Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНА ДЕМ БЕРУДЕ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНА ДЕМ БЕРУДЕ
ашық дереккөз
МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНА ДЕМ БЕРУДЕ
Дүйсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұқашев баспасөз мәслихатын өткізді. Нұржан Нұрланұлы брифингте агроөнеркәсіп кешенінде жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді», деп атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын. Биыл негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында өңірде ауылшаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, биыл бұрнағы жылдармен салыстырғанда қаржыландыру көлемі ұлғайып, тиісінше шаруаларға көрсетілетін қолдау да артты. Сондай-ақ тартылған инвестиция көлемі де ұлғайды. Бірқатар жоба жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Әр бағытта атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталар болсам, 2023 жылы ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабы 762,5 мың гектарға жетіп, 6,5 мың гектарға артты. Биыл 380,3 мың гектар масақты дәнді дақыл егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 9,6 центнерді құрады және 363,2 мың тонна астық бастырылды. Сонымен қатар 1,1 миллион тоннадан астам көкөніс пен 446,3 мың тонна бақша дақылы жиналды. Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі – ауылшаруашылық техникаларының жаңаруы. Ел Президенті жоғарыда аталған Жолдауында: «Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауылшаруашылық техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», деді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде жыл басынан бері 1 543 техника алынып, 12,2 пайызға жаңартылды. Ауылшаруашылық техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 550 өтінімге 1,8 миллиард теңге субсидия төленді. Қазіргі уақытта техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда. Қант қызылшасынан қазірге дейін 161,8 мың тонна өнім жиналып, 148,2 мың тоннасы қант зауытына өткізілді. Биыл 459 гектар қант қызылшасына тамшылатып суару технологиясы енгізілсе, 1 939 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді, – деген Нұржан Нұрланұлы су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Н.Нұрланұлының айтуынша, ауылшаруашылық саласында өндірілген өнімнің 52 пайыздан астамы малшаруашылығына тиесілі. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері 3,6 пайызға, сүт өнімдері 1,4 пайызға ұлғайыпты. Жыл басынан бері 1,6 мың тонна ет экспортталған. Нұржан Мұқашев мал басында да өсім бар екенін атап өтті. Қазіргі уақытта өңірдегі мал саны 4,5 миллионды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға артыпты. Мал тұқымын асылдандыру бағытында да кешенді жұмыстар атқарылған. Асылтұқымды малшаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында шетелдерден 3,1 мың мүйізді ірі қара мал сатып алынса, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 26 мыңнан аса қой сатып алынған. Нәтижесінде облыстағы асылтұқымды мүйізді ірі қараның үлесі 26 пайызға, асылтұқымды қойдың үлесі 30 пайызға жеткен. Бүгінде облыста ет бағытындағы 5 асылтұқымды мал өсіретін репродуктор, 4 құс фабрикасы, 27 мал бордақылау алаңы мен 52 орта және ірі сүт фермасы жұмыс істеуде. – Өңірде 160 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Кәсіпорындарда 2,3 мыңнан аса адам жұмыс орындарымен қамтылған. Соңғы 5 жылда 31 өңдеуші кәсіпорын іске қосылды. Биыл құны 8,6 миллиард теңгені құрайтын 7 жобаны жүзеге асырып, 159 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күні Т.Рысқұлов, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында 4,4 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылып, 82 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы да жемісін беруде. Жобаның бірінші кезеңіне өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылып, 9,2 миллиард теңге игерілді. Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан жалпы 3 ауылдық округ пилоттық жобаға еніп, 253 жоба іске асырылды. 2022 жылы республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге бөлініп, 10 ауылдық округтегі 1 209 кәсіпкерге несие берілді. «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округте мал саны 26 пайызға, ет өндірісі 39 пайызға, сүт өндірісі 19 пайызға артты. Соған сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны да 1 254 адамға қысқарды. Үкімет қолдаған жоба бүгінде республикалық деңгейде масштабталып, барлық облыстарда жүзеге асырылуда. Нәтижесінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауылшаруашылық саласы жыл санап алға озып келеді. Алдағы уақытта суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауылшаруашылық техникаларын сатып алу, асылтұқымды мал санын арттыру, «ақылды» фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады, – деді Н.Нұрланұлы. Журналистер мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттандыру, қуаңшылықтан шығынға батқан шаруаларға өтемақы төлеу, су тапшылығын азайту мақсатында қолға алынған жұмыстар туралы сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Талғат Нұрханов
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар