Таразда Халық қаһармандары мен Еңбек Ерлері бас қосты
Облысымызға еліміздің бір топ Еңбек Ері мен Халық қаһармандары келіп, бірқатар ауқымды әрі маңызды іс-шараға қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында Халық қаһармандары Бақытжан Ертаев, Айдын Айымбетов, Азамат Жұмаділов, Еңбек Ерлері Аягүл Миразова, Алина Соловьева, Алма Шукыжанова, Рышат Амренов, Құралай Байменов, Мұқаш Ескендіров, Тұрсынбек Макишев, Руслан Қуатов, Мұхтар Төлеутаев, Имамзада Шагиртаев, Мұрат Қайыргелдин бар.
Осы азаматтардың қатысуымен Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жас сарбаздардың ант беру салтанаты өтті. 400-ге жуық сарбаз ант берген іс-шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы Мереке Кучекбаев сөз сөйледі. Жиынға қатысушылар жас сарбаздарға Отан қорғаушы болу – өте абыройлы әрі жауапты міндет екенін атап өтіп, әскери міндетіне кіріскен жігіттерге сәттілік тіледі. Салтанатты іс-шара барысында саябақтағы Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының, Халық қаһармандары Ғазиз Байтасов пен Мейіржан Аймановтардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, рухтарына тағзым етілді.
Жиынға қатысушыларға 85395 әскери бөлімінің барлау жауынгерлік ротасы жеке құрамының қоян-қолтық әдістері көрсетілді. Қонақтар «Данқ» залын аралап, құнды жәдігерлермен танысып, әскери концерттік бағдарламаны тамашалады.
Дәл осы күні Халық қаһармандары мен Еңбек Ерлерінің және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Елдің бүгіні мен ертеңіне деген сенімі» тақырыбында республикалық конференция өтті. Жиынға «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының курсанттары, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Конференцияда алғашқы сөзді алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облысымызға арнайы келген құрметті қонақтарға деген ықыласын білдіріп, іс-шараның маңыздылығына айрықша тоқталды.
– Қазақ жері кең-байтақ, ұлан-ғайыр болса, соның бір ғажайып мекені – Әулиеата өңірі. Бұл өлке ақындарымен де, батырларымен де, от ауызды, орақ тілді шешендерімен де, әлемді аузына қаратқан ғұлама ойшылдарымен де, еңбекқор жандарымен де мақтана алады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында жамбылдықтар киелі топырақ, атажұртына лайық батыр мінез танытты. Әулиеата жерінен 100 мыңнан астам адам майданға аттанды. 48 жамбылдық жауынгер Кеңес Одағының Батыры мен «Даңқ» орденінің толық иегерлері атанды.
Олардың майдандағы ерлігін тылда еселі еңбекпен жалғастырған жамбылдықтар жеңіс күнін жақындатуға сүбелі үлес қосты. Соғыстан кейінгі жылдары облыстың даму қарқыны жедел өсті. Сол жылдары 267 адам экономика саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, 195 қарапайым еңбек адамы «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды. Аға буын өкілдерінің сол ауыр жылдары қол жеткізген табыстары мен жетістіктері бүгінгі күннің еңбек озаттарына үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Тәуелсіздік ұлағатымен бірге тыныстаған облыс халқы осы жылдары қажырлы еңбек үлгісін көрсетті. Бүгін ортамызда отырған аға-апаларымыздың да әрқайсысының өнегелі өмірі мен еселі еңбек жолы өскелең жас ұрпаққа үлгі-өнеге, болашаққа жол сілтейтін бағдаршам болары ақиқат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында жастар тәрбиесіне үлкен мән беріп, «Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн» деп айтқан. Сондықтан да осы жастар өздеріңіз сияқты ардақты тұлғаларды үлгі етіп, болашақта үлкен азамат боларына сенімдіміз, – деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ Халық қаһарманы, Қазақстандық әскери қолбасшы, генерал-лейтенант, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев жастардың бойындағы Отанға, ел мен жерге деген махаббаттың, патриоттық сезімнің берік болуы, сол бағытта еңбек ету – мемлекет болашағының негізі екендігін баса айтты.
Ал Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Аягүл Миразова еліміздің ертеңгі тұтқасы – білімді, тәрбиелі жастардың қолында болатынын атап өтіп, оларды білім мен ғылымды игеруде талмай ізденуге шақырды.
«Жас сарбаз» әскери-патриоттық жұмысы орталығының курсанты Нұрғиса Шарапов Халық қаһармандары мен Еңбек Ерлерінің жетістіктерін үлгі-өнеге деп біліп, өз қатарластарының атынан артылған мерейлі міндет пен сенімді ақтауға аянбай күш салатындарына сендірді.
Жиында өзге де қатысушылар жастар тәрбиесіндегі мұндай ауқымды шараның мән-маңызы жоғары екендігін айтып, орамды ойларын ортаға салды.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала