Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қысқа-нұсқа

Қысқа-нұсқа
ашық дереккөз
Қысқа-нұсқа
ТӨРЕШІЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСЕДІ Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген отырысында 2024 жылдан бастап спорт төрешілерінің жалақысы базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайызға дейін көтерілетіні айтылды. Сондай-ақ спортшыларға Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей жоғары оқу орнына түсу үшін гранттар беру нормасы заңнамалық түрде енгізілгені жария етілді. Ведомство басшысы Ермек Маржықпаев: «Сала қызметкерлерінің жағдайын жақсарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда мамандандырылған мектеп-интернат-колледждердің (республикалық және облыстық), сондай-ақ балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы 25 пайызға өсті. Заңнамалық негізде жаттықтырушы-оқытушылардың апталық сағат жүктемесін 24-тен 18 сағатқа дейін қысқарту жоспарлануда», – деді. Сонымен бірге министр келесі жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы Каннын қаласында жалауы желбірейтін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын спортшылардың дайындығына баса мән беріп, Спорт және денешынықтыру істері комитетіне Ұлттық Олимпиада комитеті, Спортты дамыту дирекциясы және Олимпиадалық дайындық орталығымен тізе қосып жұмыс істеуді тапсырды. БАЛАЛАР СПОРТЫН ДАМЫТУҒА 43,2 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев салада қабылдаған шаралар, келесі жылға жүктелген міндеттер туралы айтты. Министрдің айтуынша, Қазақстанда 7,6 миллион адам (38,5 пайыз) спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Денешынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасын іске асыру бойынша, 2029 жылға қарай ел тұрғындарының жартысын қамту жоспарланған. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін дамытуға басымдық беріледі. Осыған байланысты мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру бойынша жұмыстар белсенді жалғасуда. Биыл 250 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдар 43,2 миллиард теңге бөлді. Нәтижесінде 220 мың балаға арналған ваучерлер іске қосылды. Бұл 6 мыңнан астам спорт секцияcына тегін қатысуға жол ашты, – деді Ермек Маржықпаев. Туризм және спорт министрі спортты одан әрі дамыту үшін жаңа стратегиялық реформалар енгізілгенін қоса айтты. Мәселен, қазіргі таңда бас жаттықтырушыларды конкурстық негізде тағайындау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін кеңейту арқылы мемлекеттік жаттықтырушылардың мәртебесін арттыру мәселесі талқыланып жатыр екен. Сонымен қатар халықаралық спорт ұйымдарында Қазақстан мамандарының өкілдігі және әлемдік деңгейдегі төрешілерді даярлау бойынша жұмыс күшейтіледі. Кәсіби спорт клубтарын ұстауға арналған лимит және спортпен шұғылдану үшін ең төменгі жас бекітіледі. – Ортамерзімді кезеңде спорттың неғұрлым басым түрлері айқындалады. Бүгінгі таңда елімізде спорттың 180 түрі дамып келеді. Олардың тек 59-ы Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан мойындалған. Халықаралық тәжірибе негізінде «тірек» спорты түрлерінің тізімін қайта қарау қажеттігі туындады», – деді Е.Маржықпаев. Мемлекет қаржыландыратын 180 спорт түрінің ішінде 59-ы Олимпиада санатына енеді. «Тізім қайта түзілгенде ұлттық спорт түрлері де сызылып кете ме?» деген көптің сауалына қатысты жауабында министр ұлттық спортқа нұқсан келмейтінін айтты. ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ЖОЛДАМА АЛДЫҚ Еліміздің футзалшылары 2024 жылы Өзбекстанда жалауы желбірейтін әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Нидерланд құрамасымен шеберлік байқасты. Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен матч басталған бойда Біржан Оразов жылдам гол соғып, жергілікті жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады. Арада алты минут өткеннен соң Дуглас Жуниор допты торда тулатты. Есеп – 2:0. Содан кейін ойынның қарқыны сәл саябырсыды. Қонақтардың бойынан жеңіске деген құлшыныс байқалмады. Сол себепті де алаң иелері қарсыластар қақпасына топырлатып гол соғуға асықпады. Осы есеп бәсекенің соңына дейін сақталды. Сөйтіп, іріктеу сынында 15 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы «А» тобында I орынды иеленіп, келесі жылдың 14 қыркүйегі мен 6 қазаны аралығында өтетін әлем чемпионатының жолдамасына иелік етті. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МАМАНДАР Парижде ҚАЗЫЛЫҚ ЕТЕДІ Қазақстан төрешілері Тимур Әмірбеков пен Алуа Бектұрова Париж Олимпиадасына шақырту алды. 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарында спорттық гимнастика бойынша Тимур Әмірбеков қазылық етеді. Бұған дейін Т.Әмірбеков 2004, 2012, 2016 жылдары төртжылдықтың басты додаларында төреші болған. Ал Халықаралық көркем гимнастика федерациясының Париж Олимпиадасында төрелік етушілерді жариялаған қазылар тізімінде Алуа Бектұрова бар. Айта кетсек, А.Бектұрова бұған дейін Испанияда өткен әлем біріншілігінде төрелік еткен. Халықаралық федерация жұмысын жоғары бағалап, техникалық комитет арнайы алғыс хатпен марапаттаған. Талғат Нұрханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар