Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Табиғат тосын мінез танытып тұр

Табиғат тосын мінез танытып тұр
ашық дереккөз
Табиғат тосын мінез танытып тұр
Биылғы қыстың суығы ел тұрғындарын қыспаққа алып, әбігерге түсірді. Еліміздің солтүстігі ғана емес оңтүстігінде де ұйытқып боран соғып, аяз күшіне мінген. Ауа райының жайсыз болуы жолдағыларға, алыс сапарға аттанған жолаушыларға қиындық тудырады.  Өңірімізде ауа райының күрт нашарлауына байланысты 12 желтоқсаннан бастап кезең-кезеңімен республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолдар жабылды. Артынша 13 желтоқсаннан бастап жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша арнайы құрылған өңірлік жедел штаб жұмыс істеуде. Бұл жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров өңірлік коммуникциялар қызметінің алаңында «Жамбыл облысындағы құтқару жұмыстарының нәтижесі және жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай бойынша» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында хабарлады. Нұржан Сәбитұлының айтуынша, бүгінгі таңда құтқару жұмыстарының нәтижесінде 5 мыңға жуық адам құтқарылды. Қаза тапқандар туралы ақпарат тіркелген жоқ. -Соңғы екі сағаттың ішінде құтқарушылардың күшімен 100-ден астам адам, 48 жеңіл автокөлік эвакуацияланды. Құтқару жұмыстары жалғасуда. Ол үшін 171 адам және 76 бірлік техника жұмылдырылды. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылған. Төтенше жағдайлар министрлігі облыстық департаменті жанынан жедел көмек желісі іске қосылды. Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылды. «Жамбыл электр желілері» ЖШС электр желілерін қалпына келтіру үшін 23 авариялық-құтқару жасағы мен 27 арнайы техника жұмыс істеуде. Газ құбырлары бойынша апаттар тіркелген жоқ, штаттық режимде жұмыс істеуде. Спикердің сөзінше облыстағы басқа елді мекендердегі жағдай тұрақты. «Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, алдағы күндері желдің секундына 30 метрге дейін ұйытқуы жалғасады деп күтілуде. Тұрғындардан жолдардың жабылуына қатысты ескертулерді мұқият сақтауды және қолайсыз ауа райы кезінде жолға шықпауларын сұранамыз. Өкінішке орай бүгінде жүргізушілер арасында жолдағы блок-бекеттерді айналып өтуге тырысқан жағдайлар анықталып жатыр. Соның салдарынан олар өздерін және құтқарушылардың да өмірін қатерге тігуде, – деді Н.Календеров. Баспасөз конференциясында облыс әкімінің бірінші орынбасары тұрғындарды тек ресми ақпараттарға сенуге шақырды.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар