ӘСКЕРИ КАФЕДРАНЫҢ айтулы белесі
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әскери кафедрасы оқу орнының айнымас бөлшегі, айбынды бет-бейнесі. Ондағы әскери тәртіп, студенттерге қойылатын талап, жауынгерлік даярлық, бәрі де күнделікті оқу үрдісінен өзгеше. Онда жауынгерлер өмірі өзгеше өрбиді, жастарды елінің патриоты, ұлтжанды азаматы етіп тәрбиелейді. Ел іргесін жаудан қорғайтын, Отанымыздың қауіпсіздігін сақтауды мақсат еткен жастарды тәрбиелейтін кафедраның құрылғанына 60 жыл толуына орай әскери эстафета өтті.
Жиында алдымен оқу орнының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек сөз алып, мерейлі датамен құттықтады. 60 жыл аз уақыт емес екендігін айтып, осы уақытқа дейін тәрбиеленген мамандардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесінің зор екенін атап өтті.
Әскери кафедраның бастығы, полковник Сағат Мұқышев кафедра ұжымын, студенттерді құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Мерейлі датаны атап өту аясында жас ұрпақты тәрбиелеуде сіңірген еңбегі, қорғаныс саласына әскери мамандарды даярлауға қосқан үлесі үшін кафедраның бірқатар қызметкері Алғыс хатпен марапатталды.
Әрмен қарай іс-шара әскерилендірілген эстафетамен жалғасын тапты. Студенттер Калашников автоматын бөлшектеп, жинау, газтұмылдырықты жылдам кию, белтемірге тартылу, тир ату бойынша өзара сынға түсіп, өзара мықтыларды анықтады. Үздік қатысушыларға арнайы грамоталар табыс етілді.
Осы орайда тарихқа үңілер болсақ, әскери кафедра 1963 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының негізінде құрылған. 1998 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты мен Жамбыл педагогикалық институты біріккен соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің әскери кафедрасы болып өзгерді. Ал 2020 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әскери кафедрасы деп аталды. Әскери кафедра құрылғаннан бері Қарулы Күштер мен басқа да құрылымдар үшін 20 мыңнан астам жоғары білікті мамандарды, запастағы офицерлерді даярлады.
Түлектер ҚР Қарулы Күштері қатарында, ҰҚК, ІІБ, ТЖ, кеден басқармасында қызмет атқарады. 2003 жылдан бастап әскери кафедраға оқуға қабылдау ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысына сәйкес жүргізіледі.
Айжан Өзбекова
Келесі мақала