Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СУСЫНДАР ЖАЙЛЫ «САНДЫРАҚ»

СУСЫНДАР ЖАЙЛЫ «САНДЫРАҚ»
ашық дереккөз
СУСЫНДАР ЖАЙЛЫ «САНДЫРАҚ»
Қазақ «Ас – адамның арқауы», «Ауру – астан» деп тауып айтқан. Сондықтан денсаулығына өте сақтықпен, ұқыптылықпен қарайтын кейбір жандар сатып алған азық-түлік тауарының шығарылған күніне, құрамына, сақтау мерзіміне баса мән береді. Тіпті ғаламтордағы түрлі ақпараттарды шолып шығып, нені ішіп-жеуге болатынына, нені тұтынуға болмайтынына дейін зерттеп жүреді. Кейде сондай ақпараттардың арасында қисынға келмейтін, шындықтан алшақ мәліметтер де кездеседі. Сол себепті біз сусындарға қатысты ел ішінде дақпырт тудырған «жаңалықтарды» бір зерделеп көрдік. Сүзілмеген сыраның пайдасы Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар таратқан суретте 1 литр сүзілмеген сыра бір литр сүтке қарағанда 10 есе пайдалы деп жазылған. Мұны Мюнхен сыра институты ғылыми тұрғыдан дәлелдеген екен. Алайда суреттегі ақпарат жалған. Алдымен Мюнхенде сыра институты жоқ екенін айта кеткен жөн. 1868 жылы құрылған Мюнхен техникалық университеті бар. Онда техникалық мамандарды оқытып қана қоймай, сондай-ақ сыра қайнататын сусындар технологиясын үйретеді. Сыра институты АҚШ-та Колумбия округінде бар. Бұл ірі және шағын сыра қайнататын орындар мүше саналатын сауда қауымдастығы. Ұйымның сайтында сыраның сүттен әлдеқайда пайдалы екендігі туралы ақпарат жоқ. 2018 жылы Эрланген-Нюрнберг университетінің (FAU) ғалымдар тобы сырадан, нақтырақ айтқанда, адам денсаулығына жақсы әсер ететін құлмақтан екі зат тапқан. Бұл ксантогумол – бауырдың семіздігін болдырмайтын және қабынуға қарсы әсері бар полифенол. Екінші зат – изо-альфа-ащы қышқылдар. Олардың глюкоза алмасуы мен май алмасуындағы оң әсері бар. Бірақ құрамында алкоголь болғандықтан сыраны дәрі деп атауға болмайды, дейді ғалымдар. Сыра денсаулыққа пайдалы деп қанша дәлел келтірілсе де ондағы алкоголь оның барлық қасиетін жоққа шығарады. Ол улы және тәуелділік тудырады. Сусынды шамадан тыс тұтыну ерлердің де, әйелдердің де денсаулығына кері әсерін тигізеді. Сыра аритмия, ас қорыту проблемаларын тудырады, инсульт пен жүрек ауруларының, депрессия мен психикалық бұзылулардың пайда болуына түрткі болады, иммунитетті төмендетеді. Сыраны көп ішіп, ауырып қалу қаупі оның ықтимал пайдасынан гөрі жоғары. 2018 жылы «Ланцет» медициналық журналында жарияланған зерттеу авторлары алкогольдік сусындардың адам ағзасына әсерін зерттеп, талдаған. Оның қорытындысы «Алкогольді тұтынудың ешқандай деңгейі денсаулықты жақсартпайды» деген тақырыппен жарық көрді. Демек, сыра сүтке қарағанда пайдалы деген тұжырым шындыққа жанаспайды. Су талонмен беріледі Әлеуметтік желілерде тараған видеода әлемде су талонмен беріле бастайтынын дәлелдейді екен. Онда ДЭФ мүшесі Мариана Маццукатоның дәйексөзі келтірілген, ол «Біздің бүкіл планетаны вакцинациялау әрекетіміз сәтсіз болды, «климаттың өзгеруі» адамдар үшін тым абстрактілі, ал алдағы су дағдарысы – бұл бәрі келісетін дүние» дейді. Бұл фейк және манипуляция. Видео өткен жылдың мамыр айында өткен «Жаңа су экономикасы» тақырыбындағы баспасөз конференциясының жарты сағаттық жазбасынан алынған үзінді, оның барысында Дүниежүзілік экономикалық форум аясында су ресурстары экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның жұмысы таныстырылды. Сөз сөйлеген сарапшылардың қатарында UCL Инновациялар және қоғамдық мақсаттар институтының негізін қалаушы, профессор Мариана Маццукато да болды. Баспасөз конференциясы кезінде спикерлер су адамдар үшін ақылы болады немесе талонмен беріледі деп айтқан емес. «Талон» сөзі мүлде қолданылған жоқ, тіпті бір нәрсенің орнына немесе бірдеңені көрсеткен кезде су беріледі немесе сатылады деп айтылмады. Баспасөз конференциясында климаттың өзгеруіне байланысты әртүрлі елдердің халқы, әсіресе табысы төмен және орташа адамдар болашақта ішуге немесе өнімдер өсіруге арналған таза судың жетіспеушілігінен зардап шегуі ықтимал екендігі айтылды. Мариана Маццукато өз сөзінде адамдардың су мен вакцина сияқты қолжетімді игіліктерге деген көзқарасын салыстырды. Оның айтуынша, адамдарға вакцинацияның қажеттілігін түсіндіру қиын болды, өйткені адамның денсаулығы оның айналасында, көшеде, қалада, елде және әлемде жүргендердің саулығына байланысты. Вакцина бәріне салынды ма? Жоқ. Ол сондай-ақ «климаттың өзгеруі» ұғымы біршама абстрактілі, ал суға деген қажеттілік балаларға да түсінікті екенін атап өтті. Одан әрі профессор бұл игіліктер арасында параллель болуы мүмкін деген қорытындыға келді: екі жағдайда да адамдарға олардың маңыздылығын түсіндіру қажет. Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, тараған ақпарат – фейк. ДЭФ су беру талондарын пайдалануды ұсынған жоқ. Керісінше баспасөз конференциясында жалпыға ортақ болғандықтан су барлығына қолжетімді болуы керек екендігі талқыланды, бірақ Жердегі суды ұтымды пайдалану үшін күш салу керек. Спикерлер адамдар суды бағалауы үшін халыққа оны қалай ұтымды пайдалану керектігін түсіндіруі керек және елдер, әсіресе табысы төмен және орташа мемлекеттер, көп шығынның алдын алу үшін ауызсу мен суаруға арналған су тапшылығының болашақ мәселелерін бірлесіп шешуге тиіс екенін атап өтті. Крандағы судың қатері Әлеуметтік желілерде тараған видеода өзін дәрігер деп атаған біреу краннан аққан суда радиация мен зиянды заттар бар дейді. Суды фильтрден өткізбесе немесе оған Гималай тұзын қоспаса, онда қатерлі ісікке шалдығуыңыз мүмкін. Бұл жалған. Сұхбат 2014 жылдың қазан айында дәрігердің «YouTube» арнасында жарияланған. Бірақ ол өтірік дәрігер. Леонард Колдуэллдің шын аты Бернд Кляйн. Бұл әр видеода дүниежүзілік қастандық туралы айтатын талантты оратор. Оның айтуынша, бәрі өтірік айтады – дәрігерлер, өнеркәсіпшілер, қаржыгерлер, саясаткерлер. Көбінесе Колдуэллдің өзі өтірік айтады. Журналистер оның ғылыми дәрежелерін АҚШ-та ақшаға сатып алғанын анықтады. Колдуэллдің айтуынша, ол қатерлі ісіктен 30 мыңнан астам пациентті емдеген. Ал бұған құжаттық дәлел келтіруді сұраса, ол сауығып кеткен адамдарға үндемегені үшін пара беретін жауларын желеу етеді. Ол ажалдан аман қалғанын айтады, өйткені фармацевтика индустриясы оның аузын жабу үшін бірнеше рет кісі жалдап өлтірмек болған. 90-жылдардың соңында ZDF неміс мемлекеттік арнасының эфирінде Колдуэллді жалған атақты деп атайды. Ол кезде жалған дәрігер «Telekom» және «Lufthansa» компанияларында жұмыс істегені туралы өтірік айтқан, ал ондағылар ол туралы естімеген екен. Фейктерге қарсы ұйымдар Колдуэллді бірнеше рет әшкерелемек болған. 2020 жылы жалған дәрігер COVID-19 адамдарды чиптеу үшін әдейі жасалған деп мәлімдеді. Біз талдап жатқан видеода псевдодоктор судағы фтор мен хлордың әсерінен қатерлі ісік ауруы пайда болуы мүмкін дейді. Америкалық онкологиялық қоғам суға фтор қосудың адам денсаулығына әсері туралы ғылыми шолуларды іріктеп, талдап шықты. Осы зерттеулердің кейбіріне тоқталайық. 2010 жылы Денсаулық пен қоршаған ортаға төнген қауіп-қатер жөніндегі Еуропалық ғылыми комитет (SCHER) судағы фторидті остеосаркомамен байланыстыруға негіз жоқ деген қорытындыға келді. Бір жылдан кейін Калифорния канцерогенді анықтау комитеті (CIC) қатерлі ісіктің фторид пен оның тұздарынан болатынына дәлелдер жоқ деп мәлімдеді. Ғалымдар мынадай ортақ пікірге келді: суға фтор қосу мен адамдарда онкологиялық аурулардың болуы қаупінің арасында нақты байланыс жоқ. Джонс Хопкинс университетінің Қоршаған ортаны қорғау және инженерия кафедрасының доценті Карстен Прассе: «Суға хлор қосу адам ағзасына зиян тигізбейді», дейді. Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) мәліметтері бойынша, ауызсуға хлор қосқанда көптеген микробтар мен бактериялар өледі. Сонымен қатар су арқылы берілетін ауруды, мысалы, тырысқақ немесе іш сүзегін жұқтыру қаупі азаяды. Бірақ хлордың суда болатын фенолдармен қосындысы (айта кетейік, олар фармацевтикалық және жеке күтімге арналған өнімдерде болады) жанама өнімдер қалыптастырады. Ғалымдардың айтуынша, олар ұзақ мерзімді перспективада адамға зиян тигізуі ықтимал. Бірақ қандай және қашан, ешкім нақты айта алмайды, әлі зерттеулер жоқ. Қоршаған ортаны қорғау агенттігі (EPA), Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігі (IARC) және Денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету министрлігі (DHHS) хлорды адам канцерогені ретінде жіктемейді. Колдуэлл пластик бөтелкедегі су денсаулыққа қауіпті деп мәлімдейді. Әйелдерде сүт безі қатерлі ісігі дамиды, ал ерлердің ағзасына әйел гормондары енеді екен. Аустралиялық қатерлі ісікке қарсы кеңес мұны жалған ақпарат деп атады. Бір кездері адамдар көп жылдар бойы бір-біріне Уолтер Рид әскери медициналық орталығы мен Джонс Хопкинс университетінің атынан электрондық хаттар жіберіп келді. Оларда аталған құрметті ұйымдар пластик бөтелкеден су ішуге болмайды деп мәлімдеді деп жазылған. Бұл онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін тудырады. Кейіннен мұның фейк екені және екі мекеме де бұл хаттар туралы ештеңе білмегені анықталды. Ғалымдардың пайымдауынша, пластик бөтелкелерден су ішу қауіпсіз, тіпті ол қатып қалса немесе оны ыстық күннің астында машинада ұмытып кетсеңіз де. Бөтелкені қайта пайдалануға да болады. Қандай да бір зиянды заттардың бөлінетініне дәлелдер табылмаған. Колдуэлл айтқан бесфинол А (BPA) пластик бөтелкелерде жоқ. Суға арналған бөтелкелер шығару үшін ПЭТ деп аталатын полиэтилентерефталат қолданылады. Бірақ ВРА бөтелкеде болса да тамақпен, сусындармен байланыста қауіпсіз болады. Сондай-ақ Колдуэлл суда да радиация бар дейді. 2019 жылы ауызсудың құрамында тритий бар деген жалған ақпарат Францияда аптап ыстық болғанда таралды. Шенеуніктер жалған ақпарат таратуды тоқтату үшін барлық медициналық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тартуға мәжбүр болды. Денсаулық сақтау ұйымдары суды радиациялық бақылауды тұрақты негізде жүргізеді. Колдуэлл суға қосуды ұсынған Гималай тұзының кәдімгі ас тұзынан артықшылығы жоқ. Оның үстіне құрамында микроэлементтер мен минералдар, оның ішінде натрий бар. Оны жиі қолдану қан қысымының жоғарылауына және жүрек-қантамырлары ауруларының болу қаупіне әкеледі, бұл остеопорозды асқындырып, бүйрек проблемаларын тудыруы ықтимал. Демек, Леонард Колдуэллдің таралған видеодағы мәлімдемелері дәлелденбеген және ғылымға қарсы. Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар