Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Толық адам» ілімі – табысты болашаққа бағдар

«Толық адам» ілімі – табысты болашаққа бағдар
ашық дереккөз
«Толық адам» ілімі – табысты болашаққа бағдар
Абай өз шығармаларында адам болудың талап-тілектерін атай отырып, өзінің гуманистік танымы тұрғысынан өскелең ұрпақтың адамшылық негіздері, бойға ұялатар қасиеттері қандай болатыны жайлы ойға ерекше көңіл бөледі. Ақын шығармаларында өзекті мәселені өмір бойы танытуға ұмтылғаны, оның шешімін шарқ ұрып іздегені айқын аңғарылады. Абай шығармасына арқау еткен толық адам – рухани жетілген, кемеліне келген адам. Жақында Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназияның ұйымдастыруымен «Абайдың «Толық адам» ілімі: табысты болашаққа бағдар» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараның мақсаты – Абайдың шығармалары арқылы ұлттық мектеп моделін құруға бағытталған іс-тәжірибемен алмасу, облыстық Абай мектептері желісін құру. Сондай-ақ Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» идеясы негізінде оқытуда сындарлы білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ұлтжанды, жеке тұлғаны тәрбиелеуде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру. Семинарға Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледж директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарлары және Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Шу аудандары Абай мектептерінің директорлары, оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарлары мен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері қатысты. Әуелі семинар қатысушылары мектептің акт залындағы мерекелік концертті тамашалады. Жиын ұстаздардан құралған хордың «Көзімнің қарасы» әнімен ашылды. Мұнан соң аталған гимназия директоры Индира Нұралиева сөз алып, семинарды өткізудің мәні мен мазмұнына тоқталды. – Өздеріңіз білетіндей, қазіргі кезде мектебіміздің статусы өзгерді. Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназия деген мәртебені алып жүру – біз үшін жауапкершілігі жоғары міндет. Ұлы бабамыз айтып кеткен «толық адам» ілімін ұрпақ бойына сіңіріп, парасатты оқушылар даярлауға, желілік мектепті дамытуға бар күшімізді салатын боламыз, – дейді И.Нұралиева. Іс-шара барысында «Бала Абай» сахналық қойылымы назарға ұсынылды. Ал әріптестерімен тәжірибе бөлісу мақсатында көркем еңбек және музыка пәнінің мұғалімдері Бұлбұл Дүйсембиева мен Майра Көшербаева «Абайдың табиғат лирикасы» атты музыка, көркем еңбек, бейнелеу өнері бойынша «STEAM» сабақ өткізді. Сабақта оқушылар Абай шығармаларынан алған әсері негізінде қолөнер бұйымдарын жасап, ою-өрнектер арқылы композиция құрастырды. Сонымен қатар «Тоғызқұмалақ», «Ділмар», «Шешендік өнер», «Робототехника», «Шахмат», «Шебер қолдар», «Сиқырлы бояу» үйірмелерінің жұмыстары көрсетілді. Сондай-ақ үш тұғырлы тілді меңгерту арқылы ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында 5-6-сыныптар арасында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» интеллектуалды ойыны ұйымдастырылды. Білгірлер сайысын жас мамандар Мухаббат Алеханова, Алина Қанатқызы, Қуаныш Амангелді өткізді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динара Әділова Абай шығармаларындағы нақыл сөздерді негізге ала отырып, «Салалас құрмалас сөйлемдерді грамматикалық тұрғыдан талдау» тақырыбында пән мұғалімдеріне шеберлік сағат өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ математика пәні мұғалімі Шолпан Нұртаева «Рационал сандарға арифметикалық амалдар қолдану» тақырыбында Абай өлеңдеріне математикалық бағытта талдау жасау жолын көрсетті. «Желсіз түнде жарық ай» атты сазды поэзиялық қойылыммен қорытындыланған семинарда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, абайтанушы ғалым Рахат Саламатова сөз сөйлеп, бұл бастаманың өзге аудандарда жалғасын тауып, Абайдың «Толық адам» ілімін ұрпақ бойына сіңіріп, жарқын болашаққа бағдар беруде жоғары оқу орындары мен мектеп ұстаздарының бірлесе еңбек етіп, шығармашылық байланыс орнату қажеттігін айтты. Ақтоты Жаңабай
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар