Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жақсы кітап – жан байлығы

Жақсы кітап – жан байлығы
ашық дереккөз
Жақсы кітап – жан байлығы
Қоғамдағы адамның жан дүниесіне қажет байлықтың бірі – рухани байлық. Демек кітап авторы қаламгерлер рухани байлықты тудырушы тұлғалар. Біздің өңірде де қаламы қарымды, өздері дарынды авторлар жетерлік. Кейінгі екі жыл аясында да өңірімізде бірнеше прозалық және поэзиялық кітаптар жарық көрді. Сол туындыларды рет-ретімен таныстырғанды жөн санадық.

«J.A.S» жырлары жүрекке жол тартты

Тәуелсіздіктен кейін ақындардың шоғыры шоқ жұлдыздай қатарласып көрініп келеді. Сол жұлдыздардың қатарында жаңадан көрінген ақынның бірі – Арайлы Жақсылық. Былтыр «Анаға тағзым» орталығында жас ақын Арайлының облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен шыққан «J.A.S» атты кітабының тұсауы кесілді. Ақынның өзі қандай болса кітабы да сондай. Ақынның жан тазалығы мен сезім пернелері кітабының сыртқы мұқабасынан-ақ көрініс тауып тұр. – Кітабымның аты «J.A.S» деп аталуының да өзіндік себебі бар. Оның мағынасы Жақсылық Арайлы Серікқызы дегенді білдірсе, тағы бір мағынасы – кәдімгі көз жасы дегенді немесе адамның жасы дегенді де білдіреді. Осы тақырыптың өзінде менің балалығымның тәтті елестері, 25 жасқа дейін кешкен күйлерімнің беймезгіл сәттері барлығы сыйып тұр деп ойлаймын, – дейді автор. Кітаптың алғысөзін жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы жазған. Ақын кітабының тұсаукесеріне облыстағы үлкен-кіші ақын, журналистердің бәрі қатысты. Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова, Айша Көпжасарова, Үміт Битенова, Ғайни Әлімбекқызы, Жұлдыз Бисек сияқты ақын апаларының ізін басып келе жатқан, жауқазын жыры енді ғана қауашақ ашқан Арайлының алдағы шығармашылық сапарына сәттілік тілейміз.

Мұхаммед Салихтың кітабы қазақ тілінде жарық көрді

Файзулла Төлтай – Жаңатас қаласында туған. Түркия Республикасы Денизли қаласындағы Памуккале университетінің түлегі. «Қос есікті түстер» кітабының авторы. Ф.Төлтай жақында ғана өзбек ұлтының диссидент ақыны Мұхаммед Салихтың «Вал-Фажр» атты жыр жинағын тұңғыш рет қазақ тіліне тәржімалады. Бұл жинаққа өзбек ақыны Мұхаммед Салихтың қазақ тіліне аударылған өлеңдері топтастырылды. Мұхаммед Салих – тек қана өзбек поэзиясында емес, күллі түркі поэзиясында өзіндік мектеп қалыптастыра білген көрнекті ақын. Оның жырлары алып майдан ішіндегі тыныштыққа немесе тыныштық ішіндегі алып майданға ұқсайды. Кітап Алматы қаласында басылып шықты. Таралымы – 1000 дана. Кітапқа ақын, Түркия Республикасының Премьер-Министрі Бүлент Эжевиттің, ақын Олжас Сүлейменовтің және көрнекті өзбек жазушысы Хамид Исмаиловтың пікірлері берілді. – М.Салихты дұрысы диссидент ақынның шығармашылығын іздеп жүріп, «қалайда бір ақынды аударсам екен» деген пиғылды ойламадым. Тіпті әуел басында М.Салихтың өлеңдерін аударып, топтап, жинақ етіп шығарамын деген ой да болған жоқ. Ақиқаты, Отанын өлердей сүйген және сүйгені үшін «кінә» арқалаған «тірі ақынның» өлеңдерін мен емес, олар мені таңдаған секілді, – дейді ақын Ф.Төлтай. М.Салих поэзиясының басты ерекшелігі – батыстың авангардтық, мистикалық, сюрреалистік поэзиясының шығыстық суфизммен біте қайнасуында еді. Суфизмдегі негізгі тірегі өзі ұстаз тұтқан Мәулана Руми болатын. Ол поэзия мен эсседен құралған 20 шақты кітаптың авторы. Жаңа кітаппен қауышқан ойлы оқырманды шын жүректен құттықтаймыз!

«Апамның аялы алақаны»

Жуалыдан шыққан қаламы қарымды журналист, балалар әдебиеті әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылып үлгерген Марат Құлибайұлын білмейтін жамбылдықтар кемде-кем. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Aq Jol» газетінде жұмыс істеген жылдары автор шығармашылық қарым-қабілетін ұштап қана қоймай, жаңа әдеби ортада балалар әдебиетіне де жақындай түсті. Оның бір дәлелі – Президенттің арнайы Жарлығымен белгіленген биылғы «Балалар жылында» жаңа кітабының жарыққа шығуы. Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасында басылған «Апамның аялы алақаны» атты әңгімелер жинағына қаламгердің алдыңғы «Қолқанат» және «Мейірім» кітаптарындағы бірқатар шығармаларымен бірге әр жылдары жазылған мөлтек әңгімелері енген. Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы алғысөзде жазғандай, кітаптың тілі балалардың жанына жақын әрі қарапайым да түсінікті. Қаламгер күрделі оқиға іздеп қиналмайды, баланың басынан өткен бір сәтті қаз қалпында жазып, әп-әдемі әңгімеге айналдыра біледі. Марат Құлибайұлымен облыстық бірнеше кітапханада, Жуалы ауданында кездесулер өтті. Жазушының біз білетін жақсы қасиеті – қарапайымдылығы, жеткен табысқа ешқашан тоқмейілсімейтіндігі. Ол көркем әңгіме жазған кезде бойындағы бар қабілетін сарқа жұмсауға тырысады. Шығармасы жұмыр болып шығуы үшін тіптен, жақсы пікір айтқан баланың да кеңесіне құлақ салуға бейіл. Жазғанын бірден дүниеге санамай, арада ойын суытып тұрады. Ойы пісіп-жетілгенде, қайта қолға алады. Біз әріптесімізге әдебиет айдынында алар асуының зор болып, қаламының ешқашан мұқалмауын, жазарының көп болуына тілек қоса отырып, қажымас қайрат, шалқар шабыт тілейміз.

«Мен сенің көктеміңмін»

Мен – түннен түскен жұлдызбын, Қап-қара жерге жарық боп. Даусымын шықпас шың-құздың, Құдіреті шексіз алып көк, – деп жырлаған қаламы қарымды, талабы танымды ақынның бірі – Жұлдыз Бейсек. Жақында талантты ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Ж.Бейсектің «Мен сенің көктеміңмін» атты жыржинағы оқырмандарға жол тартты. Жаңа жыржинақ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Qalamger.kz» баспасынан жарық көрді. Кітаптың тұсаукесері М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өтті. Рухани жиынға облысымызға белгілі ақындар Қайырбек Асанов, Шырын Мамасерікова, Үміт Битенова қатысып, ақын қызды жаңа жетістігімен құттықтап, шығармашылық жолына табыс тіледі. Ақынның «Мен сенің көктеміңмін» өлеңдер жинағының тұсауын белгілі ақын Қайырбек Асанов пен филология ғылымының кандидаты, доцент, әдебиетші Темірбай Мұқашев кесті. Жамбыл өңірі ғана емес, еліміздегі ойлы оқырманға шығармалары етене таныс ақынның оқырманға жол тартып отырған екінші кітабы.

Жаңабай Миллионовтың «Даналық мектебі»

Биыл Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, халықаралық Қонаев қорының Жамбыл облысындағы басқармасы төрағасының орынбасары, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, жерлесіміз Жаңабай Миллионов желкен тартқан 70 жасқа толып отыр. Cондай-ақ ағымдағы жылы ардагер журналистің еңбек жолының бір белесі мен тарихи қолтаңбасы қалған қос газет – облыстық «Aq jol»-дың 100 жылдығы мен аудандық «Sarysu»-дың 85 жылдық мерейтойлары да бір-бірімен тұспа-тұс келді. Ардагер журналистің мерейтойы қарсаңында «Даналық мектебі» атты кезекті кітабы оқырмандарына жол тартты. Жаңа жинақта ардагер журналист тәуелсіздік жылдарында Жамбыл облысын басқарған әкімдердің ақпараттық портреттерін, республикамызға кеңінен танымал қоғам қайраткерлерімен өзекті сұхбаттарын, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына әр жылдарда елеулі үлес қосқан атпал азаматтар туралы жазған эсселерін топтастырыпты. Сондай-ақ «Даналық мектебінде» ұлтымыздың ұлы тұлғасы Дінмұхамед Қонаев туралы да тың деректерге негізделген естеліктер жеке тарау болып енген. Айта кетейік, Жамбыл облысына белгілі журналист және қоғам қайраткері Жаңабай Миллионовтың бұған дейін «Шоқай Датқа» тарихи-танымдық жинағы және «Парасат пен пайым» атты автордың жеке тағдырынан бастау алып, тұтас ұлттың ғұмырнамасын шынайы суреттей білген кітабы жарық көрген.

Әбділдәнің «Жүректегі жазулары»

Биыл оқырмандар үшін олжалы жыл. Көптеген дарынды ақын-жазушыларымыздың жаңа жинақтары оқырмандарымен қауышып жатыр. Солардың бірі – ардагер журналист Әбділдә Сәрсенбінің «Жүректегі жазулар» кітабы. Жаңа кітапқа талайлы тағдыр иесі қаламгер-журналист, киелі де қасиетті Әулиеата топырағынан түлеп ұшқан перзент Әбділдә Сәрсенбінің әр жылдары жазған публицистикалық туындылары мен мақалалары, ол жайлы қалам тербеген інілері мен замандастарының ой-толғамдары топтастырылды. Кітаптың алғысөзін қаламгердің досы, қоғам қайраткері, журналист Төлеуішев Әбілхан Сейтімұлы жазған. Аталмыш кітап «Ұшқыр қалам іздері», «Жұлдызды жылдар жарығы», «Сырлар. Сырлар..». «Қаламгер жайлы толғаныстар» атты бес бөлімнен тұрады. Тілі шұрайлы, не жазса да екшеп түйіндейтін автордың бұл туындысы қалың оқырманға арналған. Онда кешегі алмағайып дәуірде бастан кешірген өмір талқысы, тағдыр жазмышы, сол жылдардағы Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік тыныс-тіршілігі қарапайым куәгерлердің бедерлі сөздерімен баян етіледі. Қазір Әбділдә Сәрсенбі құрметті демалыста. Ұзақ жылғы журналистік еңбегіне орай бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Осы «Жүректегі жазулар» атты ғұмырнамалық кітабында Әбділдә да жүрегін тебіренткен ойларын, басынан өткен өмір шежіресін ұрпағына ақжарма көңілмен сыр етіп айтады. Қорыта айтқанда, автордың саналы ғұмырын сөз ететін бұл кітап – ешқашан мәні кемімес, ажары солмас, киелі естеліктер ретінде қымбат. Ендеше, ағамыздың өзінің де, ұрпағының да, кітабының да ғұмыры ұзақ болғай!

Жазушыларда да жаңалық көп

Былтыр драматург Әлібек Әмзеұлының «Менің Сырым мен шыным» және «Менің заманым мен замандастарым» атты екі кітабы жарық көрді. Қайраткердің көзі тірісінде жазылған аталмыш кітабы сапалы да, салмақты болып шығуы үшін жинақты түрлі деректермен толықтырып, рухани тұрғыдан үлес қосқан жазушы Елен Әлімжанның, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асановтың, белгілі журналистер Қуаныш Иембердиев, Ахметжан Қосақовтың елеулі еңбектерін айта кеткен ләзім. Бірінші кітапта драмалық шығармалары, екінші кітапта өмірбаяндық ой-толғаныстары қамтылған. Жүректерге жететін жазбалар топтасқан жинақтар – оқырман олжасы. *** Жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлының «Шеткері үйдің жарығы» атты кітабы Алматыдағы беделді баспалардың бірінен 2 мың 500 дана таралыммен қайта басылып шықты. Балалар жылына орай қайта басылған бұл кітаптың оқырмандары өте көп болып, сұранысы артып отыр. *** Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбиннің «Қазақстандық батырлар» атты кітабы жарық көрді. Онда қазақстандық жүзден астам батыр кең қамтылып жазылған. *** Былтыр 75 жылдығына орай ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың 5 томдығы, 80 жылдығына орай ақын Айша Көпжасарованың 2 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. *** Жақында таластық ақын Нұрлан Досалиевтың «Өлең – менің тағдырым» атты жыр кітабы жарық көрді. Кітапқа ақындар Болат Жаппаров, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баймаханбет Ахмет пікір білдіріп, талдау мақалалар жазды. Осыдан да кітаптың көркемдігі жоғары деңгейде екенін білуге болады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар