Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шаңырақтың шырқы бұзылмасын

Шаңырақтың  шырқы бұзылмасын
ашық дереккөз
Шаңырақтың шырқы бұзылмасын
Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Ал жетім мен жесірдің қабағын кір шалмауы, бала тірі жетім атанбауы үшін ұлттық құндылықтарымызды құнттаудың маңызы зор. Отбасы құндылығын кез келген тұлға өзінің рухани, мәдени, ішкі дүниетанымының деңгейіне байланысты қабылдайды. Бұл – өмір шындығы. Көп жағдайда отбасын құрған екі ересек адам өзінің отбасында алған тәлім-тәрбиесін, мәдениеті мен ұстанымдарын жаңа құрған шаңыраққа әкеледі. Қоғамда орын алып жатқан көптеген түсініспеушілік пен қарама-қайшылықтар да осы тұрғыдан болуы ықтимал. Соңғы уақытта қоғамның әлеуметтік және экономикалық салаларындағы өзгерістер мен дамулар салдарынан отбасы құндылығының жаңа түсінігі қалыптасып жатыр. Қоғамдағы хал-ахуал, заманауи көзқарас адамның рухани танымдық және тәрбиелік қабылдауын да өзгертті. Отбасы мәселесі, отбасы құндылығына мемлекет тарапынан ден қойылып, тиісті іс-шаралар атқарылып жатыр. Дейтұрғанмен соңғы уақытта отбасы мүшелерінің екіге бөлініп кетуі, балалардың толық емес отбасында тәрбиеленуі қалыпты жағдай болып барады. Некені бұзу туралы арыздардың өсуі, кісі өліміне жетелеп жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық та қоғамда жиі көрініс табуда. Ал мұндай отбасылық дау-дамай мен кикілжіңді болдырмау, отбасының шырқы бұзылмауы, отбасы мүшелерінің, жалпы қоғамдағы адамдардың біріне-бірі зорлық-зомбылық, әлімжеттік жасамауы үшін не қажет? Осы орайда біз отбасы құндылығын дәріптеумен айналысып жүрген «Елу жылда – ел жаңа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шарапат Сүйімқұлды әңгімеге тартқан едік. Ол бүгінгі заманда ұлттық тәрбиеге байланған кіндігіміздің ата-баба ұстанған сара жолдан ажырап бара жатқанын, ұлттық тәлім-тәрбие мен таным-түсініктің осалдығынан біз сөз етіп отырған мәселе қоғамда жиі көрініс тауып жатқанын сөз етті. Аталған үкіметтік емес ұйым облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында Әулиеата өңірінде көптеген іс-шаралардың өтуіне мұрындық болып келеді екен. Сондай жиынның бірі – «Балаларды толық отбасында тәрбиелеудің маңыздылығы» тақырыбында өтіп жатқан облыс аумағындағы дәрістер. – Тараз қаласында орналасқан «Анаға тағзым» орталығында, Жамбыл ауданының Аса ауылында, Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылында және «Аналар үйінде» өткен іс-шаралар барысында осы мәселелер талқыланды. Оған танымал психологтар, бала құқықтарын қорғау мекемелерінің уәкілдері, әлеуметтік сала мамандары шақырылды. Жиын барысында жас отбасыларға үлгілі отбасының ұйытқысы болып отырған аналар отбасылық қағидаларын айтып, ақыл-кеңестерін берді. Бұл өз кезегінде енді ғана шаңырақ құрған отбасылар үшін қажетті дүние болары сөзсіз. Өйткені әрбір отбасыдағы ең үлкен жауапкершілік бала тәрбиесі болып саналады. Ал баланың ең алғашқы қоғамды тануы, отаншылдық сезімі осы отбасында қалыптасады. Психологтардың пікірінше, жас жұптар отбасылық өмірді бастамас бұрын бірлесіп өмір сүрудің жағдайын талқылап, өзара келісімге келуі қажет. Осы сарында өткен барлық жиындардан түйіндегеніміз, кез келген проблемалық мәселе туындаған сәтте адам өзгені кінәлауға көшпестен бұрын өзін-өзі тәрбиелеу жұмысын қолға алуы керек. Қандай дауды да бейбіт жолмен шешуге болады. Қиындықтарды еңсеру арқылы нағыз бақытты отбасын қалыптастырып, бақытты бала тәрбиелеуге болады, – дейді Шарапат Батырбекқызы. Бүгінде толық емес отбасылар мен жалғызбасты аналардың көбеюі қоғамды ойландыруы тиіс. Өмір болғаннан кейін біреу ата-анасынан жастай айырылуы, жесірі қара жамылуы мүмкін. Ал біз сөз етіп отырған мәселе күйеуі мен әйелінің көңілі жараспай, баланы әкесі немесе шешесі бағып-қағып отырған немесе жетімдер үйіне өткізген отбасыларға қатысты. Сондай-ақ тұрмыс құрмай, заңды некеде тұрмай бала тапқандарға да айтар ақылымыз жоқ. Бастысы кімде-кім отбасын құрған болса, сол үйдің ер-азаматы шаңырақтың шырқының бұзылмауын, отбасының ошағы ойран болмауын қаперде ұстауы қажет. Алдыңғы буынды түзеу қолдан келмес, кейінгі буын, оның ішінде отбасын жаңадан құрған немесе енді үй болғалы жүрген жастарға үлкендер отбасы құндылығы туралы ақыл айтудан танбауы керек. Бұл бағыттағы үгіт-насихат жұмысын жүргізуде қоғамдық бірлестіктер мен ақсақалдар, аналар кеңесі секілді ұйымдар мен басқа да жекелеген танымал тұлғалардың тигізер пайдасы зор. Нұрым Сырғабаев
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар