Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрғындардың тұрмысы түзелуде

Тұрғындардың тұрмысы түзелуде
ашық дереккөз
Тұрғындардың тұрмысы түзелуде
Елімізде кедейшілікпен күрес тоқтамайды. Бұл бағытта кез келген сала бойынша әртүрлі бағдарламалар қабылданып, соның аясында елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету қарқынды жүзеге асуда. Мәселен, халықты әлеуметтік қорғау саласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде халықтың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, кәсіптік оқытудан, қайта даярлаудан өткізу, бос жүрген азаматтарды ақылы қоғамдық жұмысқа тарту басты назарға алынған. Құрылыс саласында жүргізілген жұмыстар бойынша халықты уақытша және тұрақты жұмысқа орналастыру, кәсіпорын, жеке кәсіпкерлік немесе мекемелерге жұртшылықты жолдау арқылы оларға жұмыс тауып беру, халықтың белгілі бір санатына қайтарымсыз қаржы немесе төмендетілген пайызбен несие бере отырып шағын және орта бизнес саласының жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуына ықпал ету ісі де осы бағдарлама көздеген мақсаттардың бірі. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», деп атап көрсеткен еді. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында атқарылар шаруаның бірі – экономикалық белсенділігі төмен азаматтарды еңбекке араластыру. Жалпы жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту, іске ебі барларға қаржылай қолдау көрсету арқылы тәуір тұрмыс кешуіне ықпал ету, жұртшылықтың әл-ауқатының артуына септесу ісін жүзеге асыруда Тараз қаласы мансаптық орталығы да айтарлықтай шаруалар тындырып отыр. Осы орталықтың директоры Сәбит Мүсреповтің айтуынша, биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 12 180 адамды тарту жоспарланса, бүгінгі күнге 12 848 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылыпты. Осылайша жоспарланған жұмыс көрсеткіші 105,5 пайызға орындалған. – Шаһарымызда жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғандар ішінде әйелдер саны 8 285-ті (65,3 пайыз), ал жастар 5 507-ні (42,9 пайыз), мүгедектігі бар адам саны 687-ні (5,6) құрады. Оның ішінде тұрақты ваканттық бос жұмыс орындарына 8 мың 77 адамды орналастыру көзделсе, бүгінде оның 6 850-і жұмысқа орналасып, нәтиже 84,8 пайыз болып отыр. Осы жылы жастарға 2,5 пайызбен шағын несие беру мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы арқылы елдік деңгейде қолдау тауып, Тараз қаласының жастарына да шағын несие беру ісі қолға алынды. Жасы 35-ке дейінгі азаматтарға 2,5 пайызбен аталған шағын несиені «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстағы филиалы үлестірді. Тараз қаласы бойынша биылға жоспар­мен 103 жасқа қолдау көрсету көзделген болатын. Осы бағытта бөлінген қаражат сомасы 515 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда 98 жас өтініш білдіріп, олардың бизнес жобасы комиссия қарауынан өтті. Нәтижесінде 35 жасқа дейінгі 77 азаматқа 2,5 пайызбен 370,464 мың теңге микрокредит берілді. Құжаты талаптарға сай келмеген 21 жастың өтініші кері қайтарылды. 2023 жылға жұмыс берушілердің сұрауы бойынша жұмыссыздарды қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 265 адам бекітілген болатын. Аталған қысқамерзімді оқыту биыл қыркүйек айында басталып, 234 адам оқуға жолданды. Қазіргі таңда олар оқуда жүр. Сонымен қатар жұмыссыздарды жұмыс берушінің жұмыс орнында оқыту мәселесі бойынша 100 тараздық осы жылдың қараша айында оқуға жолданады деп күтілуде. Тиісті санаттағы азаматтарға қайтарымсыз гранттар беру халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қолдау көрсетудің ең тиімді жолының бірі болып отыр. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 183 адамға Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға қайтарымсыз гранттар беру ісі де нақты жоспарланды. Осылайша есепті кезеңде 182 адам 250,8 миллион теңгенің грантын алды. Оның ішінде көпбалалы – 88, мүгедектігі бар азамат – 37, ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеуші – 33, асыраушысынан айырылған – 18, атаулы әлеуметтік көмек алушы – 6 адам, – дейді Сәбит Мирханұлы. Тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыруда «Бастау Бизнес» жобасының да тигізіп отырған септігі мол. Бос жүрген азаматтарды оқыту курсынан өткізу арқылы оларды кәсіпкерлік қызметке тартудың негізгі басты жолы – жаңа бизнес көзін ашу. Өміршең жобалар нақты жүзеге асқанда ғана нарыққа түрлі өнім немесе халыққа түрлі қызмет ұсынылады және онда ашылған жұмыс орындары тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізеді. «Бастау Бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздер бойынша халықтың тегін оқытудан өтуіне ықпал етуде. Бұл жоба сол үшін де қазақстандықтардың айтарлықтай қызығушылығын тудыруда. Мәселен, биылдың өзінде Тараз қаласының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша онлайн оқыту курстарына 2 900 тұрғыны жолданып, оның ішінде 2 014 адам оқуларын аяқтапты (жоспар 885 адам). Оқуын аяқтап, өз ісін ашқан 405 адам осы күні жеке кәсіпкер атанып отыр. Субсидияланатын жұмыс орындарына 1 912 адамды жолдау жоспарланса, бүгінгі таңда 1 822 адам жолданып, оның ішінде 553-і жұмысын аяқтаса, жұмысын аяқтағандардың ішінде 319 адам (58,7пайыз) тұрақты жұмыстарға орналасқан. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 540 азаматты жұмыспен қамту көзделсе, 442 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шартымен (103 500 теңге) түрлі мекемелерге жолданыпты. Оның ішінде 141-і жұмысын аяқтап, 108-і тұрақты жұмыс тапқан. 2023 жылға «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 106 жұмыссызды қатыстыру мақсат етілсе, осы жобаға қатысуға ниет білдірген 72 жұмыс берушіге 90 жұмыссыз тұрғын жіберілген. «Алғашқы жұмыс орнына» жолданған жұмыссыз азаматтардың айлықақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 103 мың 500 теңге мөлшерінде. Жобаның қатысушыны жұмыспен қамту мерзімі 18 ай екен. Әлеуметтік жұмыс орындарына 25 жұмыссызды жолдау жоспарланып, бүгінгі күнге 26 жұмыс беруші 42 жұмыссыз азаматты еңбекке тартқан. Оның 10-ы жұмысын аяқтап, алтауы тұрақты жұмысқа орналасқан көрінеді. Ақылы қоғамдық жұмыс бойынша 1 085 жұмыссыз азаматтың «екі қолына бір күрек тауып беру» көзделсе, қазіргі таңда 1 107 азамат еңбекпен қамтылған. Жоспардың орындалуы – 102 пайыз. Бүгінде аталған 1 107 адамның 334-і жұмыс істеу мерзімін аяқтап, оның 201-і тұрақты жұмысқа орналасыпты. «Ұрпақтар келісімшартына» 6 өренді қатыстыру жоспарланса, бүгінгі күнге барлық азамат жұмысқа тұрған. «Күміс жас» жобасына 150 адамды жұмысқа тарту бағытында атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша бүгінде жоспар 104,7 пайызға орындалыпты. Нақты айтқанда, 169 жұмыс берушіге 157 адам жолданған, оның 26-сы өз жұмысын мерзімінен бұрын аяқтапты. – Ұлттық жобалар аясында «Электронды еңбек биржасы» порталы арқылы жарияланған бос жұмыс орындары туралы сөз етсек, осы жылы халықты жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында электронды еңбек биржасына енгізілетін жұмыс орындарының жоспары 1475 орын болып бекітілді. Оның ішінде тұрақтысы – 988, уақытшасы 487 орын. Бүгінгі таңда 1 110 адамның жұмысқа тұрып, жоспардың 75,3 пайызға орындалуы да тәуір көрсеткіш. Оның ішінде 874 адамға, яғни жұмысқа тұрғандардың 78,7 пайызының міндетті зейнетақы жарнасы уақытылы құйылуда. Бүгінгі күннің есебі бойынша, қала аумағында атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген 3 186 отбасына АЕК тағайындалды. Осы отбасылардағы адам саны 15 631-ді құрайды. Оның ішінде шартты ақшалай көмек түріне 2 118 отбасы құжат тапсырды. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің саны – 3 469. Оның ішінде 2 546-сы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жылдық жоспар 73,5 пайызды құрап отыр. Тараз қаласы әкімінің 2022 жылғы 9 желтоқсандағы мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы №6700 қаулысы бойынша, оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жұмыстары жыл басынан бері жүйелі жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде 17 мүгедектігі бар адам квота бойынша тұрақты жұмыспен қамтылып, меже 100 пайызға орындалды. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды, пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыру «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылы 23 қаңтардағы Заңының 37-бабына, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңының 9, 27-баптарына сәйкес және Тараз қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 9 желтоқсандағы №6701 қаулысы бойынша жүзеге асырылады. Мұндай азаматтарды жұмыспен қамту үшін 2023 жылға 10 жұмыс берушінің келісімімен 30 бос жұмыс орнына квота берілді. Бүгінгі күнге осы азаматтың барлығы да тұрақты жұмыспен қамтылды, – дейді аталған мансап орталығының директоры. Жалпы Тараз қаласы мансап орталығы жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу, жұмыссыздарды есепке алу, «жұмыссыз» деген анықтама беру қызметтері бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 9 маусымдағы №214 бұйрығына сәйкес жүзеге асыратыны белгілі. Ал жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға жолдамалар беру осы министрліктің 2021 жылғы 25 наурыздағы №84 бұйрығының 8-1-қосымшасына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту тиісті министрліктің 2023 жылғы 21 маусымдағы №227 бұйрығына сәйкес бекітілген мемлекеттік қызмет түрі. Жалпы әулиеаталықтар, оның ішінде тараздықтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту ісі осы заңдар мен қаулылар аясында жүзеге асырылып жатқанын айта кетуіміз керек. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар