Қазақстандық ғалымдар Ұлытаудағы ең ірі су қоймасын қалпына келтіруге кірісті
- author AR-AY
- Бүгін, 15:41
- 19

Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы, Назарбаев Университеті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және «Республикалық микроорганизмдер коллекциясы» РМК мамандары Кеңгір су қоймасының су сапасын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба әзірлеуде.
Жоба аясында су айдынын заманауи әрі экологияға зиянсыз әдістермен тазарту көзделген. Ол үшін табиғи адсорбенттер қолданылып, тиімді бактерия штаммдары енгізіледі, тоған балықтары жіберіледі және өзен сағаларында сүзгілеу аймақтары құрылады. Сонымен қатар су сапасы датчиктер арқылы тұрақты бақылауға алынып, ай сайын зертханалық талдау жүргізілмек.
Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2026-2027 жылдар. Мамандардың айтуынша, бұл бастама су сапасын қалпына келтіруге, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға және биологиялық әртүрлілікті сақтауға ықпал етеді.
«Кеңгір су қоймасында бұрын-соңды мұндай жоба іске асырылған емес. Ол Жезқазған қаласы мен іргелес аудандарды сумен қамтамасыз етуде стратегиялық нысан саналады», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылыми және инновациялық технологиялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.
Кеңгір су қоймасы – Ұлытау облысындағы ең ірі су қоймасы. Оның көлемі 319 млн текше метрді құрайды. Биыл наурызда Үкімет қаулысымен нысан мемлекет меншігіне қабылданған болатын.