АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУШЫЛАР САНЫ АЗАЮДА
Жыл басынан бері облыс бойынша 62 274 адам жұмысқа орналастырылып, жылдық (62 936 орын) жоспар 99 пайызға орындалған. Сол секілді субсидияланатын жұмыс орындарына 15 084 адам орналасып, бекітілген жоспар 111,8 пайызға орындалыпты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейрманов мәлімдеді.
Жұмыссыздарды кәсіптік оқытуға жұмыс берушінің сұранысы бойынша жыл басынан бері 971 адам жолданған. Ғалижан Советұлының айтуынша, Президенттің тапсырмасына сәйкес 2023 жылы жастарға 2,5 пайызбен микрокредит беруге облыс бойынша 379 үміткерге 1 735 миллион теңге қаржы қаралыпты. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қосымша 100 адамға 500 миллион теңге бөлінген.
– Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1 044 адам 1440,4 миллион теңге грант алып, кәсібін бастады.
Сондай-ақ өңірден 1 қарашаға дейін жұмыс күші тапшы аймақтарға 190 отбасы, 605 адам қоныс аударды.
Атаулы әлеуметтік көмекпен 58 340 адамды қамту жоспарланып, оларға барлығы 4,5 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 210 отбасына немесе 5 766 адамға азайды. 2023 жылдың 1 қарашасына атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 12 312 балаға қосымша 404,6 миллион теңге төленді, – деді Ғалижан Мейрманов.
Бүгінге облыс көлемінде 45 601 мүгедектігі бар адам тіркелген. Биыл Сарысу ауданында сыйымдылығы 25 орындық мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталығы ашылса, Тараз қаласында 150 орындық оңалту және бейімдеу орталығының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Белсенді ұзақ өмір орталығы» ашылып, өз жұмысын бастады. Сонымен қатар Тараз қаласында 110 балаға арналған «Аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» ашылады.
Айжан Өзбекова
Келесі мақала