ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫН ӨСІРУГЕ ТЫҢ СЕРПІН
Жуырда Меркі қант зауыты өкілдерінің ұйымдастыруымен және аудан әкімдігінің қолдауымен Төле би ауылындағы №10 Шу колледжінде «Агроұстаз» жобасы аясында аудан фермерлері үшін қант қызылшасын өсіру мен одан табыс табуға қатысты оқыту семинары басталды.
Тәтті түбірден көл-көсір табыс табудың жолын үйрететін семинарға аудандағы қант қызылшасын егуге ниетті шаруалар, халық қалаулылары, ауыл әкімдері және көрші ауданның шаруа қожалық иелері қатысты. Айта кететін жайт, оқыту семинары 4 ай және тегін жүргізіледі. Мұның маңыздылығы неде? Семинар барысында алған білім сіздің табысыңызды арттырып қана қоймай, озық фермерлер қауымдастығының мүшесі болуыңызға мүмкіндік береді. Тренингтен өткеннен кейін сіз басқа фермерлерге тәлімгер болсаңыз, жеңілдіктер мен субсидиялар аласыз. Жеңілдіктерді иеленумен қатар, өз қауымдастығыңызда көшбасшы бола отырып, зауыттармен және жеткізушілермен тікелей жұмыс істеуге жағдай жасалады. Әрқашан жаңа өзгерістер мен мемлекеттік бағдарламалардан хабардар боласыз. Сондай-ақ тұрақты әрі белсенді қатысушыларға сыйлықтар мен жеңілдіктер қарастырылған.
Жалпы семинардың мақсаты – ауылшаруашылық өнімдерінің сырттан жеткізілуін тежеп, отандық өнімді дамыту, Меркі қант зауыты мен аудандар арасындағы байланысты нығайта отырып, жаңа технологиямен жұмыс жүргізу, жергілікті шаруаларға қолдау көрсету, шаруаларды қант қызылшасын өсіруге бағыттай отырып, ауданымызда қант қызылшасы зауытының ашылуына негіз болу, өңіріміздегі қант зауытына қатысты басталған істің аяқсыз қалмауына ықпал ету. Осы мақсаттың жүзеге асуы үшін жергілікті шаруалардың да ынта танытып, жаңа бастамаға белсене кірісіп, қолдау көрсетуінің маңызы зор. Ең маңыздысы – тұрғындар тәтті түбірдің стратегиялық маңызға ие шикізат екенін және бұл өнімге сұраныстың жоғары екенін білуі қажет.
Семинар барысында білікті мамандар қант қызылшасын өсірудің түрлі әдіс-тәсілдері туралы жан-жақты түсіндіріп, одан табыс табудың тиімді жолдарын атап өтті және қатысушылардың бірқатар сұрағына жауап берді. Сондай-ақ шаруалар семинарға қатысқан Меркі қант зауытының директоры Нұржан Қарғабаевқа Шу қаласынан қызылша қабылдау пунктін ашу туралы ұсыныстарын да жеткізді. Бұл ойды аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетпаев та қолдап, мұның шаруалардың қызылша егуге деген ынтасын арттыратынын атап өтті. Сонымен қатар 15 жылдан астам уақыт қызылша өсірумен айналысып келе жатқан, бір гектардан 130 тонна өнім алып отырған Меркі ауданынан келген шаруа қожалық иесі Владимир Бондаренко өзінің қызылша өсірудегі тәжірибесімен бөлісіп, суғару әдісі, тыңайтқыштарды дұрыс пайдаланудың, арамшөптен арылудың жолдары жайлы жан-жақты баяндады.
Ал жергілікті шаруалар «қант қызылшасын егу жұмыстарын нақты қай уақытта бастаған жөн, дәннің суыққа төзімділігі қанша градусқа дейін белгіленеді, алқаптағы қамыстың шашағын шашпай тұрып, гербицид арқылы қалай жолын кесуге болады, дәннің қандай сұрпын қолданған тиімді?» деген сынды көкейлеріндегі көптеген сұрақтарын қойып, мардымды жауаптар алды.
Семинар соңында қатысушылар ауылшаруашылығына қатысты маңызды сұрақтар қамтылған сауалнама толтырды.
Динара БАТЫРХАИРОВА,
журналист,
Шу ауданы
Келесі мақала