ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰРПАҚ ИГІЛІГІ ҮШІН
Ақшолақ орта мектебінде 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған «Ұлттық құндылықтар ұрпақ игілігі үшін» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараны ұйымдастырған мектеп директоры Гүлназ Мұраталиева келген қонақтарға білім ошағында атқарылып жатқан игі жұмыстарды таныстырды.
Мұнан әрі қонақтар мектептің медиация кабинетінің және ата-аналарды қолдау орталығының арнайы ашылу салтанатына, лента қию рәсіміне қатысты.
«Келісім – татулық кепілі» тақырыбында мектеп психологі Ұ.Сапарбаева кабинеттің жабдықталуымен, негізгі міндеттерімен таныстырса, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Жақсығұлова ата-аналарды қолдау орталығында атқарылатын негізгі шараларға тоқталды. Мектептің тәжірибелі ұстаздары К.Налибаева мен А.Оңғарова «Ақыл айтпа, жол көрсет» тақырыбында ата-аналарға арналған сабақ өткізді. Сабақ барысында ата-аналарға педагогикалық кеңес беріліп, балалардың тосын оқиғаларға жауабын тыңдады. Ойын ойнату, оқушылармен қойылым көрсету барысында ситуациялардан шығудың оң бағыттары түсіндірілді. «Өрмекші» әдісі арқылы ата-аналар үш топқа бөлініп, өздерінің өрмекші торынан алған сұрақтарына жауап берді. «Жаңғақ әдісі» арқылы мұғалім мен оқушының арасындағы қарым-қатынастың қиын тұстарынан шығудың оң нәтижесі көрсетілсе, «Білім ағашы» әдісін орындау барысында ата-аналардың әлеуметтік бейімделуіне бағдар берілді. «Кері байланыс» әдісі арқылы ата-аналар өздерінің жақсы-жаман мінездері туралы жазып, ата-аналарға жадынама таратылып, педагогикалық қолдау көрсетілді.
Қорытынды сөз алған мектеп директоры Гүлназ Мұраталиева балалардың ар-ұжданын дұрыс қалыптастырып, адамгершілігін, ізеті мен иманын нығайтуда ата-аналармен бірлескен жұмыс нәтижелі болатынын жеткізді.
Ұлттық құндылықтармен, қазақи дәстүрмен тәрбиелеу баланың жарқын болашағын қалыптастыруда септігі мол болмақ. Осы орайда «Даналық мектебі» жобасына сәйкес аталар мектебі, аналар мектебі, ағалар мектебі мен жеңгелер мектебінің жұмысы жүйелі жолға қойылған екен.
Шара соңында облыстық ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы, әкелер кеңесінің мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Дүкенбай Ермеков, аудандық медиаторлар қауымдастығының төрайымы Ғайни Көшекбаева, мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі Төлжан Рахманов, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысындағы мүшесі Баян Жалбиева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарова ретімен сөз алып, ұстаздар мен ата-аналардың бірлескен жұмысын жоғары бағалап, пікірлерімен бөлісті.
Ғалиябану БЕЙСЕНҚЫЗЫ.
журналист,
Байзақ ауданы
Келесі мақала
ӘСКЕРИ КАФЕДРАНЫҢ айтулы белесі
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024