Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қан тамырлары хирургиясының негізін салушы

Қан тамырлары хирургиясының негізін салушы
ашық дереккөз
Қан тамырлары хирургиясының негізін салушы
Тұрар Көкеевтің есімі ел-жұртқа жақсы таныс. Оны әріптестері «Қазақстандағы қан тамырлары хирургиясының негізін салушы» деп біледі. «Хирург болу жұмыста кешкі алтыға дейін ғана жалғасатын кәсіп емес, ол күні-түні жұмыста болу деген сөз» деген ұстанымға өмір бойы адал болып өткен атпал азаматтың фәни дүниеден бақи дүниеге көшкені жанымызға батты. «Жақсының аты өлмейді» дейді ғой атам қазақ. Саналы ғұмырында айналасына мейірім шуағын төге білген алтын қолды дәрігер соңынан көптеген білікті шәкірттер де тәрбиеледі. Қаншама науқастарға шипалы емін дарытты. Осыдан тоқсан жыл бұрын Талас өңірінде жарық дүниенің есігін ашқан Тұрар Қойшығараұлының өмір жолы сан тарау. Ол көк жусаны тербелген, керіліп жатқан кербез даланың сексеуілі сыңсыған құмға ұласар тұсындағы атшаптырым шүйгін қолатқа қонған аядай ғана ауылда дүниегкелген. Содан да болар, ауыл десе жүрегінің түкпірінен бір қимас сезім қылаң беріп тұрушы еді. Соғыс салған жарадан асыл əке мəңгілік көз жұмды. 12 жасар Тұрар ағамыз қарындасы Қыздархан мен інісі Тұрғын үшеуі көз жасын көл еткен сырқат шешелерін пана тұтып қала берді. Зибагүл анасының өрмінезділігінің, батылдығының арқасында басына осындай ауыр күн туғанына қарамастан өзіне-өзі қайрат беріп, белін бекем буып, басқа түскен ауыртпашылықтарды қалай да болса жеңуге ұмтылады. Ол қиыншылыққа мойымай, қара жұмысты атқара жүріп ауылдағы орталау мектепті үздік бітіріп, Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы медучилищеге оқуға түседі. Сонымен, 15 жасар Тұрар Қойшығараұлы Жамбыл медучили­ще­сін үздік бітіріп, 1952 жылы Қазақ мемлекеттік дəрігерлік институтына емтихансыз қабылданады. Шалғайдағы ауылдан келген қазақтың қарадомалақ баласы институтты Сталиндік стипендиямен оқып, қызыл дипломмен бітіріп, 1958 жылы туған жері Талас аудандық ауруханасына жолдама алады. Осы жерде жалынды жастың нағыз еңбек жолы басталады. Аудан орталығындағы 75 төсектік ауруханада штат бойынша 11 дəрігер істеуі керек болса, сол уақытта бар болғаны екі-ақ дəрігер қызмет атқарды. Дəрігердің жеткіліксіздігінен әртүрлі науқастарды қабылдауға мəжбүр болып жүреді. Алғашқы сынға толы сәттерді Тұрар Қойшығараұлы әрқашан еске алып айтып отырушы еді. Соның біріне тоқталсақ. Тұрекең аспирантураның алғашқы курсын аяқтап, көптен отбасын көр­меген Үшаралына тынығуға келген. Əркімнің туған жері – өзіне жаннат. Қайда жүрсе де Таласын, Үшаралын, Ақкөлін Мекке тұтып үйренген. Бұл ауылдың адамдары да басқалардан алабөтен секілді көрінетін. Шетте­рінен аңқылдақ, сенгіш, жомарт. Өңкей аузын ашса көмекейлері көрінгендер. Енді ғана ес жиып, етек жауып жатқанына қарамастан, шіркіндер «Ассаламауғалейкүм!» деп табалдырығынан аттай қалсаң болды, қолда барын аямай алдыңа тартатын. Дегенмен əлі де ауыл тірлігі жүдеу-ақ. Бəрінен де мектеп, аурухана, клуб үйлерінің жағдайы сын көтермейді. Əсіресе аурухананың жай-күйі болашақ ғалымды қатты алаңдатты. Ауыл анасы атанып кеткен байырғы дəрігер Лиза апайы да сол күйі өзгермепті. Медициналық құрал-жабдықтан, шынын айтқанда, піскек пен фанондоскоптан басқа іліп алар зат жоқ. Келгелі ауылды аралап, сол күні тағы бір бармаған туыстарына соғып, үйге кеш оралған. Үйден дұрыс дəм татпадың деп жеңешесі ренжіген соң бір-екі шыны шай ішіп, бой сергітуге сыртқа шыққаны сол еді, əлдекім қақпа сыртынан айқайлағандай көрінді. Шақыртушы екен. Лиза апай жіберіпті. Ауруханаға қойлы ауылдан жас келіншек келіп түсіпті. Халі нашар. Орталыққа жіберуге кеш. Соған көмек қажет екен. Қапелімде не дерін білмей сасқалақтаған жас жігіт хирургия туралы бірді-екілі оқулығын қолына қысқан күйі ауруханаға зымырайды. Жолда келе жатып бойын үрей билейді. Бұл гинеколог емес, хирург. Егер жас ана анау-мынау болып кетсе... Жамандықтың беті аулақ. Қолтығындағы кітаптарды қысыңқырай