Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ГҮЛ ТОСАМЫН ДЕП АБЫРОЙЫҢДЫ ТӨГІП АЛМА, қазақ Қызы!

ГҮЛ ТОСАМЫН ДЕП  АБЫРОЙЫҢДЫ ТӨГІП АЛМА, қазақ Қызы!
ашық дереккөз
ГҮЛ ТОСАМЫН ДЕП АБЫРОЙЫҢДЫ ТӨГІП АЛМА, қазақ Қызы!
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейді. Жалпы әрбір мерекені тойлаудың өзіндік жөн-жоралғысы бар. Сол секілді үйлену тойында да қалыңдық пен күйеу жігітке қатысты әдет-ғұрыптар жетерлік. Соның бірі ретінде бойжеткендердің асыға күтетін «Гүл тосу» рәсімін айтсақ болады. Себебі гүлді қолына түсірген қыз көп ұзамай-ақ тұрмыс құрады деген түсінік қалыптасқан. Бірақ заман сондай ма, адамның пейілі өзгерген бе, әлеуметтік желіде мінезі жібектей, биязылық танытып жүрген бойжеткендеріміздің гүл тосамыз деп таласып, бір-бірінің үстінен аттап өтіп құлап немесе бір-бірінің қолына жармасып жатқанын көріп, ұялғанымыз жасырын емес. Бүгінде ешбір той қалыңдық гүлінсіз өтпейтіні белгілі. Осыған дейін біріңіз гүлді лақтырып, екіншіңіз оны қағып та көрген боларсыздар. Ендеше алдымен бұл үрдістің шығу тарихына тоқталсақ. Қалыңдық гүлін лақтыру – көне дәстүр. Бүгінде бірнеше халықтың мәдениетінде әртүрлі бағытта кездеседі. Алайда қашан және қайда пайда болғаны туралы нақты ақпарат аз. Кейбір деректерде бізге америкалықтардан келгені айтылады. Ал америкалықтар еврейлік тойлардан «ұрлап» алған деседі. Украин қыздары өзінің мерекелік гүлдестесін ең жақын құрбысына табыстаса, орыс халқының тұрмыс құрмаған қыздары қалыңдықтың көзін байлап, айналып жүреді. Қалыңдық бірнеше айналымнан кейін қыздардың біріне гүл шеңберін ұстататын болған. Орта ғасырларда Еуропадағы бойжеткендер той көйлегін безендендіріп тұрған әрбір зат әйел бақытын әкеледі дегенге сеніп, той соңында қалыңдықтың әшекейлерін талап әкететін болған. «Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар» демекші, уақыт өткен сайын бұл ғұрып та өзгеріске ұшырай бастады. Француз қалыңдықтары той көйлегін гүлдермен безендіретін. Ал тұрмыс құрғысы келетін арулар сол гүлдерге таласушы еді. Бертін келе, өзге еуропалық елдерде қалыңдықтар бойдақ құрбыларына аспа бауларын, алқаларын сый ретінде тарататын дәстүр етек алды. Осындай қызықты дәстүрлердің ретімен қалыңдық гүлі де қолданысқа ене бастады. Той болатын күні таңертең жігіт қызға әдемі гүл шоғын әкеліп береді. Қыз ол гүлді неке қиыла салысымен теріс бұрылып тұрып құрбыларына лақтыратын. Рәсімге тек қана тұрмыс құрғысы келетін қыздар ғана қатыса алатын, ал ондай ниеті жоқ бикештер қалыс қалды. Ал бүгінде гүл шоғын күйеу жігіттер бұрынғыдай өздері таңдай бермейді. Қалыңдық өз талғамына орай, яғни әшекей бұйымдарына, той көйлегіне лайықтап өзі таңдайды. Ал «гүл лақтыру рәсімі» той соңына қарай өтеді. Бұл үрдіс әлі де ұмытылған жоқ. Бүгінгі күні тойларда қыздар қауымы тосып алып, қуанып жатса, кейбір қалыңдықтар тұрмыс құруға ниетті құрбыларына гүлдестелерін өздері ұсынып жатады. Гүл тосып алған күннің өзінде қуаныштың қашан, қай күні орындалатыны белгісіз. Кейбір бойжеткендер көп ұзамай өз бақытын тауып, жар атанып жатса, кейбіреулер өмірлік жартысын біраз уақыт күтіп қалып жатады. Тараздық бойжеткен Әнел Бектұрғанова бұл ырымға сенбейтінін, бұған дейін бір емес, 4 рет гүл тосып алса да тұрмыс құрмағанын айтады. – Адам не болса да жақсылыққа ниет еткен дұрыс қой. Көбіне бойдақ болған соң дос-жарандардың тойында мені алып шығады. Содан бір емес, бірнеше рет тосып алдым гүлді. Дегенмен мен үшін тұрмысқа шығуға уақыт бар. Себебі жасым 21-ден асты. Енді таныстарым қолқалаған соң гүл тосуға қыздардың қатарына қосылып, мән бермей тұрғаныммен тура менің алдыма келе жатады. Оны менсінбегендей боп көрінбейін деп тосып аламын. Достарым көрген жерде «Сен өткенде ғана гүл тосып алып едің, әлі жүрсің бе?» деп те қалжыңдап жатады, – дейді ол. Бұл дәстүрді қолдамайтындар да бар. Себебі шығу тарихы белгісіз салтты қолдап, оны ары қарай дамытудың қажеті жоқ екенін айтады. – Оң жақта отырған қыздардың көбі шетелден келген гүл лақтыру рәсіміне жарыса қатысып, бір шоқ гүлі үшін таласып-тармасып, төбелесуге баратынын көріп жүрміз. Сонда сол қыздардың тұрмысқа шығып-шықпауы сол бір гүл шоғына қарап қалып па? Қалыңдықтың көкке лақтырған гүлін тосып алып, құтты бір ханзаданы жолықтырғандай мәз болып қалады кейбір аруларымыз. Құдды сол тойдан шыға салып өмірлік серігіне жолығып қалардай, гүл лақтырған қалыңдық «бағын ашып» бергендей болып қуанады. Тіпті қаншама рет гүл тосып алып, сол гүлді солғанша серігін күткен сұлулар да бар. Сондықтан бос қиялға ермей, түзу ақылмен әрекет еткен жөн секілді, – дейді Асыл Баймұрат. Гүл тосам деп сүрініп құлап немесе құрбысы алған гүлге жармасып жүрген қыздардың қылығын көргенде ұялып қалатынымызды жасырмаймыз. Қашанда өзінің нәзік қалпымен, сыпайы, ұяң мінезімен көркем қазақ аруы шетелден келген шығу тарихы күмәнді дәстүрге ілесіп өз бағасын түсіріп алмаса дейсің... Айжан ӨЗБЕКОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар