Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚЫСТЫҢ ҚЫЗЫҒЫ АЛДА

ҚЫСТЫҢ ҚЫЗЫҒЫ АЛДА
ашық дереккөз
ҚЫСТЫҢ ҚЫЗЫҒЫ АЛДА
«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай», деп Абай атамыз жырлағандай, биыл «Қараша қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» дейтіндей емес, бұл екі айда жайлы болып басталды. Қазақ дәл қазіргі уақытты «Қырбастың қызылы» деп атайды. Атаса атағандай, желтоқсанның басы шуақты болып келгенімен жуық уақытта қаһарына мініп, аязын көрсетуге әзір тұр. Бұл алғашқы аяз болғандықтан да қазақ осылай атаған. Әне-міне дегенше «Текенің бұрқағы» деп атаған уақытқа да жетіп қалдық. Ежелгі қазақ есепшілерінің нанымына сенсек, желтоқсанның аяғында болатын бұрқасын аязды «Текенің бұрқағы» деп атаған. Мұның бәрі де көшпенді қазақ мәдениетінің бір бөлігі. Біздің бабалар ешқандай аспап жоқ кезде, ғылым мен техника дамымай тұрғанда, телескоп жоқ кезде температураны болжап, теледидар жоқ кезде тербелісті бақылай алған данышпан болғаны да осыдан болса керек. Өйткені қашаннан да табиғатпен етене болып өскен халқымыз «Қыс айларында көкжиек ашық болып, қызыл шапақ шашса – ауа райы жылы болатындығының белгісі, ал күн көзі бұлттанып батса – қар жауады» деп білген. Тіпті аспанға қарап ауа райын болжаған аталарымыз кейде «Күн қораланса – күрегіңді сайла, ай қораланса – аяғыңды сайла» деп жатады. Онысы күннің қоралануы қардың қалың болуына, ал айдың қоралануы қыстың қатты болуына байланысты дегені. Сол сияқты күн құлақтанып шығатын болса, боран немесе аяз болады. Күн құлақтанып батса, ауа райы жылынуға бет алғаны деп білетін болған. Ал кейде айдың да тууына байланысты түрлі болжамдар жасап отырған. Мысалы, жаңа ай шалқалап туса, ол айда ауа райы малға жайсыз болады, егер жаңа ай тік туса, ауа райы малға жайлы болады дегені сөзімізге дәлел. Сондай-ақ қазақтың есепшілерінің бақылауы бойынша, маусым айының бірінен бастап Үркер көкжиектен көтерілмейді. Яғни көзге көрінбей кеткен Үркер жұлдызы шілде айының он жаңасында көрінеді. Міне, осылайша 21 шілде Үркер айдың қасынан көрінеді. Оны қазақ «Тоғыс» деп атайды. «Тоғыс» бір жылда он рет қайталанады. Мұндай кезде қазақ халқы Үркер мен Ай бір-бірінен алыс болса, оны «бұл екеуі бір-бірімен қырбай болған екен, қырсық мал мен жанға тимесе» деп ырымдаған. Егер Үркер мен Ай жақын орналасса, «міне, екеуінің жайы жарасып тұрғанын қарашы, мал мен жанның жағдайы жаман болмас» деп қуанатын болған. Әрине, бұл «Тоғысқа» қарап толғанған қазақтың ішкі есебі. Былайғы халық қыс айларында бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райының бұзылайын дегені. Ал бұлт шетінен кетілсе, ауа райы оңалуға бет алғаны. Егер бұлт жерге қарай көшсе, кешікпей қар жауады деп есептесе, көкжиектен будақ бұлт өркештене көтеріліп, көрінбей кетсе, қатты жел тұрып, қақаған аяз болады деп санаған. Сол сияқты түстіктен ұзақ соққан жел бағытын өзгертіп, шығыстан соғар болса, ауа райы жақсарады. Жел бағытын өзгертіп, батыстан соқса, ауа райы бұзылады деп болжаған. Сонымен қатар жаз құйынды болса, қыс аязды болады. Егер қазан айында күн күркіресе, қыс қамшы сабындай келте болады. Жаз найзағайлы болса, қыста малға жайлы болады. Егер қыс айларында түйе ернін жыбырлатса, жылқы жұтынар болса, онда көктем кешікпей, ерте келеді деп сенген. Ал жайылымнан келген жылқы оқыранып жататын болса, боран соғады, қой тұяғымен төсін қасыса, қар қалың түседі деген сияқты да болжамдар жасаған. Бұл болжамдар көбіне айтса айтқандай келіп отырған. Әрі үй маңындағы қурайдың да шығарған үніне қарай қаншалықты боран соғатынын білген қазақ үй маңындағы тікендер мен алабота сабақтары төмен қарай иілсе, онда күн суытады деп қамданған. Сонымен қатар қазақ күннің