Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауыл әйелдеріне арналған форум

Ауыл әйелдеріне  арналған форум
ашық дереккөз
Ауыл әйелдеріне арналған форум
Әшейінде «Әйел – үйдің, еркек – түздің адамы» деп жататынымыз бар. Алайда әйелдердің отбасы бақыты үшін бәріне дайын екенін, «мынау ердің, мынау әйелдің ісі» деп бөліп жармайтынын, қолынан келіп тұрса жұмыс талғамайтынын заман сан мәрте дәлелдеп берді. Мысалы, кезінде тоқсаныншы жылдардың экономикалық тоқырауы елімізді қыспаққа алғанда бала бағып үйде отыруы тиіс ақжаулықтылар қарап отырмай, отбасы, ошақ қамы үшін ала дорба арқалап, базар жағалағаны баршаға мәлім. Бір кезде базар көрігін қыздырған сол әйелдердің алды қазір дардай кәсіпкер. Олар мұндай жетістікке өздерінің қарым-қабілеті мен күш-қуатының, іске еп-себінің бар болуы арқасында жетті. Сол секілді трактор тізгіндеп, мал бағатын, егін егіп, өнім өндіретін әйелдер қазіргі заманда да көп. Оның дені ауылдық жерде тұрады. Дегенмен олар ел көзіне онша түсе бермейді. Ал бүгінгі заман сондай белсенді әйелдердің артықшылығын пайдаға асыруды қажет етіп отыр. Сол себепті ауыл әйелдерінің белсенділігін тиімді пайдалануды көздейтін Ауыл әйелдерінің республикалық форумы бірнеше жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Жақында Астана қаласында «Тұрақты даму басымдықтарын қалыптастырудағы ауыл әйелдерінің рөлі» атты Ауыл әйелдерінің VI форумы ұйымдастырылды. Аталған жиынға облыстан 45 делегат барса, оның ішінде Қордай ауданынан өкіл ретінде аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Шынаркүл Бейсембаева да қатысты. Ол аталған форумға әулиеаталық нәзікжандыларды облыс әкімі аппараты әлеуметтік-саяси мониторинг бөлімінің бас инспекторы – облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зауре Тұрғынова бастап барғанын айтады. – Форумда спикер ретінде сөйлеген ақжаулықтылар арасында «Instagram» әлеуметтік желісінде көпшілікке «тракторшы келін» (traktorshi_kelin) деген парақша арқылы танылған белсенді әйелдің іс-әрекеті мені тәнті етті. Ол өз отбасына келін болып түскеннен соң мал карау жұмыстарына күйеуіне көмектесіп жүріпті. Екеуі малды бірге жайғап, уақыт үнемдей білген. Кейінірек күйеуінің қарсылығына қарамай трактор тізгіндеп, шөп шапқан. Оны тайлап, үйге тасыған. Малдың садырасы мен қи-қоңын да тіркемеге артып, оны аулаққа төгу секілді техниканың күшімен атқарылатын жұмысты тез-ақ игеріп әкеткен. Оның шаруашылыққа қатысы бар барлық тірлікті жұбайымен бірге атқарғаны ұнады. Жалпы республикалық деңгейде өткен форумнан ерекше әсер, өзім үшін жаңа деректер алдым. Ауыл әйелдерін, оның ішінде ауылдағы кәсіпкер әйелдердің бастамасын қолдау – экономикамызды ілгерілететін алғышарттардың бірі. Сондықтан бұл форум нәзікжандылар арасындағы кәсіпкерліктің дамуына серпін беретініне сенемін, – дейді Шынар Саурбайқызы. Айта кетейік, форум тәжірибе алмасу, ауылдық аумақтарды дамытудың түрлі бағыттарының үздік өкілдерін және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі әлеуметтік жобаға қатысушыларды оқыту және марапаттау алаңына айналды. Жиын «Жасыл экономиканы қолдау және Global-ды дамыту коалициясы» мен «Әлеуметтік динамика қоғамдық қоры», ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Coca-Cola» халықаралық қорының қолдауымен ұйымдастырылды. Жиын барысында 4 өңірлік форум өткізілді. Өңірлік форумдар аясында облыстардың күн тәртібінде тұрған мәселелер талқыланды. Аталған форум әйелдер арасында, оның ішінде ауылда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетеді. Биыл барлығы 15 мыңнан астам әйел кәсіпкерлік негіздері және қосалқы шаруашылық жүргізу бойынша тренингтерге қатысты. Нұрым Сырғабаев
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар