Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – ол отбасы мүшесінің бір шаңырақта тұрып жатқан адамға бұрынғы күйеуі немесе әйеліне көрсеткен зәбірі. Отбасы-тұрмыстық қатынас саласында қылмыстар мен құқықбұзушылықтың алдын алуда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап заңды күшіне енді.
Жалпы ішкі істер органдары тарапынан жүргізілетін жұмыстардың басым бағытының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықты, әсіресе әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын әлімжеттіктің жолын кесу. Өйткені әйелдерге және балаларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды болдырмай, ескерту, алдын алу мақсатында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмысты жүзеге асыруға бағытталған жүйені қалыптастыру және әйелдердің өздерінің құқықтық білімін арттыру – маңызды мәселенің бірі.
Жәбірленушінің жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтер құпия ақпараттарға жатады және олар жария етілмейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі туралы ішкі істер органдарына хабарласып, дер кезінде көмек көрсетілген отбасыларда одан әрі өршу деңгейі де төмен болады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуының бірнеше себептері бар. Мысалы, отбасындағы құндылықтардың төмендеуі, маскүнемдік, жұмыссыздық, қызғаныш және тағы да басқа жағдайлардың соңы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұласады. Соңғы деректер бойынша, отбасындағы жанжалдың туындауына ерлі-зайыптылардың бірінің ішкілік ішіп, мас күйінде болуы себеп болып отыр. Әйелдерге қарсы жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары өте үлкен проблемаларды тудырады.
Тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеу ісін жүргізу – арыздану сипатынан анықтау сипатына көшіру. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрмыстық зорлықтан зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері келгеннен кейін агрессорларға қарсы арыз жазудан бас тартады. Көбінесе полиция келіп кеткеннен кейін отбасындағы жанжал әрі қарай жалғасады, кейде бұл ауыр зардаптарға әкеліп соғып жатады.
Ұсынылған түзетулер зардап шегушілердің өтінішінсіз, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді. Хаттама толтыру үшін оқиға болған жерді қарап, тексеру хаттамасы, жәбірленушіден түсініктеме алу, куәлардың, көшірмелердің айғақтары, бейнебақылау камераларының, сондай-ақ полицейдің бейнетіркегішінің жазбасы жетіп жатыр.
Дегенмен соңғы шешімді сот қабылдайды. Тараптардың қайта татуласу мүмкіндігін болдырмайды. Өтініш болған жағдайда әкімшілік хаттама толтырылады, олардың жартысы жәбірленушінің агрессормен татуласуына немесе ұстанымының өзгеруіне байланысты сотта тоқтатылады. Әйтсе де енді сотта тек бір рет татуласуға болады, қайталанған жағдайда татуласу мүмкін емес, яғни дебошир жауапқа тартылады. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымнан құтылуына мүмкіндік береді.
Отбасы-тұрмыстық қатынас саласында қылмыстар мен зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында «Елу жылда – ел жаңа» үкіметтік емес ұйымы, медиатор, облыс бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкілі қызметкерлерімен бірлесіп, мемлекеттік ұйымдар, кәсіпорындар және мекемелерде дәрістер өткізілуде. Өз құқықтары бойынша заңнамалары түсіндіріліп, түсіндіру-профилактикалық сұхбаттар жүргізіледі. Сондай-ақ Тараз қаласы полиция басқармасының арнайы қабылдау бөлімінде отбасы жанжалы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаларға да дәрістер өткізілуде.
Анар Мұсаева,
Тараз қаласы полиция басқармасы
әйелдерді зорлық-зомбылықтан
қорғау тобының аға инспекторы,
полиция майоры
Келесі мақала