түсіп, алға ұмтылды, бір жағынан күлкісі де келді. «Біреу қиналып жатса, кітап оқитын кезді тапқан екенсің, Көкеев. «Теорияны толық меңгеру бар және оны іс жүзінде қолдана білу бар» деген жоқ па саған профессор Михаил Иванович Брякин, ал сен операцияға кітап арқалап келесің», деді өзін-өзі ұстаз сөзімен жігерлендіре түсіп. Бұл келгенде ауыл тұрғындары аурухана алдына шоғырланып қалыпты. Жиналған жұрттың бəрі Тұрарды дəл бір ғайыптан құтқарушы келгендей, қақпадан кірген бойда жалына-жалбарына қарсы алды. «Қойшығараның баласы ғой», «Алматының докторының оқуын бітіріп, Мəскеуде оқып жатыр, адамға операция жасайды деген» десіп жатыр. Жас жігітті осы соңғы сөз қатты қамшылады. Əп-сəтте бойындағы қорқынышы сейіліп, көңілдегі күдік бұлты ыдырады. Лиза апайы да мұның келгенін қуат еткендей, сабасына түсе қалған. – Тұрар қарағым, ауданға апарсақ əйелді өлтіріп аламыз. Не де болса, тəуекел, қанша дегенмен білімің басымдау ғой, саған сендім. Енді кешіксек, іштегі бала тұншығады, əбден суы кетіп қалған, оның үстіне толғағы тарап кетті. Мəн-жайға үнсіз қаныққан аспирант халатын киіп, келіншек жатқан палатаға бет алғаны сол еді, «Босанғалы жатқан əйелдің үстіне еркек кірген не сұмдық?» деп əйелдер жағы шуласып қоя берсін. Олардың өлгелі жатқан адаммен шаруалары жоқ, ұятты ойлап тұр. Мұны естіген жас келіншек те азар да безер. Əйтеуір жұртты əрең көндіріп, ішке енген оның екі көзі қан-сөлсіз, сұп-сұр күйде сұлық жатқан келіншекке түсті. Тамыры соғудан қала бастапты. Бірнеше күнге созылған толғақтан қалжырап та біткен. Ендігі жерде əйелді құтқарар бір-ақ жол операция ғана. Бірақ операцияны немен, қалай жасайды? Іштегі нəрестені мұндай жағдайда жарып алады, ол тек қана клиникада жүзеге асырылатын шаруа. Бірақ оның ауылы алыс. Тұрекең дереу іске кіріседі. Жүрек мықты болса, бəрін жеңуге тиіс. Жүрек жұмысын жақсартатын бір-екі дəрі егіп, жоқтан бар құрап, операция жасауға кірісті. Арада қанша уақыт өткені белгісіз, қара терге малшынған оның еңсесін іңгəлаған сəби үні көтерді. Түннің бір уағына дейін созылған арпалыс жеміссіз болған жоқ. Сəби де, ана да тірі қалды. Міне, дəл осы операцияны Тұрар аға ешқашан ұмытпай айтып жүретін. Оны түк құрал-жабдықсыз жалаңаш қолмен жасаған. Ауданда алғаш рет операцияларды наркозбен жасауды қолға алған Тұрекең болды. Алпысыншы жылдардың басында кенжелеп қалған медицина саласын ұлттық кадрлармен толықтыру, күшейту саясатын ұстанды. Бұл оңды саясат кейін жемісін берді де. Институттың ең үздік студенті болған жас маман Т.Көкеев ұлттық ғылыми кадрлар даярлау жоспарына сəйкес аспирантураға шақырылып, белгілі ғалым-хирург М.И.Брякин басқарған госпитальда хирургия кафедрасының аспиранты атанды. Диссертациялық тақырыбын бекітерде сұңғыла ғалым-ұстаз М.И.Брякин: «Қан тамырлары хирургиясы республикада жоқтың қасы. Осы саланы қолға алу керек. Осы істі сен қолға ал», – депті. Тыңнан түре салғандай қиын іс еді бұл. Содан госпитальдағы хирургия клиникасына алғаш Алматы қаласы, Алматы облысының науқастары шоғырланады. Мəскеу, Ленинград, Киевтегі қан тамыры аурулары хирургиялық жолмен емдейтін ірі клиникаларда Т.Көкеев бірнеше жыл қатарынан барып, маманданады. Уақыт өте келе, Алматыдағы №1 қалалық аурухана (қазіргі жедел жəрдем ауруханасы) қан тамырларының хирургиялық кеселдерін емдейтін республикалық орталыққа айналады. Қан тамырларына ең бірінші күрделі реконструктивтік операциялар осы орталықта жасалып, олардың авторы Тұрар Қойшығараұлы қан тамырлары хирургиясының негізін қалаушы атанады. Бір кездері өзі тəлім-тəрбие алған кафедрада Т. Көкеев барлық баспалдақтан өтіп, аспирант, ассистент, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі дәрежесіне қол жеткізеді. Қолына қандауыр ұстаған осы ұзақ мерзім ішінде 7000-ға жуық операция жасап, 150 ғылыми еңбек жариялапты. Ол өз ісінің нағыз білгірі еді. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін оның шапағатын көрген жандар мыңдап саналады. Осы тұста өзім Тұрар ағамның қолының шипасын көрген бір жайды айта кетсем, артық болмас. Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дары. Науқастанып, мазам болмай жүрді. Дәрігерлер науқастың анық диагнозын қоя алмады. Ол уақыт денсаулық сақтау саласы әлі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылмаған кез. Жамбыл облыстық ауруханасының дәрігерлері рентген аппаратына қайта-қайта түсіріп, аяғында өт қабында тас байланған деген қорытынды жасады. Ота жасау керек. Басқа жолы жоқ. Байланған тас өт қабын толықтай жауып тастаған. Бұрын-соңды өт қабын алып тастапты дегенді естімеппін. Кәдімгідей қатты уайымдадым. Уақыт өтіп жатты. Облыстық ауруханада жатырмын. Не болса да Тұрар ағама хабарласайын деп Алматыға телефон шалдым. Өзі мені жақын тартып, жақсы сыйласып тұратынбыз. «Уайымдамай жата бер. Екі-үш күннің бірінде Жамбылға келемін. Өзім ота жасаймын» дегенді айтты. Көңілім біршама орнына түсті. Айтқандай, Тұрар ағам көп кешікпей Жамбылға келіп, хирург Көлбаймен бірге ота жасады. Ауруханада оншақты күн жатып үйге шықтым. Дерттен арылдым. «Жақсының жақсылығын айт» деген осы. Он мыңдаған науқасты өлімнен арашалап қалған жүрегі таудай аңқылдаған асыл аға өмірінде ешкімге қолынан келген жақсылығын аямаған кісі еді. Сөз басында айтқанымдай, Тұрар Көкеев – қазақ елі хирургиясының тарихында қан тамырлары хирургия­сының негізін қалаушы. Тұрекеңнің хирургияның басқа салаларындағы еңбегі де елеулі. Қазіргі заманда адамның ішкі органдарын жасанды мүшелермен алмастыру ғылым үшін таңғаларлық жаңалық емес. Тұрар Қойшығараұлы ұзақ жылдар бойында адам өмірін сақтау жолындағы қызметі барысында жасаған он мыңға жуық операциясының көбінде адамның дене мүшелерін жасанды элементтермен алмастырыпты. Елімізде бірінші болып лазер сəулелерімен операция жасады. Симпатикалық жүйке жүйесіне, порталды гипертензияда порто-кавалды анастамоз, реконструктивті қалпына келтіру операцияларын республикада алғашқы болып Тұрар Көкеев орындап шыққан. Профессордың «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» құрметті белгісімен марапатталуы оның мықты білім-біліктілігін көрсетсе керек. Ол хирургия саласына сіңірген еңбегі үшін Қазақ КСР Президиумы Жоғарғы Кеңесінің бұйрығымен «Қазақ КСР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталады. Сондай-ақ қан тамырлары хирургиясын біліктілікпен ұйымдастырып, басқара білгені үшін жəне хирургия кадрларын даярлауға сүбелі үлес қосқаны үшін елімізде тұңғыш рет «А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталы­ғының Құрметті профессоры» атағы беріледі. 2011 жылы хирургтердің Халықаралық конгресінде «Алтын медальмен», ҚР Дəрігерлер қауым­дас­тығының «Алтын дəрігер» төсбел­гісімен марапатталады. Құртқа Тəуіп атындағы қоғамдық академияның академигі болып сайланған. Тұрар Көкеев қазақ тілінің де үлкен жанашыры екенін айтып өткен жөн. Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ тілінде медициналық оқулық­тардың болмағаны белгілі. Асқан білгірлікпен бұл істі де қолға алып, медицина саласында қазақ тілінде оқулықтар жазды. Тұрекең мен жеңгеміз Шаирбибі Əбітəліқызы екеуінің артынан ілескен ұрпақтары – үш баласы да әке жолын жалғастырып, орта мектепті алтын медальмен бітірді. Үлкен қызы Фатима – белгілі ғалым, профессор, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі. Кіші қызы Жəмилə – медицина ғылымдарының кандидаты, ультрадыбыс диагностикасының белгілі маманы, Алматы аймақтық диагностикалық орталықтың бөлім меңгерушісі. Кенжесі Асқар ҚазМҰУ-дің «Халықаралық қатынастар» факультетін президенттік стипен­диямен оқып, оны қызыл дипломмен бітіріп шықты. Қазір ірі фирмада жауапты қызмет атқарады. Тұрар Қойшығараұлы Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы қарсаңында «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атанды. Сонымен қатар «Алматы облысының Құрметті азаматы» деген атағы тағы бар. Бұл – елге жасаған еселі еңбектің өтеуі. Өмірбай Сабыров, Тараз қаласы    
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар