ЕҢБЕК АДАМДАРЫНЫҢ МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН КҮН
19 қараша – Ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні. Ел ырысын еселеу жолында мойнына алған міндеттерін абыроймен атқарып келе жатқан сала мамандарының кәсіби мерекесіне орай Тараз қаласындағы «Достық» алаңында салтанатты іс-шара өтті. Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жәрмеңкені аралап, азық-түлік өнімдерінің бағасымен танысып шыққан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев салтанатты шарада сөз сөйлеп, облыс экономикасының басты өрге сүйреуші күші болып саналатын ауылшаруашылық саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.
– Ауылшаруашылығы – ел экономикасының дамуына серпін беріп отырған негізгі сала.
Ел Президенті ауылшаруашылық саласының дамуына барынша қолдау көрсетіп келеді.
Биыл облыста агрокешенді дамытуға 81 миллиард теңге бөлініп, 10 мыңнан аса шаруаға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде салада 498,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, ауылшаруашылығының негізгі капиталына 35,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ 374,1 миллиард теңгені құрайтын 28 жоба іске қосылмақ.
Биыл аймақта 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілді. Су үнемдеу технологияларын пайдалану мақсатында мемлекет тарапынан ұңғыма қазғаны үшін 80 пайызға, инфрақұрылым жүргізген жағдайда 50 пайызға дейін қолдау көрсетіледі. Жалпы заманауи технологияларды енгізуге барлық жағдай жасалуда. Облыста жаңбырлатып суару технологияларын жинайтын сервистік орталық құрылуда. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясына арналған құрылғыларды шығаратын зауыт ашу жоспарлануда.
Қызылша егу мемлекеттің үлкен қолдауына ие. Нақтырақ айтқанда, су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдану және агрокешенді шараларды уақытылы атқару қант қызылшасының өнімділігін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Одан бөлек облыста тыңайтқыштардың жаңа түрі жасалуда. Шаруаларды сапалы репродукциялы тұқыммен қамту мақсатында ғалымдардың жетекшілігімен 12 түрлі күздік бидай дақылы егіс алқабына себіліп, сынау тәжірибесі жүргізілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді. Ғылыми жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға облысты 100 пайыз жоғары сапалы тұқыммен қамту көзделуде.
Бүгінде облыстың ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты шаралар қабылдануда. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Бұл салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Келесі жылдан бастап ветеринария саласына бөлінетін қаражат көлемі екі есе артып, 2024-2025 жылдары автокөлік паркі жаңартылады. Орталықтандырылған ветеринариялық қызметті құру, мамандардың жалақысын 50-ден 100 пайызға дейін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде.
Құрметті сала қызметкерлері! Сiздердің қажырлы еңбектерiңiз ел экономикасының дамуына, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына зор үлес қосуда. Істеріңізге береке, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деген Ербол Шырақпайұлы ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне табанды еңбегі үшін алғысын білдіре отырып, бірқатар азаматты ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерімен, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ биыл мал және егіншаруашылығында және қайта өңдеу саласында толағай табысқа жеткен ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді марапаттап, сый-құрмет көрсетті.
Марапаттау рәсімінде жұмысшы мамандар да назардан тыс қалмады. Атап өтер болсақ, Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» серіктестігінің механизаторы Ғабит Найзабеков «Озат механизатор-2023» номинациясымен марапатталды. Ғабит Бекейұлы «Сыпатай батыр» серіктестігінде 2000 жылдан бері тракторшы-механизатор болып еңбек етуде. Мереке күні мерейі тасыған азамат өзін еңбекқор, істің көзін таба білетін іскер ұйымдастырушы, жауапкершілік жүгін жете сезінетін білікті маман ретінде көрсетіп келеді.
Ал Жуалы ауданындағы «Ескендір» шаруа қожалығының сауыншысы Жұпаркүл Ахметова «Озат сауыншы-2023» номинациясына лайық деп танылды. 2001 жылдан бері «Ескендір» шаруа қожалығында үздік жұмыс атқарып келе жатқан Жұпаркүл Ерғалиқызы 2023 жылы 50 сауын сиырдан күніне 20 литрден сүт сауған.
Сондай-ақ Талас ауданындағы «Байымбет баба» шаруа қожалығының шопаны Ержан Омаровқа «Озат шопан-2023» номинациясы табысталды. Қожалықтың шопаны 650 саулықтан қоздау кезінде 102 пайыз төл алған. Сонымен қатар шопан малды асылдандыру жұмыстарында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Салтанатты шарада облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Жиын соңы облыстық филармония өнерпаздарының «Ауылым – әнім» атты мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.
Ал жәрмеңкеде жалпы құны 55,2 миллион теңгені құрайтын 86,3 тонна ауылшаруашылық тауары ұсынылды. 14,5 тонна ет, 3 тонна шұжық өнімдері, 5,7 тонна сүт өнімдері, 6 мың жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер, 3,4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна тұз, 4,1 тонна балық, 6 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 46,1 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері нарық бағасынан төмен бағада өткерілді.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала