Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шағын бизнеске – үлкен мүмкіндік

Шағын бизнеске –  үлкен мүмкіндік
ашық дереккөз
Шағын бизнеске – үлкен мүмкіндік
Тәуелсіздік жылдары кәсіпкерлік саласы қарқынды дамыды. Әсіресе соңғы отыз жылда кәсібінен нәсіп көргендер саны еселеп артты. Егемендік алғалы «саудада береке бар» деушілер ықылым заманнан бері жалғасқан сәтті сауданың, бүгінгі берекелі бизнестің көрігін қыздырды. Бұған мемлекетімізде ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге, түрлі бастамаларға тегін гранттар, қаржылай көмектер берілуі арқау болды. Осы күні кәсіпкерлер бұрын-соңды болмаған қолдауларды сезінуде. Өз ісін ашқандар мемлекеттен қаржылай қолдау алып, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы секілді мекемелер бизнес өкілдеріне жан-жақты көмек көрсетуде. Осылайша қазақстандық кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесі қорғалып, олардың өз ісін кеңейтуге барынша сара жол ашылды. Бұл сөзіміздің растығын өз ісін тәуелсіздік алған жылдары бастаған тараздық танымал кәсіпкер Сәуле Рысбаева да нақтылайды. – Егемендікпен тұспа-тұс келген кәсібім өзіме бақ пен береке әкелді. Тоқсаныншы жылдары қиын кезеңдер еді ғой. Қалай тәуелсіздік алдық, Аллаға шүкір, барша қазақстандық кәсіпкерлердің бағы жанды. Бұл ұлы тәуелсіздік маңдайымыздағы бақ-берекеміз іспетті. Өздеріңіз жақсы білесіздер, көне шаһарда тәуелсіздікпен қатар ісін дөңгелеткендер көп емес. Соның бірі – ісін мөр шығарудан бастаған мен едім. Содан бері егемен Қазақстанның талай белесті бағындырғанына куә болып, өзім қол жеткізген табысымның игілігін көріп келемін. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезі болатын. Мөр шығару деген маған таңсық еді. Бір нәрсені ойласам, тез арада жүзеге асырып тастауға тырысамын. Ойладым ба бітті, көкейімде «осы істі аяғына жеткізуім керек» деген ниет тұратын. Кәсіпорынға керекті мөр жасайтын құрылғыны Венгриядан сатып алып, кәдімгі жолаушылар тасымалдайтын пойызбен жеткіздім. Компаниямыз ашылғалы да 31 жыл уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында көп кедергілерден өттік. Сүрінген кездеріміз де аз болған жоқ. Бастапқыда тұтынушылардың қалаған нәрсесін жасап бере алмаған кездеріміз де болды. Халықтың өтініш айтуы, кейде ренжуі, қуануы, алғыс айтуы мені қанаттандырды, өсірді. Сондықтан бізді өсірген халық деп айтудан жалықпаймын, – дейді Сәуле Мақшанқызы. Расында, тәуелсіздік кәсіпкерліктің тынысын кеңейтті. Сол кезеңде ҚР Президентінің 1997 жылғы «Шағын кәсіпкерлікті дамытуды белсенділету және мемлекеттік қолдауды күшейту шаралары туралы» және 1998 жылғы «Жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне деген құқығын қорғау туралы» Жарлықтары кәсіпкерліктің дамуына жаңа күш берген еді. Осы Жарлыққа орай Қазақстанда шағын бизнесті дамыту жөніндегі алғашқы арнайы орган ретінде сауда және экономика министрлігінің құрамында шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі агенттік құру және оның жұмысын ұйымдастыру ұйғарылды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Индустрияландыру кезінде елде 1 300-ден астам жаңа өндіріс іске қосылды. Бұрын өндірілмеген көптеген тауар өндірісі жолға қойылды. 200 мың жұмыс орны құрылды. Біздің азаматтарымыз заман талабына сай жаңа мамандықтарды игеруде. Мұның барлығы халқымыздың бәсекеге қабілеттілігі мен әл-ауқатының артуына оң әсер етті. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыру», деген сөзі бар. 2020 жылы Тәуелсіздік күнінің қарсаңында «Дана-Дель» жеке кәсіпкерлігі «Алтын сапа» жүлдесін жеңіп алғаны есте. Олар бұл жүлдені «Халыққа тауар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша иеленді. Нарықта 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның жетекшісі Бақыткүл Тоқтыбаева: «Компанияның құрылу мақсаты – сапалы киімдер тігу. Бүгінгі күні бұл компания барлық заманауи талаптар мен стандарттарға сай келеді. Өндіріс ең заманауи қондырғылармен толық жабдықталған және кез келген күрделілікте және ең жоғары сапада өнім шығара алады. Сондықтан өнім Қазақстанда да, республикадан тыс жерлерде де үлкен сұранысқа ие, бұған өндіріс көлемінің өсуі, серіктестер мен тапсырыс берушілердің кері байланысы дәлел бола алады», дейді. Өткен күндерге бұрылып қарасақ, елімізде кәсіпкерлікке берері мол көптеген бағдарламалар жүзеге асырылыпты. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам», «Сыбаға» , «Құлан», «Ырыс», «Даму», «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламалары бойынша қаншама кәсіпкер өз ісін бастап, қайтарымды да, қайтарымсыз да қаражат алып, кәсібінен нәсіп көрді. Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы ретінде көрініс тапты. Әр өңірде «Жобалық басқару және цифрландыру» орталықтары, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы, жер-жерде кәсіпкерлік басқармалары мен туризм орталықтары ашылды. Қорыта айтсақ, мемлекеттен қолдау болып тұрған кезде кәсіпке келу қиындық тудырмайды. Жалпы кәсіпкерлікті дамыту үшін халыққа керекті ақпаратты жеткізіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырса, шағын және орта бизнестің жұлдызы жанатыны анық. Ол үшін кәсіпкерлікті құру мен дамытуға қанша несие керек, оны қайдан, қалай алу керек екенін білу қажет. Бұл туралы керек адам қажетті ақпаратқа ие болса, кәсіпкерлікке икемі бар адамдардың өзіне деген сенімі күшейіп, өз ойындағы жоспарларын біртіндеп жүзеге асыратыны белгілі. Демек, мемлекет осы жағдайды есепке алып, қарапайым халықты кәсіпкерлікке тартуда қоғам үшін пайдалы істің көбеюіне мақсатты түрде мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта да кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасала беретініне сенеміз! Эльмира БАЙНАЗАРОВА elmira231284@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар