Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғам сақшыларына құрмет

Қоғам сақшыларына құрмет
ашық дереккөз
Қоғам сақшыларына құрмет
Ел тыныштығы мен азаматтардың құқығын қорғауда қазақ полициясының орны бөлек, тұғыры биік. Биыл қазақ полициясының құрылғанына – 30 жыл. Құқық қорғау органында қызмет ететін қаншама қызметкер күні бүгінге дейін халық ықыласына бөленіп, ризашылығын алып жүр. Тіпті қызмет жолында «халқым үшін жан пида» деп, басын қауіп пен қатерге тіккендері де аз емес. Оның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында Халық Қаһарманы атағын алған жалғыз полицей Ғазиз Байтасовтың ерлігі көпке үлгі, мәңгі өшпес өнеге. Сондай-ақ тәуелсіздік алған жылдары облыстық полиция департаментінің 37 қызметкері мемлекеттік марапаттарға ие болып, 23-і «Ерлігі үшін» медалімен, 13-і «Айбын» орденімен наградталған болатын. Мерекеге орай Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына жиналған қауым Ғ.Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Халық Қаһарманын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң облыстық полиция департаментінің саптық алаңында сала қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиналыс өтті. Аталған іс-шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков, құқық қорғау және сот органдарының, ҰҚКД бастықтары, қоғам белсенділері, ішкі істер органдары ардагерлері, полиция департаментінің басшылық және жеке құрамы, сондай-ақ қаза болған қызметкерлердің отбасы мүшелері қатысты. Мерекелік жиын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың құттықтау жеделхаттарын оқумен басталды. Алғашқы құттықтау сөзді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры А.Баймурзин сөйлеп, полиция қызметкерлерінің облыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлестерін ерекше атап өтті. – Ел аумағы тұтастығы мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіздерге жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Бұл міндетті абыроймен атқарып, тәуелсіздік тұғырын биіктетуге сүбелі үлес қосып жүрсіздер. Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың және өзге де қызметкерлердің жауапты сәтте өз ісіне адал болғаны, жанқиярлық ерліктері ел есінде қалатыны сөзсіз, – деді облыс әкімі. Айта кету керек, аймақ басшысы полиция қызметкерлері жұмыста ең жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге, халыққа адал қызмет етуге тырысуы керек екендігін де айтып, қызметке деген адалдығы үшін алғысын білдірді. Салтанатты рәсім барысында мінсіз қызметімен көзге түскен қызметкерлер Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ Жамбыл облыстық мәслихаты­ның хатшысы Махметғали Сарыбеков те құттықтау сөз сөйледі. Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин тәуелсіздік жылдары құқық қорғау органдарының жүйесінде оң өзгерістер орын алғанын атап өтті. Ол азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аянбай қызмет етіп, өз міндетін абыроймен атқаруға тырысатынын айтты. Мерейтойға орай, 23 қызметкер ҚР Ішкі істер министрінің, 400-ден астам қызметкер облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен «ҚР полициясына 30 жыл» медалімен, «Құрмет» орденімен, грамота мен Алғыс хаттармен марапатталды. Айта кету керек, облыстық ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер ұйымының президиумының шешімімен қайтыс болған полицейлердің әйелдері «Ана шапағаты» орденімен марапатталды. Жиын барысында полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері қоян-қолтық ұрыс элементтерін, жауынгерлік самбо тәсілдерін және суық қарудан сақтану және шабуылға тойтарыс беру тәсілдерін көрсетті. Келесі кезекте департаменттің кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор кинологы өзінің қызметтік итімен есірткі заттарын табу және шартты қылмыскерді ұстаудағы шеберліктерімен бөлісті. Және іс-шараның басты оқиғасы ретінде сарбаз тісімен полицей көлігін сүйреп шықты. Жиын соңы «Баласағұн» орталық концерт залында полиция қызметкерлерінің құрметіне арналған мерекелік концертке ұласты.

Аяулым ЖАМАНҚАРА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар