғыра берері сөзсіз. Алдымен аудан әкімдігінде өткен шағын баспасөз конференциясында осы тектес сөздер айтылды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға аудан басшысы Бегзат Болатбеков, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен бөлім басшылары, ауыл әкімдері және газет ардагерлері қатысты. Жиында модераторлық қызметті газет құрылтайшысы Қуат Иманалиев атқарып отырды. – Газет әр жылдары қордайлықтардың ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отырды. Ауданымыздың жасампаз істерге толы шежіресін жазуға «Шамшырақ» зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлес қосты. Ауданның кешегісі мен бүгінін жалпақ жұртқа жария ету – сіздердің мәртебелі міндеттеріңіз. Сіздердің оны үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқандарыңызға кәміл сенемін. Газет ұжымы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғап, олардың әлеуметтік мәселелерін қазір де батыл көтеріп келеді. Бүгінгі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді, – деген аудан басшысы Бегзат Сейсенқұлұлы бірқатар газет қызметкеріне марапат ұсынды. Жекелей тоқталсақ, осы күні «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалін аудандық басылымның оператор-дизайнерлері Ғалия Құсманғалиева мен Роза Нұрсейтова аудан әкімі қолынан қабыл алды. Сонымен қатар аудандық газеттің директоры-бас редакторы Шолпан Сабанова, «КИИК» ЖШС директоры Гүлжамал Иманалиева, тілші Сәуле Мұхадинқызы Құрмет грамотасымен, тілші Еркін Қатбеков Алғыс хатпен марапатталды. Ал газеттің өткені мен бүгіні, болашағы хақында аудандық басылымның бас редакторы Шолпан Талғатқызы арнайы баяндама жасап, аудан айнасында қызмет атқарған азаматтардың еңбегі, сара жолы, сол жолды бүгінгі жалғастырушылар жайында кеңінен толғанып, зор үміт пен ауыр жүк арқалап жүрген журналистер тірлігі турасында толғанды. Келесі кезекте қоғам қайраткері Құрманғали Уәли жалпы 90-жылдардағы газет тағдыры жайына ұзақ тоқталып, үнемі жаңалықтардың алғы шебінде жүретін журналистерге әрдайым қолдау көрсету қажеттігін баса айтты. Әрине, жүрекжарды құттықтауын да жеткізді. Ал «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті жолы үлкен болса да жасы кіші екендігін ескеріп Астанадан арнайы келгенін айтып, құттықтауымен қатар, ең тамаша сый ретінде қос кітапты тарту етті. Осы орайда айта кетерлігі, аудандық газет құрылтайшысымен бірлесе мерейтойға арнайы медаль шығарған болатын. «Қордай шамшырағы – 90 жыл» деп аталатын тартымды төсбелгі осы күні газет жанашырлары мен ардагерлеріне берілді. Солардың алғашқысымен қоғам қайраткерлері Құрманғали Уәлиұлы мен Сәуле Мешітбайқызы және аудан әкімі Бегзат Болатбеков марапатталды. Конференциядан соң газеттің тойы аудан орталығындағы «Rose Mary» мейрамханасында жалғасын тапты. Онда қазақи дәстүрге сай қариялар батасын беріп, одан әрі ізгі тілектер тізбегі жалғаса берді. Айтпақшы, мейрамхана фойесінде жайылған арнайы көрме тойға келген көпшілік көңілінен шыққанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ газеттің өткен ғасырдың ортасында шыққан, бүгінде беттері сарғайған, кітапша болып тігілген тігінділері де қонақтар назарына ұсынылды. Бірден тарих қойнауына, ауданның өткеніне жетелейтін көрме өз миссиясын ойдағыдай атқарып шықты. Сол көрме жанында газетте ұзақ жылдар қызмет еткен, газетті басқарып, талай қиыншылық уақытта аман қалуына өз септігін тигізген журналист, көрнекті жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығына арналған көрмені аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы көрсетті. 90 жылдыққа арнайы шығарылған газеттің мерекелік нөмірі, оған қосымша шыққан журнал, күнтізбе келген қонақтарға тарту етілді. Ал аудандық мәдениет үйі қызметкерлері қойған концерттік бағдарлама әдемі кеш көрігін қыздыра түсті. Той барысында, жоғарыда атап өткеніміздей, арнайы мерейтойға арналып шығарылған мерекелік медаль аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайға, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықовқа, ауданымызда басшылық қызмет еткен тұлғалар Болатбек Байтөлеге, Мәден Мұсаевқа, Мырзағали Күзербаевқа, газет ардагерлері Құрманбек Әлімжанға, Сағыныш Медетбековаға, Людмила Досембековаға, Әбдібек Сейілханға, Дүкенбай Сегізбаевқа, аудандық газеттің бас редакторының орынбасары Жандос Омаровқа, мансап орталығының директоры Саламат Көпешовке табыс етілді. Сондай-ақ редакция тарапынан дайындалған номинациялар да той төрінде табыс етілді. Мәселен, «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» аудандық қоғамдық-саяси газетінің «Оқырманы ең көп мекеме» номинациясы бойынша аудандық білім бөлімі, «Ең белсенді жазылушылар» номинациясы бойынша аудандық орталық аурухана ұжымы марапатталса, «Ең үздік спорт хабаршысы» номинациясы бойынша Әлжан ана спорттық-сауықтыру кешенінің басшысы Самат Аманбаев марапатталды. Осы тектес номинациялармен 19 ауылдық округ әкімдері де марапатқа ие болды. 1932 жылы «Бригада» болып алғаш рет жарыққа шыққан аудандық газет өзінің 90 жылдық мерейтойын осылай жоғары деңгейде атап өтті. Алда жүз жылдыққа қадам. Сол қадам сәтті болғай! Шапағат Әбдір, Қордай ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар