ЖАРЫС ЖОЛЫНДА – ЖУРНАЛИСТЕР
Апта басында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай БАҚ өкілдерінің арасында Шерхан Мұртаза атындағы спартакиада ойындары өтті. Жарысқа БАҚ өкілдерімен қоса баспасөз хатшылары да қатысты.
Спартакиаданың ашылу салтанатына қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев бұл шара жергілікті журналистер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мен достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ ардагер журналист Қуаныш Иембердіұлы қалам иелеріне сәттілік тіледі.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері дойбы, үстел теннисі, эстафеталық жарыс, волейбол, арқан тарту мен қол күресі секілді спорттың 6 түрі бойынша додаға түсті. Турнир эстафеталық жүгіру сайысымен басталды. Қатысушылар жалпы ұзындығы 400 метрге жүгіріп, өзара мықтыны анықтады. Қорытындысында «Taraz 24» телеарнасы 1-орын, «Taraz Press» құрамасы 2-орынды еншілесе, «Jambyl-Taraz» командасы үздік үштікті түйіндеді.
Бұдан кейін үстел теннисінен сынға түскен ерлер арасында «Taraz Press» командасының мүшесі Диас Шаухаров топ жарса, «Jambyl-Taraz»-дық Сәкен Абжапаров 2-ші, «Salyq Tartibi» командасынан Нарбол Қашағанов 3-орынды олжалады. Ал әйелдер арасында «77 TV» телеарнасынан Аружан Адасхан, «Taraz 24» телеарнасынан Мархабат Көпбосынова және «Jambyl» телеарнасынан Эльвира Әмзеевалар жеңіс тұғырынан көрінді.
Журналистер зияткерлік ойын – дойбыдан да бақ сынасты. Бұл бәсекеде ерлер арасында «Aulieata-Media» командасының мүшесі Амангелді Әбіл 1-орынды иеленсе, «Taraz 24» телеарнасынан Нұрбол Қыстаубеков 2-ші, «Jambyl-Taraz» командасынан Саятхан Сатылғанов 3-орынға қол жеткізді. Ал әйелдер сапында «Jambyl-Taraz» командасының тағы бір мүшесі Ғалия Алиева оқ бойы оза шапса, «Salyq Tartibi»-нен Әсел Бөлекбаева 2-орын алды. Ал «Taraz Press»-тік Ақбота Батырбекова 3-орынға тұрақтады. Қол күресінен өткен тартыста ерлер арасында Айдос Әбілов («Salyq Tartibi») 1-орын, Сәкен Абжапаров («Jambyl-Taraz») 2-орын, Серік Тәжібаев («Taraz Press») 3-орынды иемденді. Ал нәзік жандылар арасында өткен қол күрестен газетіміздің корректоры Салтанат Нұрмаханова 3-орын тұғырынан көрінді. Арқан тартудан өткен айқаста «Jambyl TV» 1-орын алса, «Aulieata-Media» мен «Jambyl-Taraz» құрамалары 2 және 3-ші орындарға лайық екендерін көрсетті.
Жоғары дайындық пен командалық ұйымшылдықтың үлгісін көрсете білген журналистер бәсекенің көркін қыздырды. Тартысты өткен додада ең мықтылар топ жарды. Қатысқан 9 команданың ішінен «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы топ жарып, бірінші орын тұғырынан көрінді. Ал жүлделі екінші орын өңірдегі баспасөз хатшылары мен меншікті тілшілерден құралған «Тараз-Пресс» ұжымына бұйырды. «Тараз 24» арнасының ұжымы да жақсы ойын өрнегін көрсетіп, үшінші орынды қанжығалады.
Қағаз бен қаламын, компьютер алдындағы жұмысын бір күнге ысырған тілшілер бір сәтке болса да өздерін спортшы сезінгені рас. Ал бәсеке болса тартысты, өте қызықты өтті.
***
Таразда байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай БАҚ өкілдері арасында бильярдтан журналистика майталманы Мұса Рахманбердиевті еске алуға арналған дәстүрлі турнир өтті. Аймақ айнасы Жамбыл телеарнасының ұйытқы болуымен және Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен тастаяқ турниріне отызға жуық үміткер қатысты.
Шараның салтанатты ашылуын Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қанат Исмаил мен «Jambyl» телеарнасының бас редакторы Айбол Қараш ашып, Мұса Рахманбердиевтің журналистік қырына тоқталып, жарыста баақ сынаушыларға сәттілік тіледі. Аталған іс-шарада ардагер журналист Бекет Момынқұл, Жаңабай Миллионов, Қаржаубай Сыдықназар сынды қарымды қаламгерлер марқұм М.Рахманбердиев жайлы естеліктерімен бөлісті.
– М.Рахманбердиев атындағы турнир неге дәл бильярдтан өткізіледі деп көпшілік ойға қалуы мүмкін. Себебі белгілі, Мұса осы ойын түрінің нағыз шебері еді деп айтуға болады. Турнир алғаш ұйымдастырылған 2005 жылы мен телеарнада жүрген едім. БАҚ өкілдері мерекесі қарсаңында журналистердің көңілін серпілтетін дәстүрлі бір жарыс түрін ұйымдастырсақ деп ұсыныс тастадық. Сонымен ары ойлап, бері ойлап, осы Мұса Рахманбердиев атындағы бильярдттан турнирді өткізуге шешім қабылдадық, – дейді ардагер журналист Бекет Момынқұл.
Ойынды тиімді ұйымдастыру үшін жастар жағы мен аға буын өкілдері болып екіге бөлінді. Журналистер арасындағы ойын қызықты да тартысты өтті.
Турнир нәтижесіне сәйкес үшінші орынды Серік Тәжібаев иеленсе, екінші орын Бекет Момынқұлға бұйырды. Финалға дейін ешкімге дес бермеген «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған турнирде топ жарды. Сондай-ақ сайыста бақ сынаған Бақытжан Советұлы, Асқарбек Сейілхан, Құрманғазы Демешов ынталандыру сыйлығын иеленді. Жеңімпаздарға турнирдің арнайы кубогі мен бағалы сыйлықтар табысталды.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала
ҚЫРЫҚҚАБАТ ӨТКІЗУ ҚИЫНДАП ТҰР
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024