Цифрландыру ісі қарқынды
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қауіпсіздік саласын цифрландыру» атты облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Брифингте облыста қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейінгі цифрлық технологиялар саласында атқарылған 9 бағыт бойынша есеп берілді. Атап айтар болсақ, Жамбыл облысының өңірлік геоақпараттық жүйесі, «IQALA» жобасы, «Әулиеата жастары» бағдарламасы, «АТА-АНА БАҚЫЛАУЫ» мобильді қосымшасы, Тараз қаласындағы ақылды аялдамалар, Жамбыл облысындағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету, IT саласы бойынша жаңа жұмыс орындарын құру, «Jambyl-109» бірыңғай диспетчерлік қызметі, Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығы туралы кең көлемде айтылды.
– Өңірлік геоақпараттар жүйесі облыс бойынша қарқынды дамуда. Бүгінгі күні орталық мемлекеттік органдардың бағалауына сәйкес аталған жүйенің дайындығы 100 пайызды құрайды. Онда e-jambyl.kz домендік атауымен платформа қалыптастырылып, жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық гис-қабаттар енгізілді, яғни тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160 және электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректер әзірленді. Атап өту керек, жүйеге 14 мемлекеттік қызмет те енгізілген. Әрбір қолданушыға тиімді етіп ұйымдастырылған бұл портал арқылы бос жер учаскелер сипаттамаларын біле алады, – деп мәлімдеді спикер.
Білім беру саласында да цифрлық оңтайландыру байқалады. «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасы іске қосылып, Тараз қаласындағы 10 мектепке енгізілді. Бұл жобаның артықшылығы да көп. Мәселен, білім нысанына бөгде адамдардың кіруін шектеу, фото және бейнебекіту, мобильді қосымша арқылы ата-аналарды хабардар етуге болады. Сондай-ақ ата-аналардың баланың қозғалысы туралы есеп алуы, баланың дұрыс тамақтануын бақылау, құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, нашақорлықтың, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу секілді іс-әрекеттер осы жоба арқылы жүзеге асуда.
Облыс пен қала тұрғындарының өмір сүруін қолайлы ету үшін де ақылды аялдамалар және электронды билеттер жүйесі енгізілгені бәрімізге мәлім. Тараз қаласының аялдамаларында 10 жарықдиодты сандық табло орнатылған.
– Жамбыл облысында барлығы 371 елді мекен бар десек, оның 4-еуі қала санатына жатады. Оның ішінде талшықты оптикалық байланыс желісімен 183 ауылдық аймақ қамтылған. 86-сы 4G жоғары жылдамдықты мобильді интернетке қол жеткізіп үлгерді. 276 елді мекен жылдамдығы төмен 3G/2G интернет желісін қанағат тұтып отыр. 11 ауылда мүлде интернет жоқ. Оның 2-еуі Шу ауданында болса, 7-еуі Сарысуда, Меркі ауданында – 2, Мойынқұмда 1 ауыл ғаламторсыз күн кешуде, – дейді Руслан Москауұлы.
Биыл сәуір айында аталған басқарма жұмыс тобын құрып, байланыс саласына мониторинг жасапты. Онда Жуалы, Талас, Мойынқұм және Сарысу аудандарына зерделеу жүмыстары жүргізілген екен.
– Зерделеу барысында облыс бойынша 30 ауылда байланыс қызметтерінің сапасы бақыланды. Нәтижесінде «Kcell» АҚ операторының мобильді байланыс сапасының көрсеткіштерін талдау барысында 9 ауылда нормаланған параметрдің бұзылуы тіркелді. Ал «КаР-Тел» ЖШС операторы мобильді байланыс сапасының көрсеткіштерін талдау кезінде 10 елді мекенде нормаланған параметр бұзылғаны анықталды. «Мобайл Телекком-Сервис» Теле 2/Аltel ЖШС операторы да 9 ауылда осындай кемшілікке жол берген, – деді аталған басқарма басшысы.
Руслан Ноқрабеков «Jambyl-109» қызметі бүгінгі таңда 300-ден аса мекемемен келісімге отырғандығын атап өтті. Тұрғындар «Jambyl 109» қызметіне өтінішті облыстың кез келген нүктесінен қалдыра алады. Жыл басынан бері облыс тұрғындарынан «Jambyl-109» қызметіне 8 104 өтініштер түсіп үлгерген, оның ішінде 17 666 өтініш толық қанағаттандырылған. Оң шешіммен өңделген өтініштер 98 пайызды құраған.
Аяулым ЖАМАНҚАРА
Келесі мақала