Өз ісіңнің шебері бол!
Ғалым ғылыми жұмыста, кәсіпкер кәсібінде, құрылысшы құрылыс саласында, дәрігер емдеу ісінде, мұғалім ұстаздық қызметте, қысқасы, әркім өз саласының «жілігін шағып, майын ішкен» хас шебер болуы керек. Осындай өз саласының хас шебері атанған кәсіпкерлер арамызда аз емес. Солардың бірі – ерлі-зайыпты Дидар Кубеев пен Гүлнұр Айтбаева. Олар оқу орталығын ашпас бұрын осы саланы әбден зерттеп, қыр-сырына қаныққан соң ғана өздерінің бірлескен жобасын жүзеге асыруды ұйғарыпты.
Дидар Кубеев 2016 жылы «Ustudy» тест орталығында IT маманы қызметінен бастап директорлыққа дейін көтерілген екен. 2019-2022 жылдары «125ent school» оқу орталығында директор болып, 2022 жылы өздерінің төл «UstudyUBT» оқу орталығын ашқан. Онда 250-ге жуық оқушы бар. Мұнда 5-6-сыныптар «Дарын» мектеп-интернатына, IT лицейге, Назарбаев зияткерлік мектептеріне дайындалады. Ал 10-11-сыныптар ұлттық бірыңғай тесттен сүрінбей өтуге қамданады. Отбасында үш қыз тәрбиелеп отырған жұп кәсібінің нәсібін көріп, үздік нәтиже шығаруда. Дайындаған шәкірттері дарынды балаларға арналған мектептерге, әйгілі жоғары оқу орындарына түсіп, қуантып келеді.
– Осы кәсіпті жүргізіп отырғанымызға бір жылдан енді асты. Өз қаражатымызбен, қолымызда бар ақшамызбен істі бастадық. Ешкімге жалынышты болмайық дедік. «Тәжірибе бар, неге жасап көрмеске?» деп оқталып, ойдағы істі қолға алдық. Ең бастысы, не нәрсені болса да қорықпай бастау керек екен, арғысын Жаратқан қолдаса, нәтиже шығады.
«Балапанды күзде санайды» демекші, 2023 жылдың жазында біз өз ісіміздің дұрыстығына көз жеткіздік. Қаншама шәкіртіміз грантқа оқуға түскенде қуаныштан жүрегіміз жарылардай болды. Енді жекеменшік мектеп ашуға талпынып жатырмыз, – дейді Гүлнұр Айтбаева.
Абай Құнанбаев айтпақшы, «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім мен ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» екен. Белгілі бір істің хас шебері болу үшін, ең әуелі, ол істі шын сүюің керек. Таңдаған салаң қолыңнан ең жақсы келетін іс болуы шарт. Сонда жасаған жұмысыңнан ләззат аласың. Адам өзі сүйетін, қолынан келетін, халыққа пайдалы іспен айналысқанда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қолдау көрсетіп, бұл істің шыңына шықпақшы. Шын сүйіспеншіліктен туған дүние ғана сұлу һәм құнды болмақ.
Оқу орталығындағы кабинеттер заманауи құралдармен жабдықталған. Ұстаздар интерактивті тақтаны қолдану арқылы сабақ өтеді. Химия, биология, физика кабинеттерінің лаборатория бөлмелері бар екен. Қысқасы, оқушылардың сапалы білім алуына барынша жағдай жасалыпты. Мұндағы ұстаздар да арнайы таңдалынып алынған.
– Кәсіп бастаудың ерте-кеші жоқ. Маңыздысы – сол кәсіпті әрі қарай дөңгелетіп алып кету. «Еңбек –
адамнан, ризық – Алладан». Ұлы Абай «Әуелі Құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау. Еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды» деп айтқан жоқ па еді?! Өзім осы пікірді ұстанамын. Жалқаулардың қатарынан емеспін. Тараздағы ең мықты білім беретін оқу орталықтарында жұмыс істей жүріп, армандадым. «Болашақта өз оқу орталығымды ашсам, жекеменшік мектебім болса» деп ойға бататынмын. Сол армандарым шындыққа айналып келеді. Табысты оқу орталығын құру үшін жұбайым екеуміз аянбай еңбек етудеміз, – дейді Дидар Кубеев.
Кәсіпкерлік – тәуекелді қажет ететін сала. Бизнеске салған ақшаң әп-сәтте күйіп кетуі мүмкін. Сол үшін алдымен іштей соған дайын болу керек. Сонымен бірге көзсіз тәуекелге бармай, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетіндей» қадамыңды анық басуың қажет. Бүгінде 35 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта жұмысшылар санын екі есеге арттыру ойларында бар.
Әрбір ата-ана баласы үшін ештеңе аямайды. Баласының білімді, көп тіл білуін, есепті шемішкеше шағып, ақылды болғанын қалайды. Сол үшін бүгінде қалауыңызға сай оқу орталықтары да көп. Саны бар, сапасы жоғы да жетіп артылады. Алайда балаларға білім атты инвестицияны құюды жауапкершілік деп қарайтын оқу орталықтары да баршылық. «UstudyUBT» оқу орталығына ата-аналар да дән риза. Балаларының білімі жоғары болғандығын, үлгілі, дарынды мектепте оқығандарын қалаған ата-аналардың бірі – Қалима Оңдасова. Оның айтуынша, былтыр ұлы Ержан ҰБТ-ны сәтті тапсырып, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түсіпті.
«Табыстың кілті – жақсы маманда». Бұл оқу орталығының ұстаздары да аса білімді және бала жүрегінен орын алған мейірімді жандар. Арасында балаларға қызықты болуы үшін «Пицца тайм», «Кино тайм» өткізіп, шәкірттердің бос уақытын да дұрыс ұйымдастырады екен. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» демекші, ұстаздарына қарап бой түзеген шәкірттер биыл да жақсы көрсеткіш көрсетеміз деп отыр. Әр ай сайын тест тапсырып, ҰБТ нәтижесін де қарап отырған ұстаздар биылғы жылы үздіктердің үздігі боламыз деген үмітте. Ғылым мен техниканың дамыған, нағыз білімділердің заманында тек асқан біліміңмен ғана мақтануға болады. Басқасы құр әурешілік екенін мұндағы оқушылар жақсы түсінеді. Сондықтан да олар уақытты қалт жібермей, озық болуға әрекет етуде.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала