Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖЫЛЫ СӨЗ ЖАН ЖАДЫРАТАДЫ

ЖЫЛЫ СӨЗ ЖАН ЖАДЫРАТАДЫ
ашық дереккөз
ЖЫЛЫ СӨЗ ЖАН ЖАДЫРАТАДЫ
Мектеп оқушысы да жеке тұлға. Өзіндік пікірі, көзқарасы, айрықша ойы бар. Бастауыш сыныптан-ақ баланың қабілеті, таланты байқалады. Оны кейбір ата-ана жандандырады, кейбірі өшіреді. Ал орта сыныпқа өткенде оқушыда жасөспірім шақ қалыптасады. Яғни әр нәрсеге ашуланып, ойын сабақтай алмай, сабақ оқығысы келмей, тек өз айтқаны болса дейтін кезең басталады. Мұндай дене бітімі қалыптасып, ержетіп, бойжетіп келе жатқан тұста әке-шешенің сөзін елең қылмай, өзін білімді, ақылды санауы да бек мүмкін. Сондықтан жасөспірімдік шақты көреген ата-ана оңды өткізеді. Балаға түсінушілікпен қарайды. Бұрындары оқушыларда жасөспірімдік өтпелі кезең 14-15 жаста ғана біліне бастайтын. Қазір дамыған заманның ұрпақтарында бұл кезең 11-12 жастан басталуда. Ерте кезден бала пісіп, жетіліп, бойында өзгеріс пайда болады. Баланы бала ғой деп емес, дана деп, болашақ ұлы ғалым, мықты ақын немесе дәрігер деп қараңыз. Жасөспірім шақта оларға құрметпен қараудың маңызы зор. Еркелетіп, басынан сипай отырып жұмсамасаңыз, оның мінезін шатақтау етіп аласыз. Бүгінде кейбіреулер бала күнінде алған психологиялық жарақаттарының бар екенін айтып жатады. Психолог болған соң маған келіп мұңын айтып, ішкі сырларымен бөлісетіндер көп. Қайырылушы «детская травмам» бар деп әңгіме бастаса, әуелі мұқият тыңдап аламын. Психолог этикасында «проблеманы» құнсыздандыруға болмайды. Сол үшін де барынша маман ретінде кеңес беруге тырысамын. Бала кезде болған зорлық-зомбылық, кісі өлімі, шешесін өлімші етіп сабаған әке, кейіпкерге жасалған қиянаттарды бастан өткергендермен барынша терапия өткіземін. Расында, процесс өте қиын. Бұлар сана үшін, болмыс үшін үлкен травма. Жылдар бойы жинақталған қалдықтар бір күні жиналып, жарылыс болады. Ал енді «ата-анам дұрыс көңіл бөлмеді, велосипед әпермеді, кітаппен басымнан ұрды, жаңа жылға лайықты көйлек кие алмадым, есеп шығармағаным үшін бұрышқа тұрдым» деген ұсақ-түйектерді жинап келетіндер бар. Жалпы адамзат баласы үшін ең оңай нәрсе – өзін алдау. Менің айтып отырған кейіпкерлерімнің барлығы дерлік жасөспірім шақта психологиялық тұрғыда соққы алғандар. Сондықтан оқушы күнінен адамның бойына сенімділік ұялатып, айтқан мәселесін тыңдап, ақыл беріп, оған көңіл бөліп отыру керек. Сіздің бұл өмірде естіген сөздеріңіз, көрген оқиғаларыңыздың барлығы сіздің түпсанада қорқыныш болып жазылып қалады және ол қорқыныштан құтылуға болады. Көп адам сол қорқыныштың кесірінен өмір бойы бір жерде отыра береді. Кейбір адамдар тіпті өзінің қорқыныштарының құлына айналып кеткен. Біреулер кедейліктен қорқады. Ақшаның тез жаралып кетуінен қорқады. Өзгелердің ойынан қаймығатындар бар. Мені жақсы көрмейді, керек емеспін, жалғызбын дейтіндер де бар. Жасөспірімдер «отбасым мені керек етпейді, менің ешкімге пайдам жоқ, бір жаққа басым ауып кетсем екен» деген оймен жүреді. Бір қарағанда жасөспірімдер жеке өз әлемінде өмір сүріп жатқан сияқты көрінеді. Бірақ жандүниесіне үңіліп қарасаңыз, іштерінде алай-дүлей керіс бар. Мұндайда оларға көмек бергеніміз жөн. Жақсы көретінімізді, оның пікіріне құрметпен қарайтынымызды жеткізуіміз қажет. Жылы сөз айту, құшақтау, қолдау – қашанда өзекті. Бүгінгі заманның адамдарының арасында осы бір әдемі нәрсе жоғалып барады. Виртуалды әлемде өмір сүріп жатқандаймыз. Әке диванда телефон шұқылап, анасы теледидар қарап отырса, бала не істейді деп ойлайсыз. Бала – ата-анасынан көргенін істейді. Жоғарыдағы айтқан қорқыныштарды тез жеңудің бір жолы бар. Ол – тәуекел етіп, қорқынышпен бетпе-бет кездесу. Осыны жеткіншекке түсіндіруіміз керек. Қорқынышсыз өмірге қадам басу, жауапкершілікті күшейту, жаңа өмір, жаңа амал, жаңа әрекет, өзіңе деген сенімділікті арттыру, қорқыныштың құлы болмау – бұл сіздің таңдауыңыз! Мөлдір ДИХАНБАЕВА, Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназияның психологі
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар