Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлімжеттікке жол берілмейді

Әлімжеттікке жол берілмейді
ашық дереккөз
Әлімжеттікке жол берілмейді
Атаулы күнге орай бүкіл әлемде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» акциясы басталады. Науқанның басты мақсаты – 16 күн ішінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мүшелеріне психологиялық, құқықтық көмек көрсету, зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту бойынша қызмет көрсету. Сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, тұрмыстық қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу. Соңғы кездері елімізде отбасы жағдайында дау-жанжалдың соңы өкінішке, қысым көрсетудің соңы қылмысқа әкелетін жағдайлар өте көп орын алуда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың өзінде соңғы үш айда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 27 мың адам жауапқа тартылыпты. Сот шешімі бойынша 13 мыңнан астам адам қамауға алынып, 11 мыңына ерекше талаптар белгіленген. Жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін 68 мың қорғау нұсқамасы шығарылған. Ал шектеулерді бұзғаны үшін 8 мың адам жауапқа тартылыпты. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық қылмыстардың 80 пайызы мас күйінде жасалатын көрінеді. Қоғамда үлкен дертке айналған бұл мәселеге жауапты мамандар ғана мүдделі болмауы қажет. Көпшілік болып зорлық-зомбылыққа жол бермеуді қазірден қолға алмасақ, болашақта кез келген жағдайда агрессивті мінез-құлық көрсететін ұрпақ өседі. Ал ұрпақ тәрбиесі отбасыдан қалыптасатынын ескерсек, ата-ана бала тәрбиесі жолында барынша өзін тұлға ретінде қалыптастыруы қажет. Сонымен қатар үйдегі ұл-қызды үнемі зиянды заттардан бойын аулақ ұстап отыруымыз керек. Бұл ретте облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында «Елу жылда – ел жаңа» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен жыл басынан бері «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» акциясы, «Отбасы тұрақтылығы, өзара қарым-қатынас пен некені сақтаудың маңыздылығы» тақырыбында семинар, «Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Отбасын қолдау мектебі» атты семинар тренингтер тұрақты өткізіліп келеді. Іс-шаралар барысында түрлі жас аралықтарынан жан-жақты түсіндірумен қатар, дұрыс тәрбие беру, отбасы құндылықтары жайында үлгілі отбасылардан ақыл-кеңестер берілді. Сонымен қатар есепте тұрған агрессорлармен жиын өтіп, оларға психологиялық кеңестер беріліп, еңбекке тарту үшін бос жұмыс орындары ұсынылды. Жоғарыдағы іс-шаралардың барлығы отбасылық жанжал, зорлық-зомбылықты азайту мақсатында ұйымдастырылған. Иә, статистика көңіл көншітпейді. Соңғы 2,5 жылда үйдегі осындай жағдайдың салдарынан 300 адам көз жұмған. Олардың дені әйелдер көрінеді. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқықбұзушылықтар үшін бірқатар азамат қылмыстық, 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше ден қойып, аталған қылмыстар үшін жаза мен жауапкершілікті арттыру қажеттігін баса айтты. Жазаның ауыр болуы елдегі жайлаған проблеманың оң шешілуіне ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Түптеп келгенде, әр адам өзінің аманатына, отбасына жауапкершілікпен қарағаны жөн. Сонда ғана зорлықшыл қоғам, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан ада орта қалыптасады. Шарапат Сүйімқұл, «Елу жылда – ел жаңа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар