Қытайдағы «жұмбақ» вирус
Қазнет Қытайдағы балалар мен ересектердің жаппай ауруын қызу талқылап жатыр. Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі мен өкпедегі түйіндердің пайда болуы жатады. Оқырмандар мұндай вирустан сақтанып, пандемияның күні жақын ба деп алаңдауда. Бұл расымен де солай ма? Анықтап көрейік.
«Stopfake.kz»-тің мәліметінше, дүрбелеңге негіз жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қытай билігі бұл вирусты жедел респираторлық вирустық инфекциялардың маусымдық өршуі дейді.
ЖРВИ-дің өршуі туралы Солтүстік Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы 13 қарашада хабарлаған. Ең алғашқы болып балалар ауырып бастаған, өлім жағдайы тіркелмеген. Қытай дәрігерлері мұндай типтес аурулардың өршуін суық ауа райының басталуымен және микроплазмалық пневмония, тұмау, коронавирус сияқты патогондердің айналымымен байланыстырады. Негізінде барлығы 7 қоздырғыш бар.
Сондай-ақ мамандар коронавирустық инфекцияға байланысты шектеу шараларынан кейін иммундық қорғаныстың әлсіреуін ЖРВИ-мен ауырғандар санының артуының бірден-бір себебі дейді. Өйткені Қытай елінде коронавирус инфекциясы таралмас үшін қатаң карантин енгізілген болатын. Өзге де мемлекеттерде COVID-19-ға қарсы сақтық шараларынан бас тартқаннан кейін сырқаттанушылықтың өсуі тіркелген еді. Мысалы, Сингапур елінде өткен жылдың тамыз айы мен биыл ақпанда ЖРВИ күрт өсті. Америка Құрама Штаттарында да респираторлық аурулар әдеттегіден ертерек басталған еді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дүрбелеңді ескеріп, не болып жатқандығын түсіну үшін Қытай билігіне өтініш жасады. Осылай 23 қарашада телеконференция өтті. Жиында Қытай билігі қазан айында респираторлық ауруларды бақылау күшейгенін айтты. Жаппай тестілеуге байланысты көптеген жағдайлар анықталған. Вирустан зардап шеккендердің қатарында тек балалар ғана болған. Себебі олардың иммунитеті вирустық шабуылдарды көтере алмаған. Бұл жағдайда ерекше немесе жаңа патогендер табылған жоқ. Пекин мен Ляонинде аурулар белгілі қоздырғыштардан туындайды. Дерек бойынша, ауруханалар пациенттердің ағымын басқарып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытаймен саяхатқа немесе сауда-саттыққа шектеу қоюдың қажеті жоқ деп санайды.
Айта кету керек, Тайваньның ауруларды бақылау және алдын алу орталығының дерегінше, Шығыс күнтізбесі бойынша, аурудың шыңы Жаңа жылды тойлауға тура келеді деп күтілуде. Бұл келер жылдың ақпанында болмақ.
Осылайша Қытайда жұмбақ вирус пайда болды деп айтуға негіз жоқ. Демек, ешқандай мистика жоқ. Балалар мен ересектер тек ЖРВИ-мен ауырған.