Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ардагерлердің де айтары бар

Ардагерлердің де айтары бар
ашық дереккөз
Ардагерлердің де айтары бар
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Әулиеата өңіріне жұмыс сапары барысында облыстық ардагерлер үйіне арнайы ат басын бұрып, аға буын өкілдерінің, зиялы қауымның пікірлеріне құлақ түрді. Жиында өңір өміріндегі өзгерістер мен өзекті мәселелер, ардагерлердің тыныс-тіршілігі мен қордаланған қоғамдық ой-пікірлер айтылып, ұсыныстар талқыланды. Мазмұнды басқосуды ашып беріп, жүргізіп отырған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ең алдымен өңірдегі аға буын өкілдерінің, зейнеткерлердің тіршілігімен таныстырып өтті. Айтуынша қазіргі таңда облыс аумағында 128 мың зейнеткер бар екен. Өз кезегінде бұл өңір халқының 11,5 пайызын құрайды. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны небары 23, ал тыл ардагерлерінің ең жасы қазір 85-тің сеңгіріне шыққан. Өз сөзінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Нұржанұлының еңбек жолын да тілге тиек етіп, өңір тумасының ең алдымен ардагерлер үйіне кіріп, қазыналы қарттардың қарашаңырағына арнайы келгеніне алғысын жеткізді. Ал Мемлекет басшысының кеңесшісі биылғы жылдың саяси реформаларға толы болғанын атап өтіп, ел өміріндегі маңызды оқиға – референдумға жамбылдықтардың сексен пайыздан астамы қатысып, олардың басым көпшілігі қолдау білдіргенін айрықша тілге тиек етті. Сонымен қатар ол қызмет бабымен қай жерде жүрсе де туған жерден бір сәт қол үзбегенін, өзі де шығармашылыққа жақын болғандықтан жамбылдық ақын-жазушылардың, қаламгерлердің шығармаларымен етене таныс екенін жеткізді. Белгілі қаламгер, жазушы, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы қазіргі таңда мұрағат ғимаратының ескіргенін, ол үшін Тараз қаласындағы 15-ші шағынаудан аумағынан 1,5 гектар жер сұрағанын және ол ұсыныс Бердібек Сапарбаевтың тұсында қолдау тапқанымен қазіргі таңда қиындықтар туындап отырғанын алға тартты. Сонымен қатар ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау мәселесін де орынды қаузап өтті. Ал белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан қазіргі таңда еліміздің идеологиясының ақсап тұрғанын, осы бағытқа басымдық берудің қажеттілігін жеткізді. Ардагер Әзімбек Тілешов көлік құралдарын техникалық бақылаудан өткізетін орындардың жекешеленіп кеткенін сын садағына алып, халықтың қаражаты мемлекетке емес, жеке азаматтардың қалтасына кетіп жатқанын мәселе етіп көтерді. Ал ардагер Күләш Назарбекова жергілікті емханаларда ардагерлерге медициналық қызмет түрлері тиісінше жасалмайтынын тілге тиек етті. Осы ретте ол облыс аумағындағы санаторийлердің барлығы жекеменшік болғандықтан ардагерлердің сауығуға қалтасы көтермейтінін, сондықтан зейнеткерлерге арналған арнайы пансионат қажет екенін айтты. Қазақстанның Құрметті журналисі Бекет Момынқұл әлеуметтік желіде ел ішіне іріткі салып, Абай мен Бауыржан Момышұлы секілді ұлт тұлғаларына негізсіз тіл тигізіп, жастардың санасын улап жүрген блогерсымақтарға заңмен шектеу қоюды талап етті. Ардагер Жұматай Жәкейұлы жастарды техникалық мамандықтарда білім алуға бағыттағанымызбен, олар оқу бітіргеннен кейін жұмыс істейтін кәсіпорын, өндірістің жоқтығынан білімді жастар екі қолға бір күрек іздеп өңірден сыртқа кетіп жатқанына қынжылыс білдірді. Ардагер Шәріп Дәулетбаев кәсіпкерлерге жарияланған мораторий мәселесін қозғады. Айтуынша мораторий болған күннің өзінде заңсыздықтарға жол беретін, тексерісті талап ететін кәсіпкерлік нысандарына бақылау қажет. Ардагер Билібай Мүсілімов жастарға тәрбиемен қатар саяси сауаттылық, құқықтық білім берудің маңыздылығына тоқталды. Басқосу барысында осы және басқа да өзекті мәселелер сөз болды. Мәлік Нұржанұлы әрбір мәселені жіті назарға алып, шешім жолдарын қарастырып, ел Президентіне жеткізуге уәде етті. Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов аймақтан шыққан атқамінер азаматқа ақ батасын берді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар