Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МҰҒАЛІМ БІЛІКТІЛІГІН БАҒАЛАУДЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ

МҰҒАЛІМ БІЛІКТІЛІГІН БАҒАЛАУДЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ
ашық дереккөз
МҰҒАЛІМ БІЛІКТІЛІГІН БАҒАЛАУДЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ
Елімізде білім беру сапасын арттыру және педагог мамандығының мәртебесін көтеру мақсатында енгізіліп жатқан жаңа бастамалар уақыт өте келе өз нәтижесін беруде. Соңғы 3 жылда қазақстандық оқушылардың халықаралық олимпиадаларға қатысу рейтингінде медальдар санының көбеюі мен білім сапасының артып келе жатқаны – осы сөзіміздің айғағы. Оқушылардың әлеуетін дамыту үшін өткен жылы заңнамалық деңгейде халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына және оларды дайындаған педагогтарға материалдық сыйақы төлеу нормасы енгізілді. Мұндағы мақсат – зияткер, дарынды балаларды анықтау, дамыту, жетістікке жетелеу және сапалы білім берудің негізі саналатын мұғалімдердің әлеуетін үздіксіз қолдау екені белгілі. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» деген ұлы педагог Константин Ушинскийдің сөзіндегі ұстаз мамандығына мемлекет тарапынан қолдау керек екені анық. Алдағы жылдан бастап ұстаздарды қолдаудағы жаңашылдықтың бірі – педагогтарды аттестаттау жүйесінің жетілдірілген нұсқасы тәжірибеге енбек. Педагогтарды аттестаттау жүйесін автоматтандыру үшін ұлттық платформа әзірленуде. Бүгінгі таңда ұстаздар қоғамдастықтарында педагогтарды аттестаттаудың жаңа ережесінің тиімділігі мен болжамдары талданып жатыр. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, педагогтар назарына ұсынылған жаңа жобаға қатысты бірқатар мәселені нақтылау қажет. Жаңа ережеге сәйкес, педагог тек пән бойынша тест тапсырады, бұл педагогке өз пәнінен терең білім-білігін көрсетуге мүмкіндік береді. Педагогтың білімін бағалау нәтижесі шекті деңгейді «педагог-модератор» 60 пайызды, «педагог-сарапшы» 70 пайызды алған кезде оң деп саналады. Сонымен қатар 30 жылдан астам педагогикалық еңбек өтілі бар педагогтардың да біліктілік санатын растау тәртібіне біліктілік тестінен босату сияқты жеңілдіктер қарастырылған. Екіншіден, мұғалім өзі ұсыныс берген біліктілік санатының талаптары бойынша аттестаттауға дайындалу үшін құжаттарын жинап, қағазбастылыққа салынбайды. Өйткені бұл процесс автоматтандырылған. Яғни педагогтың үздіксіз кәсіби дамуы бойынша деректер ұлттық платформада жинақталады. Платформа педагогтың қызметіндегі жетістіктерді автоматты түрде жинақтайды. Әдетте мұғалім санатын көтеретін немесе растайтын уақытта ғана белсенді болады, «биыл санатымды растайтын едім» деп сабағын өтумен қатар, том-том құжаттарын дайындаумен де әлек болатын. Ал ұлттық платформа мұғалімнің белсенділігін бақылап отырады, тіпті алдын ала ескерту де жасайды. Ереже бекітіліп, платформа дайын болғаннан кейін 2024 жылдың ақпан айынан бастап пилоттық режимде 4 облыста және Астана қаласында енгізіле бастайды. Содан кейін ғана республика көлемінде енгізілетін болады. «Қолдау бар жерде нәтиже бар» демекші, педагогтарды кәсіби қолдаудың осындай жаңаша форматы өте тиімді бастама деп санаймын. Сағадат ҚАРЫМБАЕВА, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы облыс бойынша кәсіби даму институтының инновациялық оқыту және педагогикалық технологиялар кафедрасының меңгерушісі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар