Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баланы қолдаудың басты құралы – тәрбие

Баланы қолдаудың басты құралы – тәрбие
ашық дереккөз
Баланы қолдаудың басты құралы – тәрбие
Ана мен баланы қорғау, оларға қолдау көрсету мемлекет үшін маңызды мәселе. Оның ішінде балаға қолдау көрсету жасөспірімнің тек құқығын қорғап, әлеуметтік жағдайын түзеумен шектелмейді. Баланың денсаулығының қалыпты болуы, заман талабына сай лайықты біліммен қамтылуы, тағылымды тәрбиені бойына сіңіріп өсуі де мемлекет үшін маңызды. Қазіргі таңда мектеп, балабақша және басқа да түрлі үйірмелер арқылы жұмыс істейтін шығармашылық немесе қосымша білім беретін орталық секілді балаға білім мен тәрбие беретін кез келген мекеме мамандарының басты міндетінің бірі – жас ұрпаққа жан-жақты білім берумен қатар, оларды ұлттық болмысқа сай етіп тәрбиелеу. Жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеу кез келген адам үшін оңай шаруа емес. Ол үлкен жауапкершілікті, ізденіс пен шыдамдылықты қажет етеді. Осы орайда біз Талас ауданының білім бөліміне қарасты балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Айгүл Бескемпіровамен тілдесіп, мекеменің атқарып отырған жұмысы жайлы сұраған едік. Ол жалпы мекеме алты бағытта, яғни қоғамдық-гуманитарлық, тарихи-өлкетану, спорттық-сауықтыру, жаратылыстану-математикалық, көркем эстетикалық, ғылыми-техникалық тұрғыда жұмыс істейтінін сөз етті. Орталықтың аудан бойынша 11 елді мекенінде филиалы бар екен. Соның бірі Ойық ауылында өз алдына ашылған филиал болса, қалғаны ауыл мектептерінде. Ауылдық жердегі білім ошақтарында орталықтың екі-екіден педагогтары жұмыс істейді екен. – Қазіргі заман баламен жұмыс істейтін мұғалімнен жан-жақты білімді, жаңа ақпараттық технологиялармен қаруланған, өз ісіне жетік, озық ойлы болуын талап етіп отыр. Себебі баламен жұмыс істейтін маманның тұлға қалыптастыруға әлеуеті жетерлік болса, онда ондай ұстаздың қолынан шыққан балалар жаман болмайды. Десе де оқушының жеке тұлғалық қасиетін дамыту үшін баланың шығармашылық мүмкіндігінің келісті болуы да басты рөл атқарады. Сондықтан біз әр оқушының неге қабілетті екенін анықтап, сол бойынша оның шырағын жағуға мейлінше күш саламыз. Өзіміздің мекеме арқылы біз оқушының бос уақытын тиімді пайдалануға барынша атсалысамыз. Мектепте мұғалім, үйде ата-ана бала тәрбиесімен айналысса, орталықта біз де бала бойына тұлға болып қалыптасу жолындағы тағылымды тәрбие мен білімді сіңіреміз, – дейді Айгүл Шаймерденқызы. Аталған орталықтың тәлімін алып жүрген бірқатар оқушы биыл «BaIbuIaq» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы ұйымдастырған V республикалық «Көктем шуағы», ІV халықаралық «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты байқауға, ІХ ашық республикалық балалар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер сайысына, республикалық «Akberen Education», «Абай оқулары» конкурсына, «JANARGAN QAZAQSTAN» атты республикалық өнер-білім байқауына, «Өркен» ІХ ашық республикалық балалар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер және басқа да республикалық, облыстық деңгейдегі додаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болыпты. «Ұлттық қолөнер» үйірмесінің жетекшісі Венера Мұратбекова оқушыларға әр сабақта алдарына қойған мақсаттарына жауапкершілікпен жетуге, қызығушылықпен қатысуына ықпал етуге тырысатынын айтады. Ол: «Менің сабағым ұлттық қолөнерге қатысты болғандықтан бала бойына ұлттық құндылықтарды да сіңіруге тырысамын. Ұлт болашағы – жас ұрпақтың нәтижесінде екенін ешқашан ұмытқан емеспін. Сондықтан озат тәжірибелі ұстаздардың сабағына қатысып, әдіс-тәсіл алмасып тұрамын», деді. Мұндағы маманның бірі – Арайлым Қайратқызы. Ол көркем эстетикалық бағыт бойынша үйірме жетекшісі болып еңбек етеді. Айтуынша, 3-5-сынып аралығындағы балалар үйірмеге аптасына екі мәрте келеді екен. – Бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлген халықтың бірі – қазақ. Ата-бабамыздың балаға ұлттық тәрбие беруде ғасырлар бойы жинақталған әдіс-тәсілдері өте көп. Адамның алдында тұрған ең ұлы мұрат пен мақсат-мүдденің бірі – өз ізін жалғастыратын, артында қалатын ұрпағына саналы, салиқалы тәрбие беру. Ұрпағымызды жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты келіскен, мәдени-рухани ой-өрісі озық азамат етіп тәрбиелеу үшін халықтық салт-дәстүрлердің, әдеп-ғұрыптың алатын орны айрықша. Сабақ барысында осы тектес мәселелер негізге алынады. Баланы өз ойын шапшаң әрі көркем жеткізуге баулимыз. Оқушылардың мектепте алған оқу-тәрбие үрдісін әрі қарай дамыту үшін бар мүмкіндікті жасап, қабілетін шыңдаймыз. Көркем әдебиет жанрына байланысты өлең, шығарма жазуды үйретеміз. Қоғамдық белсенділігін дамытуға да атсалысамыз. Осы тектес артықшылықтар бала бойына сіңіріліп, олар ақылы толысқан, ұлттық болмысымызға сай парасатты азамат болып өседі. Сол кезде біз сіңірген еңбектің нәтижесін қоғам көреді, – дейді ол. Бала болашағына өскен ортасы мен алған тәрбиесі ықпал ететіні белгілі. Демек, ұлттық тәрбиемен сусындаған жасөспірімнің ертеңгі күні ержеткенде опық жемейтіні анық. Нұрым Сырғабаев Талас ауданы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Орны бөлек орталық
Алдыңғы мақала
Орны бөлек орталық

Ұқсас жаңалықтар