Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоршаған ортаны қорғау – қоғам мүддесі

Қоршаған ортаны қорғау – қоғам мүддесі
ашық дереккөз
Қоршаған ортаны қорғау – қоғам мүддесі
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті оныншы сессиясы өтті. Облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізген жиынның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Оның ішінде 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасы бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның есебі тыңдалды. С.Абдралиеваның айтуынша, 2024 жылға бюджет 578 миллиард теңге сомасында жоспарланыпты. Бұл осы жылға жоспарланған қаржыдан 22,1 миллиард теңгеге артық. Келесі кезекте облыста қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев есеп берді. Ол аймақта тұрмыстық қалдықтар мен стихиялық қоқыстарды жинау мәселесі маңызды екенін атай отырып, өңірде барлығы 163 полигон және қоқыс төгуге арналған үйінділер бар екенін тілге тиек етті. Оның бесеуі жекеменшікте болса, 158-і коммуналдық меншікте екен. Полигондардың барлығының қоршаған ортаға арналған эмиссияға рұқсаты рәсімделген, санитариялық талаптарға сай көрінеді. Қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау қызметтерімен айналысатын 41 мекеме жұмыс істеп жатса, олар 191 арнайы техникамен қамтылған, 792 контейнерлік алаң 5 460 контейнермен жабдықталыпты. Олжас Елебекұлы қоршаған ортаға зиянын тигізетін заңсыздықтарға қатысты да атқарылған жұмыс ретін сөз етті. Мәселен, осы жылдың 1 мамырынан бастап Тараз қаласында ірі габаритті қалдықтар шығарындыларын азайту бойынша рейдтік жұмыстар жүргізіліп, құрылыс қалдықтарын көше бойына тастаған 1 185 дерек анықталыпты. 1 153 жеке тұлғаға ескерту берілсе, 32-сіне айыппұл салынған. Құрылыс қалдықтарын орналастыру және инфрақұрылымды дамыту бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қолданыстағы полигондарда ауданы 50 шаршы метр жер учаскесін бөлу, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу, қоршау жүргізу және ұсақтау қондырғыларын орнату ұсынылыпты. Нақ осы мәселе жөнінде облыс бойынша экология департаментінің басшысы Арсен Латыпов та хабарлама жасады. Аталған департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі 11 айдың ішінде жоспардан тыс 14 тексеру жүргізіпті. Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтардың 10 фактісі анықталып, 8 нұсқама берілген екен. Заңды және жеке тұлғалардан келіп түскен өтініштер мен мемлекеттік органдар және прокуратура материалдары бойынша 102 әкімшілік іс қозғалған. Оның ішінде 3 ескерту, 5 бұзушылық хаттамасы шаралар қабылдау үшін сот органдарына жіберілген. Жыл басынан бері барлығы 94 әкімшілік айыппұл салынып, айыппұл сомасы 46 миллион теңгеден асқан. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар аумағын көгалдандыру, «Қазфосфат» ЖШС-ның фосфогипс қалдықтарын өңдеу, қоғамдық көліктерді газдандыру, тағы да басқа бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар жайына тоқталды. Сонымен қатар басқосуда облыстық мәслихаттың агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының атқарған жұмыстары туралы осы комиссияның төрағасы Бегалы Ералиев хабарлама жасады. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты Серік Қойбақов экология саласындағы бірқатар кемшілікті атай отырып, оның шешілу жолдары бойынша ұсыныс жасады. Жиын барысында инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағдарланған өңірлік кеңес құрамын бекіту, облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының құрамын бекіту секілді мәселелер қаралып, ол бойынша тиісті шешім қабылданды. Жалпы аталған сессия барысында әрбір баяндамашыға депутаттар сұрақтар қойып, оның кейбірі бойынша аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы жауап берді. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар