Асқар тау Аласармайды
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген дана бабаларымыздың осы бір өсиетін күйбең өмірде жиі қолданғанымызбен мәнін жете түсіне бермейміз-ау?! Алыстаған сайын абыройы асқақтай түсетін таутұлғалы арыстарымызды ауызға алғанда солардың еңбегінің жемісі саналатын елеулі шығармаларын ел кәдесіне жарата білудің түрлі тетіктерін қарастыра кетеміз. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты дарытсақ, аузы дуалы данагөйлеріміздің өнегелі жолын дәріптесек, ар алдындағы парызымыздың орындалғаны деп білемін.
Арыны қатты асау өмірден талай-талай шоқтығы биік азаматтар лек-легімен өткен. Өлсе де артында өлмейтұғын сөз қалдырған өр рухты қайраткерлеріміз өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Ертеде бір данышпан «Ақыл-ой еңбегінің ең маңыздысы және пайдалысы – өткен оқиғаларды жазу» деген екен. Оқиға арқылы орны бөлек тұлғаларымыздың қадір-қасиетін арттырсақ, артықшылығымыз сол болмақ.
Биыл ұлы жүздің бас биі Төле би бабаның туғанына 360 жыл толып отыр. Бұл біздің тарихи тұлғаға деген құрметті еселеп, оның өшпес өнегесін жас ұрпақ санасына сіңіретін сәт. Осыдан 30 жыл бұрын аудан орталығы Төле би Әлібекұлының есімімен аталып, үлкен той өткен болатын. Сол жылы аудан орталығынан Төле би бабамызға еңселі ескерткіш орнатылып, ел мерейі үстем болған еді.
Жыл басталғалы тарау-тарау тарихымыздың төрінен орын алған төбе биіміздің мерейтойына орай тек қазақ халқы ғана емес, күллі түркі жұрты түрлі деңгейдегі шараларды өткізуде. Олардың қатарынан Шу өңірі де қалыс қалар емес. Алдымен тұрғындар Төле би бабамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті.
Салтанатты іс-шарадан кейін ауданның белсенді жастары Төле би бабаның туған жері Жайсан қыстауынан Өзбекстан мемлекетінің Ташкент қаласындағы Төле би Әлібекұлының кесенесіне зиярат етуге аттанды. Бұл ретте ақсақалдар жастарға ақ жол тілеп, бата берді.
Сөйлер сөзге келгенде арыны қатты асау толқындай тулаған, қара қылды қақ жарған, төрелігімен талайларды тәнті еткен Төле бабаның торқалы тойына орай «Жыр арнадым еліме» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр кешін Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Шу қалалық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды. Оған Сарысу, Меркі, Қордай, Шу аудандарынан және Тараз қаласынан келген 14 пен 35 жас аралығындағы ақындар қатысты.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алдымен ақындар Төле би Әлібекұлына арнауын төгілтіп, екінші кезеңде еркін тақырыптағы өлеңдерін оқыды.
Ақындар мүшәйрасында кіл жүйріктен кім жүйрікті сараптар сәтте қазылар алқасы ақындардың қиыннан қиыстыра білуіне, өлеңін бөтен сөзбен былғамауына, ұйқаспен өрілуіне, көркем сөздерді қолдануына, тарихтан тамыр тартуына жіті мән беріп, бағалады.
Байқау нәтижесі бойынша, жүлделі III орынды Меркі ауданынан келген Мадияр Ақпенов, II орынды қордайлық ақын Әділет Құттыбай, I орынды шулық ақын қыз Күнсұлу Тәжен алды. Ал бас жүлдені Сарысу ауданынан келген Назерке Айнабекова иеленді. Ақындарға бағалы сыйлықтар табыс етіліп, естелікке суретке түсті.
Төле би Әлібекұлының 360 жылдығына арналған іс-шаралар легі республикалық айтыспен жалғасты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған от ауызды, орақ тілді сөз сүлейлері жергілікті жұрттың шөлін қандырып, рухани кеш сыйлады.
Өзара сөз бен ой, өлең мен өре салыстырылған аламан айтыстың негізгі мақсаты – Төле бидің есімін ел арасында кеңінен дәріптеп, оның өсиеттерін насихаттау, айтыс өнерінің дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету.
Жыр бәйгесіне елімізге белгілі Дидар Қамиев, Нұрмат Мансұр, Мұрадым Мирлан, Рауан Қайдар, Нұрзат Қару сынды ақындар қатысып, Шудың еліне, көрерменге әсерлі айтыс сыйлады.
Ақындар аламанында қазылардың ортақ шешімімен жамбылдық Алина Айдаралы бас жүлдені иеленсе, I орынды оралдық Мұрадым Мирлан қанжығалады. II орынның төрінен жерлесіміз Ғабит Есдәулет пен алматылық Нұрзат Қару көрінсе, жамбылдық Дархан Әбдіманат пен Қанат Мырзахан үздік үштікті түгендеді. Ал азулы айтыскер Дидар Қамиевке арнайы жүлде бұйырды. Сонымен бірге өзге де айтыскерлерге ынталандыру сыйлықтары берілді.
Сондай-ақ мерейтой аясында жастар арасында қазақ күресінен республикалық жарыс жалауын желбіретті. Бұл додада «Түйе палуан» атануға үмітті білекті 30 жас бақ сынады.
Жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, ұлттық спортты ұлықтап жүрген балуандарға сәттілік тіледі. Одан кейін жеребе тарту рәсімі бойынша іріктелген балуандар белдесуге шығып, өзара мықтыны анықтауға кірісті.
Тартысты жарыс қорытындысына сәйкес жасөспірімдер арасында «Түйе палуан» анықталып, арнайы белдеу мен сыйлық табысталады.
Сондай-ақ «Үш жүздің бас биі Төле би Әлібекұлы» тақырыбындағы ғылыми конференция ұйымдастырылды.
Айғаным Асқарбек,
журналист,
Шу ауданы
Келесі мақала
озат оқушылар сынға түсті
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024