Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарға жасампаздық жарасады

Жастарға жасампаздық жарасады
ашық дереккөз
Жастарға жасампаздық жарасады
Тәуелсіздік – біздің еркін, жасқанбай жақсы өмір сүруімізге берілген құқығымыз. Қазір біздің буын үшін барлығы бар. Біз қауіпсіз, үрейсіз өмір сүреміз. Жердің, ұлттың, мемлекеттің мәселесін батыр бабалар мен алдыңғы буын ағалар шешіп қойған. Ал біздің бас қатырып жүрген дүниеміз күнкөріс айналасындағы тым ұсақ дүниелер ғана. Ерінбей еңбектенгендер оның да ебін тауып жүр. Алайда осындай байлық пен тыныштық, ел мен жер бізге жайдан-жай беріле салды ма? Әрине, жоқ. Бұл – аманат. Ал аманатқа қиянат жасуға болмайды. «Қарны тойса, қалғып кететін ұрпақ» болуға тіпті қақымыз жоқ. Сондықтан тәуелсіздіктің ғұмыры мәңгілік болу үшін оның жауапкершілігін де сезінуіміз керек. Тәуелсіздік бабалар арманы, ол қазақтың маңдайына жазылған бақ екені онсыз да айтылып жүр. Сондықтан бір мезет «Тәуелсіздік қазаққа, жастарға не берді?» деген сұраққа жауап іздесек, ол да артық болмайды. Тәуелсіздік құндылықтары жастарға, ең алдымен, ой, рух, сөз еркіндігі сияқты зор мүмкіндіктер берді. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, жастардың бүгінгі жетістіктері, жастарға арналған жобалардың жүзеге асырылуы, ел үмітіне айналған өрендерге беріліп жатқан түрлі мүмкіндіктің бәрі де – тәуелсіздіктің жемісі. Басқарма басшысының айтуынша, жыл ішінде жастарға арналған бірқатар игі жоба қолға алынып, іске асырылған. – Биылғы жыл елімізде ерекше бастамалар мен тың өзгерістерден басталды. Өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард 985 миллион теңге қаржы қарастырылды. Ол өткен жылмен салыстырғанда 801,1 миллион теңгеге артқан. Осы жылы Тараз, Шу қалалары мен аудандық жастар ресурстық орталықтары 10 370 іс-шара өткізіп, ол бойынша 290 769 жас қамтылды. Сонымен қатар жұмыспен қамту мекемелерінің ықпалымен 28 244 өрен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,2 пайызды (8 066 жас) құрады. Тәуелсіздік жылдарындағы байыпты бастаманың бірі – «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы. Өткен жылдан бастап республика көлемінде біздің өңір екінші болып, пилоттық жоба негізінде облыс жастарына арналған аталмыш бағдарлама сәтті жүзеге асуда. Өткен жылы бағдарламаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 миллион теңге бөлініп, 41 жас баспанамен қамтылған болатын. Биыл баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы 2 миллиард теңге қаражат бөлініп, жобамен 130-дан астам жасты баспанамен қамту жайын жоспарладық. Бүгінгі күнде 110 жас тұрғын үй алып, қоныстой тойлауда, – дейді Жомарт Дүйсенұлы. Егемен еліміздің облыс жастарына берген мүмкіндіктері мұнымен толастамайды. Жыл соңына таман аталған басқарма тарапынан өңірдегі 14 пен 35 жас аралығындағы үздік жастар арасында облыс әкімінің «Әулиеата үміті» жастар сыйлығы табысталатын болады. Сонымен қатар белсенді, шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыру, жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын қолдау мақсатында 500 мың теңгеден жалпы сомасы 7,5 миллион теңгені құрайтын «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыстау жоспарланыпты. Грант 15 номинация бойынша тағайындалған. Тәуелсіздік ұрпақтары үшін және бір мүмкіндік, биылдан бастап жастар арасында кәсіпкерлік және стартап идеяларды, мемлекеттік қолдау тетіктерін ақпараттық қолдауға бағытталған «Jas-JOBALIKE» жобасы іске қосылған. Жоба барысында облыстың әр өңіріндегі жас кәсіпкерлер мен стартаперлердің кәсібін телевизиялық бағдарлама және «YouTube» арнасы арқылы насихаттауға бағытталған «Start Project» жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ жетістікке жеткен түрлі саланың мамандарымен, жас жеке кәсіпкерлермен сұхбаттар, подкасттар түсіру, ақыл-кеңестерін жастарға жеткізу мақсатында «Jas Motive» жобасы жүзеге асырылуда. Егемен еліміздің жетістіктерін айшықтап көрсету, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында облыс жастары тарапынан бірқатар үлкен іс-шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, «12 тамыз – Халықаралық жастар күніне» орай Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта ашық аспан астында облыстық «Жазғы кубок-2023» жайдарман ойыны, 55 іс-шарадан тұратын жастар апталығы, 200-ден аса жастың қатысуымен 15 сәуір – Ғашықтар күніне арналған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты мерекелік концерттік бағдарламасы ұйымдастырылған. Сондай-ақ «ПРОФИ-2023» облыстық кәсіби жастар байқауы, «Жастар ресурстық орталықтары» мамандарын оқыту, «Жас мемлекеттік қызметшілер форумы», «Жыр жауһары» атты облыстық жас ақындар арасында поэтикалық дуэлі өткізілген. Мұнымен бірге «Open AIR» ашық аспан астындағы дебат ойындары, «JASSAQ» этно-реалити телевизиялық жобасы, «Әуенді battle» жас эстрадалық әншілер арасында облыстық байқауы, әртүрлі санаттағы жастардың оқыту лагері, «Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері» тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Тәуелсіздіктің жемісін, игіліктерін ауыз толтыра айтқанымызбен сан ғасыр отаршылдықтың шырмауында тұншығып, тілі мен дінінен айырылып қала жаздаған халықты «тәуелсізбіз, азатпыз» деген сөздің алғашқыда абдыратып тастағанын жасыру артық болар. Ардагер журналист, ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, талай жыл мемлекеттік қызметте еңбек еткен Жаңабай Миллионовтың бұл жайында айтар өз ойы бар. – Тәуелсіздіктің 32 жылында елімізді дүниежүзі танып, саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани жетістіктерге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы әлем таныған тәуелсіз мемлекетке айналды. Тәуелсіздік – біздің мәңгілік рухани құндылығымыз, халқымыздың бағы мен бақыты. Әсіресе ел атанған алғашқы күннен бастап білім, ғылым саласын әлемдік өркениет талаптарына сай сапалық жағынан жақсарту мақсатын қойды. Бүгінде осы талап биігінен көрініп, елімізде білім, ғылым салалары айрықша даму жолына түсті. Күні бүгінгідей есімізде, бұрын, яғни егемендікке қол жеткізбей тұрғанда ел тұрғындарына, әсіресе жастарға қазіргідей мол мүмкіндіктер беріле бермейтін. Ол заманда жоғары оқу орнына түсу деген мұң болатын. Қазір жастарымыз шетел асып, білімін жетілдіріп жүр. Тағы бір айта кетерлігі, бұрын орыстандыру саясатының құрбаны болып келген Кеңес одағы құрамындағы өзге ұлт өкілдерінің ортақ тілді білмейтіндерінің болашағы бұлыңғыр болатын. Егемендігімізді алғаннан кейін жылдар бойы еуроцентризмнің жетегінде «бас еркінен» айырылған ғалымдар мен зиялы қауымның өкілдері естерін жинай бастады. Қазақ тілінің тынысы ашылды, шала қазақ – тілі таза қазаққа айнала бастады. Мәдениетіміз бен тарихымызға қатысты атқаратын жұмыстар әлі көп. Дегенмен аралас мектептердің азайып, қазақ мектептерінің көбеюі өркениеттілікке жетуге, кәсіби сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға қызмет етеді деген үміттеміз. Осы егемендігіміздің қадірін біліп, жастарды тәуелсіздікті бағалауға тәрбиелей білу керек, – дейді Ж.Миллионов. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз! Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар