озат оқушылар сынға түсті
Қазіргі кезде балалардың дарындылығын арттыру үшін көптеген жұмыстар жүргізілуде. Солардың ішінде озат оқушылар арасында ғылыми пәндер бойынша өткізілетін пәндік олимпиадалардың орны ерекше. Біз сөз етіп отырған олимпиадада жаратылыстану-математикалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағытта 9-11-сынып оқушылары сынға түсті. Жалпы пәндік олимпиадалар мектеп оқушыларының пәнге деген қызығушылығын арттырумен бірге, олардың білімін бағалаудың да әділ жолы.
Жақында Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның базасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар конкурсының облыстық кезеңі өтті.
Конкурстың мақсаты – оқушылардың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету, ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыру.
Жобаларды қорғау бойынша ұйымдастырылған конкурстың бірінші туры 16 секцияда, 4 бағытта өткізілді.
«Ғылыми-техникалық прогресс экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде» тақырыбындағы бірінші бағыт физика, техника, жер және ғарыш туралы секцияларды қамтиды.
Екінші бағыт «Экономикалық және әлеуметтік үрдістерді математикалық модельдеу» тақырыбымен математика, қолданбалы математика, информатика, экономика пәндерінен өтті.
«Салауатты табиғи орта – «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асырудың негізі» тақырыбындағы үшінші бағыт химия, биология, қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығына қатысты болды.
«Қазақстанның тарихи ескерткіштері және перспективалы туристік маршруттар» деп аталатын төртінші бағытта оқушылар тарих, өлкетану, этномәдениеттану, тіл білімі, адам және қоғам, әдебиет пәндерінен сынға түсті.
Үздіктердің үздігі атану үшін облыстық кезеңге 9-11-сынып аралығындағы 404 оқушы 345 жобамен бәсекеге түсіп, бақтарын сынады.
Конкурстың қорытындысы бойынша, облыс әкімдігі білім басқармасының І дәрежелі дипломы және алтын медалімен 25 оқушы, ІІ дәрежелі дипломы және күміс медалімен 70, ІІІ дәрежелі дипломы және қола медалімен 109 оқушы марапатталды.
Жобаларды қорғау кезеңі бойынша жеңімпаз атанған оқушылар осы жылдың желтоқсан айында өтетін облыстық ғылыми жобалар конкурсының екінші тестілеу кезеңіне қатысуға жолдама алды.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала