Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тәуелсіздік түлеткен ауыл

Тәуелсіздік түлеткен ауыл
ашық дереккөз
Тәуелсіздік түлеткен ауыл
Қазақтың маңдайына біткен бақтың бірі – тәуелсіздік. Мұны азаттық үшін төгілген қан мен аққан тердің өтеуі деп ұғынғандықтан бабалар арманының ақиқатқа айналғанына куә болған бүгінгі ұрпақтың мақтанары да, құнттары да, қастер тұтары да тәуелсіздік болуы заңдылық. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қиындықты еңсеру оңайға түскен жоқ. Жоқтықтан жаны қажыған ауылдықтардың туып-өскен жеріндегі қызықты дәуренін жұртта қалдырып, қалаға қарай жөңкіле көшкен кезі әлі көз алдымызда. Урбанизациялық үрдіс орын алған ауылдық елді мекендердің уақыт өте келе қайта түлеріне бастапқыда ешкім сене қоймады. Себебі КСРО дәуірінде орын алған қаржылық дағдарыс зардабы тәуелсіздігімізбен бірге есіктен ентелей еніп, етектен алғанда ел қиындықты еңсеруге уақыт керек екенін екшеп жатпады. Бүгінде жаңарып, жасарып, заманның биік белесінен бой көрсеткен кез келген ауылды «Тәуелсіздік туындысы» деуге толық негіз бар. Осындай тәуелсіздік түлеткен ауылдардың бірі – Т.Рысқұлов ауданындағы Абай ауылы. Абай ауылдық округі аудан орталығынан бес-ақ шақырым қашықтықта жатқан елді мекен. Ауылдық округ құрамында қағаз жүзінде Еңбекші, Көкарық атты екі елді мекен болғанымен олар Абай ауылымен тұтас бірігіп кеткен. Тақырыбымызға осы ауылды арқау етуіміздің өзіндік себебі де бар. Өйткені тұрғындарының ынтымағы, бірлігі жарасқан алдыңғы қатардағы елді мекеннің бірі саналатын Абай ауылы 2020 жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында II орын иеленген еді. 2021 жылы республикалық «Үлгілі ауыл» байқауында топ жарып, еліміз бойынша үздік 30 ауыл қатарына енген болатын. Осы «Үлгілі ауылдан» академик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Темірбеков, «Мемлекеттік тілдерді дамыту» қорының президенті, филология ғылымының кандидаты Азат Шауеев, философия ғылымының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Нұрбол Жетібаев секілді марқасқалар шыққан. Бокстан жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының 4 дүркін чемпионы, Қазақстан Республикасының бокстан әйелдер арасында 75 келіге дейінгі салмақта үздік үштікте тұрған Дана Дидай, грек-рим күресінен Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында жүлделі III орын иеленген Ержет Жарылқасын да осы елді мекеннің тумасы. Ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбековтің айтуынша, ауылда тәуелсіздік жылдарынан бері сан түрлі нысандар ашылып, олар халық игілігі үшін ырғақты жұмыс істеп келеді. Мысалы, «Аликулов и К» наубайханасы мен асхана, кірпіш құю цехы 1992 жылдардан бері бар болса, «Көлбай» жанар-жағармай құю бекеті 1998 жылдан жұмыс істей бастаған. 2012 жылы «Тері, жүн қабылдау орны», 2014 жылы «Хантай Айзат» кафе, бильярд ойнайтын орны ашылыпты. Осындай нысандар қатарына биыл «Құлан профнастил» цехы, «Айсұңқар» кірпіш өндіру цехы қосылса, келер жылы макарон өнімдерін шығаратын цех іске қосылмақшы. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тұрғындар саны 1 500 болса, казір абайлықтардың саны 2 200-ге жетті. Сол кездері округте бар-жоғы бес шаруа қожалық, 12 жеке кәсіпкерлік болса, бүгінде 52 шаруа қожалық пен 185 жеке кәсіпкер жұмыс істеп жатыр. Негізінде Абай ауылдық округінде халыққа қызмет көрсететін 20 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істейді. Олардың үшеуі өнім өндіреді. Сонымен қатар 9 дүкен, 2 техника жөндеу орталығы, 2 май құю бекеті, 2 асхана бар. Газ құбыры бізге 2003 жылы тартылса, ауызсу жүйесі 2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы кіргізілді. Мұнда 390 түтін бар. Халық саны жыл санап өсуде. Адам санына қарай ауылдың ауқымын кеңейту көзделуде. Ауылдық округ бойынша осы жылдың өніміне 1 193 гектар күздік бидай орылып, орташа өнім 18,5 центнерден, жалпы 22070,5 тонна өнім алынды. 