Қызылша белең алып барады
Өңірде қызылша ауруы өршіп тұр. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы ұсынған 20 қарашадағы мәлімет бойынша, аймақта 2 124-тен астам адам осы дертке шалдыққан. Ауырғандардың негізгі бөлігі – балалар (82 пайыз). Індет облыстың барлық аудандарында анықталуда. Бірақ аурудың кей ауданда ең көп таралуы анықталып отыр. Мәселен, Тараз қаласында – 1 339, Меркіде – 150, Байзақта – 148, Шуда 134 жағдай тіркелген.
Облыста қызылша ауруын жұқтырғандардың жағдайы қалай? Белең алып тұрған дертпен күрес жүргізу үшін нендей шаралар қолға алынуда? Апта басында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев брифинг өткізіп, осы сұрақтар төңірегінде баяндама жасады.
Спикердің айтуынша, індет жас құрамы бойынша 14 жасқа дейінгі балалар арасында, яғни 1 702 жасөспірімде (82,7 пайыз) тіркелген. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны – 366 (21 пайыз). Ал 15-17 жас аралығындағы 39 жасөспірім (1,9 пайыз) осы ауруды жұқтырған. Сондай-ақ 18 жастан жоғары дертке шалдыққандар саны 318-ге жеткен, яғни 15,4 пайыз.
– Сырқаттанушылықтың деңгейі кәсіби құрамы бойынша жоғары деңгей, 51,4 пайызды көрсетіп отыр. Тарқатып айтсам, ұйымдастырылмаған, яғни не балабақшаға, не мектепке бармайтын 1 058 бала (9,7 пайыз) қызылша дертін жұқтырған. Балабақшаларда аталмыш дертке қатысты 406 жағдай (12,9 пайыз) есепке алынды. Оқушылар арасында 265 жас аталмыш ауруды жұқтырса, жұмыссыздар бойынша 166 жағдай тіркелді. Қызылша індетімен ауырғандардың ішіндегі 85,3 пайызы (1 757 жағдай) екпе алмағандар.
Жыл басынан бастап барлығы 16 905 қарым-қатынаста болған тұлға анықталды. Оның ішінен 389 науқас анықталып, сәйкесінше науқастар қатарына есепке алынды. Бүгінгі күнге 451 науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар жіті назарда тұр. Атап айтсақ, 42 орта мектеп, 1 лицей, 1 колледж, 1 мүгедек балаларға арналған мекеме, 69 балабақша 21 күндік медициналық бақылауға алынды. Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша 72 сағатта тиісті науқаспен қарым-қатынаста болған 151 адамға екпе салынды. Ал 170 тұлғада медициналық қарсы көрсетілім болғандықтан екпе жүргізілмеді.
Осы жылдың 10 айында облыс бойынша жоспарлы түрде жалпы екпе 39 471 балаға егілді. Оның ішінде – 1 жастағы 19 523 бала алғашқы вакцинация алды. Сонымен бірге 6 жас аралығындағы 19 948 бала екінші екпесін алып, ревакцинацияланды.
Дегенмен 2 643 бала жоспарлы екпемен қамтамасыз етілмеген. Нақтылап өтсем, екпе алмаған балалардың 44-і вакцинаға келісім бермесе, 28-і басқа аумаққа көшіп кеткен, 349-ы облыста уақытша жоқ. Сондай-ақ 2 222 бала медициналық көрсетілімі бар болғандықтан екпе егуден өтпеген. Оның ішінде тұрақты медициналық көрсетілімі барлары – 22 бала, – дейді Ерік Тілләбекұлы.
Баяндамашының сөзінше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01.11.2023 жылғы №7 «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитарлық-профилактикалық іс-шаралар» қаулысына сәйкес республикада қызылшаға қарсы халықтың тиісті топтарын қосымша жаппай иммундау жұмысы жүргізілуде. Қосымша жаппай иммундау қарашаның 6-сы күнінен басталған. Осы айдың 17-сіне дейін жалпы екпемен қамтылғандар саны – 6 124. Жоспарлы жұмыс 95 850 тұрғынға көзделген.
Қараша айының 20-сы күнгі мәлімет бойынша, облыста 6 019 доза қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинаның қалдығы бар. Қосымша екпе жұмысы 281 екпе пункттерінде, 30 жылжымалы екпе бригадасы, 1 022 дайындалған медициналық қызметкерлер тарапынан жүргізілуде.
Спикер өңірде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда екенін жеткізді. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін профилактиалық иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Халық арасында ата-аналарға, әсіресе екпеден бас тартқан тұлғаларға екпе алмаудың салдары түсіндіріліп жүр. Халыққа 2 мыңнан аса анықтамалық парақша таратылған.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Моңғолияда Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024