ЖАНУАРЛАРҒА ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗУ ҚАШАН ТЫЙЫЛАДЫ?
Қазіргі таңда өзекжарды тақырыптардың бірі әрі бірегейі – жануарларды ғылыми-зерттеулерде қолдану. Ғалымдар жеміс шыбындарынан бастап, зертханалық тышқандарға дейін жануарлардың барлық түрлерін ғылыми-зерттеулерінде пайдаланады. Өздеріңіз білетіндей осыдан бір жыл бұрын әлеуметтік желіде Ральф атты қоянның бейнеролигі жарияланған болатын. Елді дүр сілкіндіріп, көп қаралым жинап, бұқара арасында қызу талқыға түсті. Қоянның азапты зерттеулердің салдарынан отбасынан айырылып, соқыр және саңырау болып қалғаны бейнесюжетте анық көрсетілген. Бейнежазбаның көпшілікке қатты әсер еткені сонша, барлық әлеуметтік желілерде «Жануарлар сыналмасын» атты хэштегтер көптеп тарап, наразылық көрсетушілер саны арта түскен.
Сондағы зерттеу жұмысының мақсаты – ғалымдардың адам денсаулығы мен биологиясы туралы көбірек біліп, нәтижесінде жаңа дәрі-дәрмектер, косметикалар, терапия мен емдеу әдістерін әзірлеу. Алайда жануарларға эксперименттер белгілі бір препараттың немесе тірі ағзаға, теріге әсерін білу үшін жүргізіледі. Бір жағынан, түрлі сараптамалар жасау адами қасиетке жатпайды. Себебі тілі жоқ жануарлар сынаққа өз келісімдерін бере алмайды, аурулары туралы айта алмайды және экспериментті өздіктерімен тоқтата алмайды...
Бұл мәселеде адамзатты тығырыққа тірейтін тағы бір мәселе бар. Ғылыми тұрғыдан алып қарайық. Жануарларға жүргізілетін барлық дерлік эксперименттер толықтай жойылды делік. Есесіне хирургия, фармацевтика, косметология секілді көптеген ғылымдар іс жүзінде дамуын тоқтатты. Сонымен қайтпек керек?!
Алайда бұл сынақтарды жүргізу кезінде ғаламның ажарымас бір бөлігі, табиғат ғажайыптары, сөйлей алмаса да, сіз бен біз секілді жылау, қамығу, қуану, жақсы көру, адалдық таныту секілді қасиеттері, соғып тұрған жүрегі бар тіршілік иелеріне келтірілетін залал қаншама. Мәселен, адам мен жануар, егер бір субъект сүтқоректілерге жататын болса да, физиологиялық жағынан әртүрлі болып келетіні белгілі. Жануардың мөлшеріне сүйене отырып, адамға дәрі-дәрмектің дұрыс мөлшерін табу қиындық тудырып қана қоймай, түрлі эксперименттер жасау барысында барлық дерлік жануарларды қолдан өлтіретіні белгілі. Тәжірибе нәтижелерінде үлкен қателіктерге соқтығып жататынымыз да осыған дәләл.
Бүгінде ғалымдар көптеген ауруларға, оның ішінде емі жоқ деп есептеген ауруларға қарсы түрлі дәрі-дәрмектерді ойлап табуда. Бұл жүйеде жануарларға жүргізілетін эксперименттер саны едәуір жоғары, себебі одан алынатын дәрілік заттардың тиімділігі мен жанама әсерлерін басқалай тексеру мүмкін емес. Статистикаға сүйенсек, әлемде жыл сайын миллионнан астам омыртқалыларға тәжірибе жасалынуда. Есепке алынбай жатқан жануарлар саны қаншама.
Ал сол эксперимент түрлерін адамға жасасақ қалай болар еді? Сөзсіз адамдар өз еріктерімен келісім бермейді. Сонымен қатар түрлі сынамалар алу, зерттеу барысында психиканың ерекшеліктерімен қатар мінез-құлқын анықтау қажет. Адам саналы тіршілік иесі болғандықтан жүргізілетін мұндай эксперименттер адами факторға байланысты бұрмалануы мүмкін. Алайда мұндай эксперименттерсіз ісік, СПИД және басқа да сауықпайтын дерт түрлеріне қарсы дәрі-дәрмектер мен емдеу әдістерін іздеу іс жүзінде іске аспайтыны белгілі. Медицина қарыштап дамып тұр десек те аталған қатерлі ісіктерге келгенде ғалымдар шарасыз екені баршамызға мәлім.
Жақында жануарларға эксперименттер санын азайтуға көмектесетін көптеген инновациялық әзірлемелер пайда болды. Жануарлардың денесін қарау үшін хирургиялық жолмен емес, арнайы препарат түрімен, өзіндік бояуды қолдану жүзеге асады. Ми томографиясының әдістері де дамып келеді. Сондықтан қазір жануарларға жасалып жатқан тәжірибелердің біршама дерлік түрлерін алмастыруға жағдай жасалуда. Технологияның дамуы ерте ме, кеш пе мұндай эксперименттерден бас тартуға ықпал ететіні сөзсіз.
Әнел ӘШІРҚҰЛ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
Келесі мақала
«Мен жазған кеңес, мақтаныш емес...»
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024