1 355 гектар жаздық арпа орылып, орташа өнім 18 центнер, жалпы өнім 24 390 теңге алынды. 2023 жылға 300 гектар егілген мақсары дақылы орылып, түсім 8 центнерден айналды. Ауылдағы 6 ірі шаруа қожалық өздерінің пай үлескерлеріне 120 тонна астық өнімін таратып берді. Ауылдық округте барлығы 115,9 тонна жоңышқа, 134 тонна сабан, 546,5 тонна жем қысқы мал азығы дайындалды. Ауылдық округ бойынша мүйізді ірі қара – 2 918, оның ішінде аналығы, яғни сиыр 1 845-ті құрайды. Уақ мал – 50 381, жылқы – 1 519, үй құсы саны – 3 429. Қазіргі кезде ауылда мал бордақылаумен айналысатын тұрғындар саны артып келеді. Бір ғана «Сүйін» шаруа қожалығы 4 мал бордақылау алаңында 100 мүйізді ірі қара, 90 жылқы, 200 ұсақ мал, барлығы 390 мал бордақылап жатыр. 30 жылқы қымыз дайындау үшін ұсталса, басқа мал бордақылау алаңдарында 50 өгіз, 30 жылқы, 110 ұсақ мал байланған. Барлық мал бордақылау алаңдары арқылы аптасына 6 тоннадан асатын ет дайындалады, – дейді Мұратбек Дәкенұлы. Негізінде округке «Ауыл аманаты» жобасы келуіне байланысты осы жылы мал саны екі есеге өскенін айта кетуіміз керек. Сүт өндірісі бойынша 1 865 тонна, 2 888 жұмыртқа, 2 790 тонна ет (тірі салмақта) өндірісіне қол жеткізілген. Аталған жоба аясында 164 жеке кәсіпкерлік ашылыпты. Ауылдық округтің техникалық жарақтандырылуы да ойдағыдай жүргізілуде. Ауылдық округтегі 25 трактор, 6 комбайн, 15 жүк көлігі, 15 тұқым сепкіш, 9 соқа, 10 тырма секілді ауылшаруашылық техникалары бар. Ауыл халқының тұрмыстық табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2 трактор, 2 соқа, 1 дән сепкіш, 1 тыңайтқыш себетін техника сатып алынған екен. – Кәсіпкер Шалқар Асанов басқаратын «Керең» шаруа қожалығының «Сүт тауарлы фермасын» құру жобасына 93 миллион теңгеге 140 «Сементал» тұқымдас құнажын сатып алып, тауарлы сүт фермасын құру үшін 263 миллион жеке инвестиция тартып, бүгінгі күні кешеннің құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалды. Нәтижесінде 6 адам тұрақты жұмыспен, 5 адам уақытша жұмыспен қамтылып отыр. Ауылішілік 7 көшенің барлығы 100 пайыз асфальтталған. Ауыл тұрғындарының ішінде 240 зейнеткер, 102 көпбалалы ана, оның ішінде 22 «Алтын алқа», 27 «Күміс алқа» иегері бар. Биыл 77 адам тұрақты жұмыспен, 5 өрен «Жастар тәжірибесімен», 22 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды. Тұрақты жұмыс орнын құру нәтижесі былтырғыға қарағанда биыл 118,5 пайызға орындалып тұр. Табысы кедейшілік шегіне жетпейтін 17 отбасының 106 адамына 6,4 миллион теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Абай шағын орталықты орта мектебінде 431 оқушы білім алып жатса, оларға 58 мұғалім дәріс береді. Ауылымыздағы дәрігерлік амбулаторияда 11 адам қызмет етеді. Жыл басынан бері 47 бала дүниеге келсе, 1-5 жасқа дейінгі балаларға және жаңа туған балаларға тегін дәрі-дәрмек тұрақты берілуде. Абай ауылында жастарға арналған 1 балалар мен жасөспірімдер денешынықтыру орталығы орналасқан. Осы спорт мекемесінде 1 жаттықтырушы жұмыс істейді. Спорт саласы бойынша әртүрлі үйірмелер бар. Жалпы ауылымыздың қазіргі көз тартар келбеті мен жеткен жетістігіне, тұрғындардың еңбекқорлығы мен мәдениетіне, түзу тұрмысы мен ауызбіршілікте күн кешуіне ауыл халқының өзі себепкер болып отыр. Тәуелсіздік жылдарынан бері Абай ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына, өркендеуіне осындағы және сырттағы жанашыр азаматтардың барлығы да үлес қосты деп айта аламын. Әсіресе ауылдан түлеп ұшқан танымал тұлғаларымыздың өнегелі өмір жолы, өрелі ісі – біз үшін мақтаныш. Біз қандай жетістікке ие болсақ та ол бейбітшіліктің, тәуелсіз еліміздің арқасы. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын! – дейді ауыл әкімі. Абай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғали Утепбаев ауылда озық ұлттық дәстүрлерді жаңғырту бойынша бірнеше жылдан бері жұмыстар жүйелі жүргізіліп келе жатқанын айтады. Жастарға берілетін ұлттық тәрбие, отбасылық тәрбие деген мәселелерге жасы үлкендер бейжай қарамайды. – Бізде әрбір мереке ауыл жастары үшін тәлім-тәрбиеге, өнегеге негізделіп ұйымдастырылады. Мысалы, жыл сайын ұлттық Наурыз мейрамы «Көрісу күнінен» басталып, осы ұлық мерекені ауыл болып өткізетін күнге дейін жалғасады. Осы уақытта тұрғындар тал-дарақ отырғызу, тазалау жұмыстарын атқарады. Ұлық мерекеде ауыл орталығына бірнеше киіз үй тігіліп, халыққа наурыз көже таратылады. Мерекелік іс-шара барысында алтыбақан тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылады. Жасы үлкендер халыққа бата, тілек арнап, ұлттық салт-дәстүрді ауылдағы мекемелермен көше тұрғындары кезектесіп сахнада көрсетеді. Ауыл өнерпаздары және концерт, сахналық қойылымдар ұсынылады. Ондай сахналық қойылымдар қатарында «Тұсаукесер», «Бесікке салу» секілді басқа да дәстүрлі рәсімдер көрініс табады. Ауылда «Сүйін» шаруашылығының ұйымдастыруымен жыл сайын «Қымызмұрындық» тұрақты түрде аталып өткізілсе, егін орағы аяқталғанда «Егін күнін» өткізу де дәстүрге айналған. Бұл тәуелсіз еліміздің жастары салт-дәстүрден, өзге де өнегелі істерден, еңбекқорлық пен адалдық, туралықтан алшақтамасын деген ниеттен туған іс. Ауыл – қашанда қазақтың алтын бесігі, ұлттың тозбас темірқазығы. Егер ауыл ахуалы жақсарып, әлеуметтік жайы тұрғындар үшін қолайлы болса, мұны жақсылықтың нышаны, берекенің бастауы, жемісті жұмыстың нәтижесі деуге әбден болады. Ауылымызды «Ынтымағы жарасқан ауыл» деп мақтанышпен айта аламыз. Себебі мұндағы жастар мен кәсіпкерлер жыл сайын тұрмысы төмен отбасыларға қаржылай көмектер көрсетіп келе жатса, оның ішінде 2021 жылы құны 50 миллион теңгені құрайтын «Әлеуметтік асхананың» құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Асханада ауыл тұрғындары тегін ас беру, Құран оқыту, құдайы тамақ тарату секілді тағы да басқа ас-жиындар өткізеді. Мен өз ауылымды әрқашан мақтан тұтамын, – деді қария. Мұнда ауылдық жердегі кадр тапшылығын жою мен ауылдықтарды жұмыспен қамтуға арналған әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыс істеп жатқан жастар жетерлік. Мәселен, бір ғана «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Әсел Есімбекова ағылшын тілі пәні мұғалімі, Қымбат Сайлауова орыс тілі пәні мұғалімі, Әсем Тәжібаева жалпы тәжірибелік дәрігер, Берік Амреев Абай ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы болып еңбек ету арқылы туған ауылдарының өркендеуіне үлес қосуда. – Мен тәуелсіздік жылдарында дүние есігін ашқанмын. Осы ауылда туып-өсіп, білім алдым. Мен де, менің ауылым да тәуелсіздікпен бірге бой түзеп келе жатыр десем, еш қателеспеймін. Еңбек жолымды Тараз қаласындағы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін аудандық жастар ресурстық орталығында жастар ісі жөніндегі инспектор болып бастадым. 2021 жылдың қараша айынан бастап ауылдық округтің жетекші маманы, 2022 жылдың наурыз айынан бастап бас маман болып жұмыс істеп келемін. Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет. Сондықтан да кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болу абзал екенін түсіндім. Халықтың сенімді өкілдері қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдік-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс екенін осы қызметтер баспалдағында жүріп бойыма сіңіре алдым. Менің мақсатым – туған ауылымның көркеюіне үлес қосу, – дейді Берік Үшкемпірұлы. Әрбір ауылды дамыту – мемлекет назарында. Абайлықтардың еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері заман ағымына ілесе алуы арқылы тәуір тұрмысқа қол жеткізуі, тұрғындардың ауызбіршілігі, табысты еңбегі өзгелерге үлгі боларлық-ақ.

Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com

Т.Рысқұлов ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар