МӘДЕНИ шараларға МӘН БЕРІЛУДЕ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Бірақ бүкіл ел болып кіріссек, бұл – қолдан келетін шаруа», дей келе, елдің әлеуметтік-экономикалық қуатын арттырумен қатар, мәдени, рухани келбетімізге де аса мән беруіміз керектігін ерекше атап өтті. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес мәдениет пен өнер саласын өркендетіп, дамыту жолында өңірімізде кешенді жұмыстар атқарылуда.
Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз мәслихатында облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев салада атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады.
Жыл басынан бері облыстық халық шығармашылығы орталығы өңірдегі 197 мәдениет үйі мен клубтың қызметін зерделеу, талдау, үйлестіру, әуесқой көркемөнерпаздар ұжымдары мен үйірмелеріне әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсету жұмыстарын атқарған. Сонымен қатар елді мекендердегі өнерге бейім, тасада қалған таланттарды анықтау, таныту, қолдау көрсету мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде түрлі конкурстар, фестиваль, айтыс, мүшәйра, көрме, тағы басқа да түрлі форматтағы мәдени жобаларды ұйымдастырған.
Баяндамашының айтуынша, облыс тұрғындарына мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп отырған 197 мәдениет үйі мен клубтағы 886 үйірмеге 10 897 адам тартылған. Биыл ауылдық клубтарға қосымша 98 «үйірме жетекшісі» штат бірлігі беріліп, 104 маман қабылданыпты. Нәтижесінде жаңадан 163 үйірме ашылып, 2 086 қатысушы қамтылды.
Келесі кезекте Ғани Кәдірсізұлы мәдениет саласында құрылыс жұмыстары қарқын алғанын жеткізді. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 9 ауылдық мәдениет үйі мен клубтың құрылысы басталған. Қазірге дейін 6 нысан құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліпті. Жуалы ауданына қарасты Қайрат ауылында 149 орындық ауылдық мәдениет үйі, Қордай ауданының Бетқайнар және Қақпатас ауылдарында 180 орындық мәдениет үйі жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.
Сонымен қатар орталық директоры жас таланттарды іздестіру, қолдау көрсету мақсатында түрлі жобалар, іс-шаралар ұйымдастырылғанын атап өтті. Мәселен, «Жаңа есім» жобасына биыл 14-25 жас аралығындағы 500-ге жуық үміткер қатысыпты. «Вокал», «Би» және «Аспапта орындау» номинациялары бойынша өткен өнер додасында 16 өнерпаздың бағы жанып, «Жаңа есім-2023» атанған. Одан бөлек «халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының арасында «Өнер көзі – халықта» атты облыстық фестиваль ұйымдастырылған. «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі-клуб-2023» облыстық байқауына да әр аудан, ауылдағы мәдениет үйі мен клубтардың қызметкерлері белсене қатысқан.
Ал «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндерінің қорытындысы жуырда шығады. Мәдени-көпшілік шараны арнайы құрылған сарапшылар мен қазылар алқасы бағалауда. Бірінші орын иеленген ауданға 20 орындық жаңа микроавтобус, екінші орынға 9 орындық микроавтобус, үшінші орынға дыбыс күшейткіш аппаратураларының жиынтығы беріледі. Сондай-ақ балалар үйірмелеріне қатысушылардың шеберліктерін шыңдап, жан-жақты қолдау көрсету, рухани, адамгершілік және шығармашылық дамуын қалыптастыру мақсатында биыл алғаш рет ұйымдастырылған «БалаАRТ» облыстық байқауында 5 номинация бойынша 5 000-ға жуық қатысушы бақтарын сынапты.
– Орталық жылдық жоспар бойынша, кейінгі ұрпаққа мәңгі өлмейтін әсерлі ән мен мағынасы терең шығармалар қалдырған біртуар талант иелерінің мәртебесін асқақтатар кең көлемді бірқатар іс-шара ұйымдастырды.
Атап айтар болсақ, белгілі ақын, жыршы, сазгер Аяз Бетбаевты еске алу кеші, ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаевтың 75 жас мерейтойына орай «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ІІІ халықаралық әншілер конкурсы өтті. «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, әнші, композитор Мұрат Құсайыновтың 75 жас мерейтойына арналған «Ғашық оты жанады» тақырыбындағы шығармашылық кешін жергілікті халық зор ықыласпен тамашалады. Қазақ ән өнерінде өзіндік ерекше қолтаңбасы бар әнші-сазгер, Мәдениет саласының үздігі Әуезхан Салабеков атындағы «Рақмет саған, туған ел!» облыстық ән байқауы да жоғары деңгейде өткенін атап өту керек. ҚР Халық әртісі Роза Рымбаеваның шығармашылығына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған кеш те көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады, – деген Ғани Кәдірсізұлы өнер бәсекелерінде облысымыздың намысын қорғап, мерейін асырып жүрген таланттарымыздың жеткен жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті.
Талғат Нұрханов
Келесі мақала
Қызылша белең алып барады
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Президент Ақтау маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өткізді
- авторAR-AY
- 28 желтоқсан, 2024