Өңірге жаңа инвестициялар тартылады
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «KGIR-2023» инвестиция тарту бойынша өткен «дөңгелек үстел» барысында 81,5 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер облысқа инвестиция тартуға, сол арқылы жаңа инновациялық өндірістер мен жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Ауылшаруашылық азық-түлік өнімдерін шығару бойынша бірлескен өндірісті швейцариялық «INOKS Capital» компаниясымен дамыту жоспарлануда.
«Al Rajhi International for Investment» араб компаниясымен ынтымақтастық аясында мал бордақылау, ет және көкөніс өнімдерін өңдеу, инфрақұрылым мен ирригациялық жүйелерді дамыту бойынша АӨК жобалары қаралуда.
«YDA INSAAT SANAYI VE TICARETANONIM SHIRKETI» түрік компаниясымен бірлесіп іске асырылатын жол сервисінің көпбейінді кешенін салу арқылы облыстың 900-ден астам тұрғынын жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Аталған кешенді іске қосу – көлік инфрақұрылымын жақсартуға, жолаушылар ағыны мен жүк айналымын арттыруға мүмкіндік береді. «А» санатындағы кешен аумағында қонақүй, жанармай құю стансасы, электрмобильдерге арналған зарядтау стансасы мен сервис қызметі, қоғамдық тамақтану нысандары, дүкендер, балаларға арналған ойын алаңшалары салынады деп жоспарлануда.
Облыс әкімі аталған шетелдік компаниялармен тиісті келісімдерге «KGIR-2023» шарасы аясында қол қойды.
KGIR панельдік сессиясында Ербол Қарашөкеев инвесторларды қолдау облыс үшін маңызды басымдықтардың бірі саналатынын атап өтті.
Жергілікті билік өңірдегі бизнес ахуалды жақсарту бойынша қосымша шаралар қабылдаған. Бұл ретте аудан әкімдерінің шетелдік инвесторлармен қарым-қатынасының жаңа тәсілдеріне, инвесторларды табу және тартудағы нақты шараларға, жобаны коммерциялық іске қосуға дейін қолдау көрсетуге, басқа өңірлердегі нәтижелі үздік тәжірибелерді қолдануға айрықша назар аударылуда.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ірі кәсіпорындардың маңынан арнайы аймақтар құру ісі қолға алынуда, ол – кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін бермек. Басты мақсат – арнайы аймақтарда жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен қосалқы өндірістерді дамыту.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
Келесі мақала