жылынуы мен суытуын ғана болжап қоймаған. Қайта бір мезгілдің құбылуына қарай ат қойып, тіпті соққан боран мен жауған жаңбыр, қардың да қандай бағытта жауатынын зерттеп, олардың да өзіне тән атауын беріп отырған. Мысалы, ғылым тілінде зерттеуші ғалымдар қар қиыршықтануының өзін жұлдызды қиыршықтар, ине тәрізді қиыршықтар, таяқшалар тәрізді қиыршықтар, кебіс үлгісіндегі қиыршықтар, кеңестік сызық үлгідегі қиыршықтар, шашақты таяқша қиыршықтар, сан қырлы қиыршықтар деген жеті түрге бөліп қарастырған. Ал қазақ ғылым-білім дамымай тұрып-ақ қарға бірнеше атау берген. Мысалы, жаңа жауған таза қарды ақша қар деп атаса, бір аумаққа жауып, бір аумаққа жаумай кеткен қарды алақанат қар, қардың еріп қатуын анжыр деп атаған. Сондай-ақ қардың түсуіне, жаууына, мезгіліне қарай жапалақ қар, жылбысқы қар, бозқыра, көбік қар, күлсек қар, күртік қар, қасат қар, қиыршық қар, қылау қар, қырбық қар, сіреу қар, омбы қар, ұлпа қар, үрме қар, түйме қар, қасат қар, көбелек қар, ұйытқыма қар, ақжорға, сандық қар, ақсауыт қар деген сияқты бірнеше түрге бөлген. Осыдан-ақ қазақтың табиғатқа деген құрметі мен ізеті бөлек болғанын білуге болады. Міне, мұндайда «Қыстың көзі – қырау, қардың басы – қылау» деп мақалдататыны да содан. Қазір ғылым-техника дамыған заман. Қардың қашан жауатынын, боранның қашан соғатынын да телефоннан-ақ көріп-біліп отырамыз. Осы орайда «Қазгидромет»-тің таратқан ақпаратына назар аударатын болсақ, Қазақстанның басым бөлігінде қар желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында, ал республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында айдың екінші жартысында жауады деп болжанып отыр. Ал желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында оңтүстік аймақтарды қоспағанда, елдің басым бөлігінде аязды ауа райы күтіледі. Қар жауып, бұрқасынды жел күшейеді, термометрлердің бағандары түнгі уақытта 10-20°С-қа, күндіз-3-10°С-қа дейін төмендейді деп болжануда. Ал жылдағыға қарағанда биыл күздің жылы болып тұруының өзіндік себебі бар екенін айтады синоптик мамандар. – Қазақстан аумағына тән емес жылы күз бен қыстың кеш келуі батыс және оңтүстік циклондардың жиі орын алуымен, сондай-ақ Иран мен Жерорта теңізі аудандарынан жылы ауа массаларының келуімен байланысты. Осыған байланысты Қазақстан аумағындағы температуралық фон климаттық нормадан 3-10 °С жоғары болды. Сондықтан да метеобақылау тарихында 2023 жылдың қараша айы өте жылы болды, әсіресе жылы ауа райының жоғарғы шегі 17-18 қараша аралығында байқалды. Соңғы рет мұндай жылы қараша 2010 жылы тіркелген болатын, – дейді синоптик Салтанат Байымбетова. Иә, қазақ қар қалың жауады екен деп қысты жек көрмеген. Немесе қар жаумайды екен деп қайғырмаған. Қайта керісінше өздерінің ішкі есебіндегі амалдардан аман өтуді көздеген. Дейтұрғанмен «ақ қар көп болса, ақ нан көп» деген халықпыз. Сондықтан да «Қара жерге қар жауар, қарды көрген бір мұрат, Қара жерден қар кетер, жерді көрген бір мұрат» деген аталы сөз қалған. Дегенмен де этнограф шопандар биылғы қыстың адамға да, малға да жайлы әрі қысқа болатынын айтады. Өйткені олар табиғаттың заңдылығы бойынша «биыл аққулар жылы жаққа кеш қайтты, бұл күз мезгілі жайлы әрі ұзақ болады дегеннен хабар береді» десе, енді бірі «биыл қазан айында күн күркіреді, сондықтан да қыс қысқа болады-ау» деген уәжін айтады. Мейлі, қалай болмасын биылғы қыс қарының жай түсуімен есте қалатын болды. Бұл қазақы дүниетанымға да жат емес. Алда қыстың аязы қандай болатынын уақыт көрсететін болады. Қалай болған күнде де қыстың аты қыс екенін ескерсек, бір қысары бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Шапағат ӘБДІР sapagat. abdir@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар