Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Байыпты бастаманың берері мол

Байыпты бастаманың берері мол
ашық дереккөз
Байыпты бастаманың берері мол
Кейінгі жылдары елімізде стратегиялық мақсаттармен сабақтасқан салмақты реформалар жүзеге асуда. Былтыр өткен Президент сайлауында да осы бағыттағы байыпты бастамаларды лайықты жалғастыруға басымдық берілгені белгілі. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын ұсына отырып, мемлекетімізді одан әрі дамытудың негізгі жолдарын белгілеп берген болатын. Міне, содан бері бір жыл уақыт өтті. Ал нәтиже қандай? Біз Қазақстан Республикасы Үкіметі баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйене отырып, жыл ішінде жүзеге асқан жүйелі жұмыстарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Айта кету керек, аталған құжатта экономика, әлеуметтік сала және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер жөніндегі жоспарлар айқындалған. Бұл тұрғыда Сайлауалды бағдарламада: «Алдағы реформалар халықтың мұң-мұқтажына тиімді жауап болмақ, сонымен бірге сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұрақтылығымызды күшейтпек», деп жазылған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, басты мақсат – Қазақстанда әділеттілік орнату. Бағдарламада: «Мемлекет монополияларды жояды, табыстың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Қолынан іс келетін, еңбектенемін деген әр азамат өзіне лайықты жұмыс табады. Көмекке мұқтаж кез келген азамат мемлекет пен қоғамнан қолдау көреді», делінген. Primeminister.kz редакциясы Президенттің Сайлауалды тұғырнамасы аясында әлеуметтік саланы одан әрі дамыту жөніндегі міндеттердің орындалу барысына шолу жасаған. Енді нақты нәтижелерге тоқталайық. ● Жақында ғана Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу үшін заңнамалық түзетулерге қол қойды. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады. ● 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбейді. Осының арқасында әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда барлық сала бойынша жұмыс істейтін шамамен 1,8 миллион жалдамалы қызметкердің табысы өсті. ● Бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, шамамен 632 мың ата-ана 258 миллиард теңгеден астам сомаға төлем алды. ● Бұрын тауар түрінде берілген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет монетизацияланды. Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, 6 миллиард теңге сомасына 182 мың балаға қосымша төлем тағайындалды. ● Түрлі инстанцияларға жүгінбей-ақ, проактивті форматта мемлекеттік қолдау көрсетуді қарастыратын Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) енгізілді. Мысалы, әлеуетті қызмет алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі қажет. Өтінішті толтыру және жәрдемақыларды немесе төлемдерді тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады, осыдан кейін қаражат қызмет алушының банктік шотына аударылады. Цифрлық карта мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйесіндегі деректер негізінде қалыптасады. Бүгінгі таңда онда 6 миллионнан астам отбасы туралы мәлімет жинақталған. Отбасының цифрлық картасы қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін рәсімдеуге мүмкіндік береді: • еңбекке қабілеттілігін жоғалту жағдайы бойынша әлеуметтік төлем; • жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем; • асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер немесе жәрдемақы; • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) жәрдемақы; • мүгедектігі бойынша жәрдемақы; • көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы; • «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы; • атаулы әлеуметтік көмек; • жерлеуге берілетін бірреттік төлем. Отбасының цифрлық картасы арқылы зейнетақы төлемдерiн алу мүмкiндiгi, тағайындалған/ұзартылған «қандас» мәртебесi мерзiмiнің аяқталуы және жұмыссыз тұлғаларды жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жасалады. ● 2029 жылға дейін 3,3 миллионан астам азаматты жұмыспен қамту міндетін жүзеге асыру үшін 450 мың жаңа жұмыс орнын құру, оның ішінде жастарға арналған 200 мың жұмыс орнымен (44 пайызын) қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Жұмысқа орналастыру ұлттық жобалар, кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары арқылы және тағы басқа тетіктер бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жалпы әкімдіктерде өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітілді, оған сәйкес 911 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 847 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 420 мыңнан астамы – жастар. ● Уақытша жұмыссыз қалған азаматтарды қолдау жүйесі, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер көлемін кірістің 45 пайызына дейін ұлғайту арқылы күшейтілді. Оны 1 қарашадағы жағдай бойынша, 37,8 миллиард теңге сомасына 172,3 мың адам алды. ● Еңбек заңнамасын либеризациялау және жұмысқа алудың жаңа формаларын (қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс кестесі, жарты күндік жұмыс күні) дамыту мақсатында осы жылдың 1 шілдесінен бастап тиісті түзетулер енгізілді. Осылайша ресми түрде келесі режимдер пайда болды: бірлескен жұмысқа орналасу, икемді жұмыс кестесі, тараптардың келісімі бойынша 4 күндік жұмыс аптасы (5 күндік немесе 6 күндік жұмыс аптасына кезектестіру құқығымен) және платформалық жұмыс. ● Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының қатарындағы, оның ішінде мүгедектігі бар кәсіпкерлерге 9 мыңнан астам грант (400 АЕК-ке дейін) берілді. Грант алу үшін «business.enbek.kz» порталы арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқуы қажет. ● I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын отбасы мүшелеріне жеке көмекші ретінде еңбекақысын төлеу және жұмыс уақытын еңбек өтіліне қосып тіркеу мүмкіндігі енгізілді. ● ҚР азаматтарының мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған ішкі еңбек нарығын қорғау шараларын күшейту шеңберінде 2023 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы өткен жылмен салыстырғанда 21,5 пайызға қысқартылды. ●Жетім балаларға арналған 36 ұйым балаларды қолдау орталықтарына трансформацияланды. ● Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Бұған қоса орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет жұмысының жаңа қағидаттары бекітілді. Бұл шаралар тиісті мамандардың тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында психологиялық қолдау орталықтары құрылды. Бұдан бөлек педагог-психолог қызметі цифрландырылды – бұл оларға консультациялық көмекке мұқтаж балалармен арнайы жұмыс істеуге мүмкіндік берді. ● ҚР Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, ол жастарды әртүрлі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды кеңейту, жастар кәсіпкерлігін ынталандыру, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету және тағы басқа бағыттарды көздейді. ● Биылғы 1 наурыздан бастап жас кәсіпкерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы жылдық 2,5 пайызбен шағын несие беру көзделген. 7,4 мың өтінім қабылданды, 24,1 миллиард теңге сомасына 5,3 мыңнан астам шағын несие мақұлданды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында жосықсыз монополистердің қызметіне жол бермейтін республиканы дамытудың жаңа экономикалық моделіне көшу туралы да айтқан болатын. «Экономика демонополизация­ланады, ал мемлекет бизнеске қатысуын айтарлықтай азайтады. Адал бизнеске бюрократиялық қысым азаяды. Біздің барлық күш-жігеріміз кәсіпкерлікті ынталандыруға және қорғауға бағытталатын болады. Заң­сыз иемделінген және шығарылған активтерді елімізге қайтару бойынша жұмысты жандандырамыз. Олар ха­лық­тың игілігі үшін жұмыс істей­тін болады», делінген Мемлекет басшысының бағдарламасында. Осылайша Президенттің Сайлауалды бағдарламасы экономикада адал және нақты ережелер орнатуға бағытталған. Атап айтқанда, мемлекет салық, бюджет, ақша-несие, тариф саясатын тең дәрежеде әрі ашық жүргізетін болады, сондай-ақ ішкі өндірісті, шикізаттық емес экспортты және тағы басқа бағыттарды ынталандырмақ. Ендігі кезекте осы бағыттарда және жалпы Қазақстан экономикасын дамыту бойынша бір жылда жүргізілген жұмыстарға назар аударайық. ● 2022-2023 жылдары 41,3 миллиард АҚШ доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. ● Өнеркәсіп салаларында орта және жоғары дәрежеде өңделген өнімдерді өндіруде пайдаланылатын базалық материалдар қажеттілігіне талдау жасалды. ● Отандық өндірушілер мен өнеркәсіп-инновациялық қызмет субъектілері арасында шикізат жеткізу бойынша міндеттемелерді енгізуге бағытталған Қазақстан Республикасының «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңына түзетулер әзірленді. Бұл өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірісін қолжетімді бағада шикізатпен толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. ● Өндірушіден тұтынушыға дейін тауарларды жеткізудің ашықтығын қамтамасыз ететін тұтас кешен болып отырған Ұлттық қадағалау жүйесі енгізілді. ● Экономиканы демонополизациялау бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері бойынша: ● ірі 14 акционерлік қоғам мен ЖШС-дағы акция пакеттері мен қатысу үлестері; ● 7 ғимарат, 162 теміржол мен теміржол нысаны; ● автомобильдер, ақшалай қаражат пен басқа да мүліктер республикалық меншікке қабылданды. ● Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық және саяси реформа­ларының жалғасы ретінде «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң қабылданды. Оның нормалары әкімшілік-билік ресурстарына иелік еткен немесе осындай қолдау алған олигополия субъектілеріне қатысты қолданылатын болады. Сондай-ақ адал инвесторлардың мүдделері толығымен қорғалатын болады. ҚР Премьер-Министрінің төрағалы­ғымен Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Оның құрамына белсенді азаматтық позициясы бар қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері кірді. Бүгінгі таңда мемлекетке құны шамамен 1 триллион теңге сома болатын активтер қайтарылды. Оның шамамен 600 миллион АҚШ доллары басқа юрисдикциялардан қайтарылған. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктеріне шамамен 15 миллион АҚШ доллар, Аустриядан 82 миллион, Лихтенштейннен 260 миллион, Гонконгтан 2 миллион АҚШ доллары қайтарылды. Қазыналық саясатты қайта қарауға көп көңіл бөлінуде. Мәселен, жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленіп жатыр. Жұмыс тобына сарапшылар, экономистер және бизнес-қоғамдастық өкілдерінен 1 мыңға жуық ұсыныс түсті. Сонымен қатар «сән-салтанат» заттарына қосымша акциз енгізу мәселелері пысықталып жатыр. Мұндай мүмкіндікті қарастыру қажеттігі туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеген. ● Көлеңкелі экономиканың үлесін 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 15 пайызына дейін төмендете отырып, ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жеткізу қажет. 2022 жылы елдегі мемлекеттен жасырылған экономикалық қызмет көрсеткіші ЖІӨ-нің шамамен 18,7 пайызын құрады (жоспар бойынша – 19,9 пайыз). Президенттің Сайлауалды бағдарламасында қойылған мақсаттарды орындау үшін Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары өзектендірілді. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Кәсіпкерлерді көлеңкелі сектордан шығару үшін қолайлы бизнес-орта құрылуда. ● «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылданды. Заң аясында борышкерлер үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдері қарастырылған. Соттан тыс банкроттық рәсім банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары бойынша келесідей шарттарда қолданылады: берешек 1 600 айлық есептік көрсеткіштен аспаған жағдайда (2023 жылы 5 520 мың теңге); қарыз 12 ай бойы өтелмеген жағдайда; жеке мүлкі болмаған жағдайда; банкпен реттеу рәсімі жүргізілген жағдайда. Сот арқылы банкроттық рәсімі кредиторлар алдындағы берешек 1 600 айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда және берешектің барлық түрі бойынша қолданылады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі сот арқылы берешекті 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін алуды қарастырады. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесе әзірленіп, сот арқылы бекітіледі. Бұл рәсім түрінің ерекшелігі сол, одан кейін борышкерге «банкрот» мәртебесі берілмейді, сондықтан борышкерге оның салдары қолданылмайды (5 жылға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға тыйым; банкроттықты тек 7 жылдан кейін қайта қолдану; «банкроттықтан» кейінгі 3 жыл қаржылық жағдайы тексеріледі). Бүгінгі таңда 11,3 миллиард теңгеден астам сомаға 7,1 мың азамат банкрот деп танылды. ● Тариф белгілеудің барлық процесінің ашықтығы, есептілігі және жариялылығы қағидаттарына негізделген тарифтік реформа басталды. Табиғи монополиялар саласын реттеудің әрбір кезеңі «Монополист» базасында цифрландырылған. Кәсіпорындардың сатып алулары да электрондық форматқа ауыстырылды. Қазақстандық тұтынушылардың қара­жатын мақсатты пайдалану жұртшылық пен техникалық сарапшы­ларды тарта отырып бақыланады. Егер тұтынушылардың құқықтары бұзылған болса, олар үшін уақытша өтемақы тарифтері енгізіледі, ал табиғи монополиялар субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында Үкімет алдына еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша да бірқатар жаңа міндет белгіледі. «Ауылшаруашылығы экономика­ның жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік баста­мала­рын қолдаймыз. Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайда­ланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыс­тарын жандандырамыз», делінген Сайлауалды бағдарламада. Мемлекет басшысы атап өткендей, су үнемдейтін тиімді технология енгізіп, мелиорация және суару жүйесін қалпына келтіру керек. Сонымен қатар мемлекет ауылшаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру бойынша кең ауқымды жобаны іске асыруда. «Кооперативтер егістіктен дүкен сөресіне дейін өнімді тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арыла­мыз», делінген құжатта. Президенттің сайлауалды бағ­дар­ламасы аясында Қазақстан Республикасының агроөнеркә­сіптік кешенін дамыту бойынша бір жыл ішінде жүргізілген жұмыстармен де таныса отырыңыздар. ● Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында шаруалар 40 миллиард теңгеге 1 053 комбайн мен трактор сатып алды. ● 2,8 мың бірлік мал азығын жинау техникасын сатып алуға 20 миллиард теңге бөлінді. ● 8 миллион гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды. ● Ауылшаруашылығы кооперациясын дамыту және ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында республикадағы барлық жеке қосалқы шаруашылықтың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке тарту, шағын несие беру есебінен 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру және өткізу нарығына шығуды қамтамасыз ету көзделіп отыр. 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын қамтитын жобаны жүзеге асыруға барлығы 1 триллион теңге қарастырылған. 2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінді. Бұл ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қаражат толығымен игерілді. Басқа өңірлерде жұмыс жалғасуда. ● Елді сумен қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді шешуді көздейтін жаңа Су кодексінің жобасы әзірленді. Жоба сумен жабдықтау, су бұру, суару мәселелері, сушаруашылығы нысандарының қауіпсіздігі сияқты көптеген бағыттарды қамтиды. ● Елдің сушаруашылығы жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасын тауып келеді. Мәселен, 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында сыйымдылығы 1 700 миллион текше метр болатын жаңа 9 суқойма салу жоспарланып отыр. Оны ауылшаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану жоспарланған. Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 705 миллион текше метрден астам суға арналған 11 суқойма салу қарастырылған. Сонымен қатар республикадағы суармалы ауылшаруашылығы алқапта­рының жалпы ауданын 1,8 миллион гектардан 2,5 миллион гектарға дейін ұлғайту, қолданыстағы 15 суқойма мен 3,5 мың шақырым суару желілерін күрделі жөндеу, сондай-ақ 212 каналдың суды есепке алу жүйесін цифрландыру жоспарланып отыр. Сайлауалды бағдарлама сан саланы қамтыған. Басқа бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарға алдағы уақытта кеңірек тоқталатын боламыз. Бақыт Жалғас
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар