Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚЫРЫҚҚАБАТ ӨТКІЗУ ҚИЫНДАП ТҰР

ҚЫРЫҚҚАБАТ ӨТКІЗУ ҚИЫНДАП ТҰР
ашық дереккөз
ҚЫРЫҚҚАБАТ ӨТКІЗУ ҚИЫНДАП ТҰР
Жуалы өңірінде өсірілген қырыққабатты өткеруде бірқатар проблема бар. Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі мен жемшөп дайындау мәселесі өзекті болып отырғаны жасырын емес. Кейінгі жылдардың бедерінде азық-түлік бағасының тым шарықтап кеткенін әрбір тұрғын жақсы білсе керек. Нарықтың қатал заңын ескерсек, жыл өткен сайын бағаның өсу деректері әсіресе азық-түлік сатылымында анық байқалып отыр. Енді қайтпек керек? Қамсыз отыра беретін болсақ, қай мәселеде де қапы қалатынымыз анық. Сондықтан мұндай стратегиялық маңызды мәселеге бейжай қарауға болмайтынын және оны мемлекет деңгейінде қолға алу қажеттігін ұғынатын уақыт жеткен сияқты. Жалпы, азық-түлік пен жемшөп мәселесін оңтайлы шешуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өңірлерде қолға алынып жатқан «Қарапайым заттар экономикасы», «Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту», «Алқаптан сөреге дейін» деп аталатын пилоттық жобалардың тиімділігін атап өтуіміз қажет сияқты. Әулиеата өңірінде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы аясында сәтті жүзеге асырылып жатқан жұмыстар облыс халқының елеулі бөлігін жұмыспен қамтуға және кәсіпті болуына жағдай жасағаны анық. Облысымыздың басқа аудандарын айтпағанның өзінде, Жуалы ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінде қолға алынған пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылып, былтырдан бері бұл жоба Ақсай ауылдық округінде жалғасын табуда. Қандай да бір пилоттық жобаларға қатыспай-ақ, экологиялық тұрғыдан сапалы азық-түлік өндіру ісіне ұзақ жылдан бері белсене атсалысып жүрген отбасылардың қатарында Өтеновтер әулеті де бар. Жалпы, бұл әулеттің мүшелері Өзбекстан Республикасының Ташкент облысынан Жуалы ауданына қарасты Нұрлыкент ауылына көшіп келгелі бергі уақытта негізінен диқаншылықты тұрақты түрде кәсіп көзіне айналдырып келеді. «Еңбек ер атандырады» демекші, бұл ең алдымен еңбексүйгіштіктің арқасы әрине. Кәсіптің түбі нәсіп деп білетін олар ерте көктемнен бастап үй іргесіндегі 10-15 сотық жеріне қырыққабат, қызанақ, ащы бұрыш, тәтті бұрыш, баклажан, пияз, болгар бұрышы, тағы басқа көкөністер мен бақша дақылдарының көшетін егіп, баптаумен айналысады. Әулеттің ортаншы ұлы Мұзаффар ағаның айтуынша, жыл сайын үй іргесінде 600-700 мың данаға дейін көшет дайындалып, дайын көшеттер ауыл тұрғындарына, сонымен қатар аудан орталығындағы сауда орындарында саудаланады. Одан бөлек, ынтымағы жарасқан ағайынды Өтеновтер күш біріктіру арқылы Б.Момышұлы ауылының маңынан («Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының бойы) 10 гектардай жерді жалға алып, оған қырыққабат, картоп, қызанақтың бірнеше түрін егіп, одан экологиялық таза өнім алып отыр. Алқапқа қондырылған көшеттерді уақтылы қарап, оған күтім жасаудың нәтижесінде, жиын-терін науқаны кезінде Жуалы жерінде өсіріліп, өндірілген экологиялық таза бақша өнімдері өз облысымыздың нарығымен қатар, көршілес облыстардың, тіпті, еліміздің солтүстік облыстарына жөнелтілуде. Бұл әрине, экологиялық тұрғыдан алғанда таза жерде, таза ауада пісіп-жетілген өнімге деген тұтынушылардың сұранысынан туындап отырғаны анық. Нарықтың талабына және диқан қауымымен өзара келіскеніне байланысты алымсақтар көбінесе қырыққабатты алқап басынан жүк көліктеріне тиеп, өздері алып кетеді. Бұл алдыңғы және былтырғы жылдардағы жағдай. Ал жақында диқандар әулетінің үш гектарға егілген қырыққабат дақылы пісіп-жетілді. Бірақ сұраныс жылдағыдай болмай отыр. Өйткені биыл еліміздің оңтүстік және батыс облыстарында көкөніс, оның ішінде, қырыққабат көп егілген көрінеді. Демек одан өндірілген өнім де көп. Өнімнің көп болуына байланысты мұндай кезде тиісінше, сұраныс та азаяды. Ендігі кезекте дайын өнімді өткеру ісінде диқан қауымы үшін бірқатар түйінді проблемалар туындап отыр. – Апта басында алқап басынан алғашқы өнімді оңтүстікке жөнелттік. Онда да Түркістан облысынан келген бір танысымыз үш тоннадан астам өнімді арзан бағаға сатып алып кетті. Биыл қырыққабаттың бағасы жылдағыға қарағанда анағұрлым арзан болуда. Былтырлары алғашқы өткеру кезінде қырыққабаттың бір келісінің көтерме бағасы 75-80 теңге болса, биыл өнімді осының жарты бағасына да өткізе алмай отырмыз. Диқаншылық жасау, оның ыстық-суығына төзу оңай жұмыс емес. Жылдағы үйреніп қалған кәсібіміз болғандықтан, аянбай жанымызды салып еңбек етеміз. Әулетімізбен ерте көктемнен бастап алқап басында еңбекке кірісеміз. Өз күшімізбен қатар, ара-арасында жұмысқа қосымша адам жалдаймыз. Оларға төлейтін күнделікті жұмыс ақысы да оңай емес. Ендігі кезекте өнімді лайықты бағаға өткеру мәселесі оң шешілмесе, еңбегіміз еш кетейін деп тұр. Табан ақы, маңдай теріміздің өтелгенін қалаймыз әрине. Жергілікті атқарушы билік тарапынан өнімді өткеру ісіне нақты көмек-қолдау күтеміз, – деген Мұзаффар диқан тершіген маңдайын орамалмен бір сүртіп тастады. Біз қырыққабат алқабының басына барғанымызда диқандар шағын жүк көлігіне дайын өнімді артып жатыр екен. Жалдамалы жүк көлігіне тиелген үш тоннадан астам өнім Шымкент қаласындағы көкөніс базарларының біріне өткізілмек. Ағайынды Өтеновтер жеке шаруашылықтан жалға алған 10 гектар алқаптың басым бөлігіне негізінен қырыққабат егеді. Биыл да солай болды. Ерте көктемнен бастап алқапты өңдеуге кіріскен ағайынды диқандар оған «Ринда», «Бухарест», «Заказ» сұрыптарының жас көшеттерін қондырды. Аталған сұрыптар Жуалының ауа райы мен топырағына жерсіндірілген. Оның ішінде, қырыққабаттың басқа сұрыптарына қарағанда, «Ринда» тұқымының ерте өнім беретінін айтуымыз қажет. Диқандар қырыққабаттың осы тұқымын мамыр айының басында алқапқа қондырған. Мамыр мен маусым айларының ішінде өңірде жауын-шашын да мол болып, жас көшеттердің бой алып өсуіне және жақсы жетілуіне оң әсерін тигізді. Соның әсерінен болу керек, қазір қырыққабаттың бұл түрінің әрқайсысы бір жарым, екі, кейбір үлкендері үш келіге дейін салмақ тартады. Ал алқапқа кейіннен егілген қырыққабаттың «Бухарест», «Заказ» сұрыптары тамыз айының орта тұсында алғашқы өнімін бере бастайды. Бау-бақша дақылдарының ішінде қырыққабат суды көп қажет ететіні белгілі. Ойдағыдай өнім алу үшін күнделікті күтіммен қатар, оған мол су қажет. Ала жаздай алқаптың шөбін жұлып, қырыққабатқа минералды тыңайтқыштар беріп баптаған диқандар биылғы суғару маусымында ағын судан қысылған жоқ. – Ағын су мәселесімен жыл сайын бетпе-бет келетініміз рас. Бұл енді жалғыз бізде ғана емес, барлық диқандар қауымына тән проблема деп айтуға болады. Дегенмен, аудандағы «Ақсай» су шаруашылығының білікті мамандары ағын суды уақтылы әрі жеткілікті көлемде жіберіп жатыр. Біздің тарапымыздан да су шаруашылығы мекемесіне ағын судың тиісті төлемақысы уақтылы төленіп тұрады, – дейді диқандар. Биылғы өнім жаман емес. Орта есеппен әр гектардан 30-35 тоннадан өнім жиналады деп күтілуде. Жердің ырысты болуы ең алдымен ауа райына, одан соң диқандардың еңбегіне байланысты. Жаз бойы бел жазбай еңбек еткен диқан қауымы ендігі кезекте соның нәтижесін көрсек дейді. Алқап басындағы жұмыстарға Мұзаффар аға басшылық жасап жүргенімен, қандай шаруа болсын, өзі де қарап тұрмай кірісіп кетеді. Ал Мұзаффардың інісі Мүсілім Өтенов жаз бойы мұнда сушы қызметін атқарады. Әрине, бұл іске диқан әулетінің отаналарымен қатар, ұл-қыздары, келіндерінің де тигізіп отырған көмектері орасан. «Баптай білсең, жер жомарт» деген рас-ау. Жерге маңдай термен қоса, мейірімін төгіп қарап жатқан Өтеновтер әулетінің өнімді тірлігі көпке үлгі. Еңбектің көшін бастаған осындай азаматтардың бастамасына, қажырлы еңбегіне жергілікті атқарушы билік тарапынан көмек-қолдау болса, қанекей?!

Нұржан МАНАСҰЛЫ, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар