Жол сапасын бақылауды күшейту керек
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте маңызы бар бірқатар мәселе талқыға түсті. Нақтырақ айтсақ, облыстағы жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған алқаптардың игерілуі сараланып, өңірдегі түрлі маңыздағы жолдардың сапасы тексерілді.
Жиында алдымен облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков құрылыс салу мақсатында берілген жер телімдерінің игерілуі, инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуі жайын баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл облысымызда жеке тұрғын үй салу үшін жер теліміне 240 463 азамат өтініш білдірген. Жерге кезекке тұру өткен жылдың басында электрондық нұсқаға көшуіне байланысты 1 жылда кезекке 108 121 азамат тіркеліпті.
Осы жылы жер кезегіндегі азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 14 жаңа алқапта 20 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысын жүргізуге бюджеттен 5,4 миллиард қаражат бөлінген. Жыл қорытындысымен 2 жаңа алқапта – Жамбыл ауданының Аса ауылында 811, Жаңатас қаласындағы Құрылысшы алқабында 58 жер телімін таратуға дайындау жоспарланып жатқан көрінеді. Одан бөлек 6 алқап 2024-2025 жылдары таратуға дайындалады екен. Тарқата айтсақ, алдағы жылдары Тараз қаласында 2 алқаптан, Меркі ауданындағы 4 алқаптан жер телімдері пайдалануға берілмек. Қалған 6 алқап 2021-2022 жылдары таратылған жер телімдері тізімінде тұр.
Сондай-ақ баяндамашы таратылған жер телімдерінің ішінде жеке тұрғын үй құрылысы төмен деңгейде жүргізіліп жатқан бірқатар проблемалық алқап бар екенін айтты.
– Өңірде 2015-2020 жылдар аралығында 33 алқапты инженерлік-коммуникациялық желілермен қамтуға 20,1 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылып, 2019-2022 жылдары жер кезегіндегі азаматтарға 12 706 жер телімі таратуға дайындалды. Атап айтсақ, аудандарда 21 алқапта 7 445 жер телімі таратылса, оның 954-інде ғана тұрғын үй салынып жатыр. Қалған 6 491 жер телімі пайдаланусыз бос жатыр. Пайдалануға берілген жер телімдерінің аймақтардағы бөлінісіне келсек, Байзақта 4 алқапта 367 жер телімі таратылып, 178 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жамбыл ауданында 6 алқапта 1 053 жер телімі таратылып, 208 жер телімінде тұрғын үй салынып жатыр. Ал Жуалыда 1 алқапта 170 жер телімі таратылған. Онда салынған үйлер саны – 68. Қордайда 4 алқаптан қолданысқа берілген 3 918 жер телімінде – 227, Меркіде 3 алқаптағы 247 жер телімінде 53 үйдің құрылысы жүргізілуде. Т.Рысқұлов ауданындағы «Арай» тұрғын алқабында пайдалануға берілген 650 жер телімінде 193 үйдің құрылысы қолға алынған. Шу ауданында 2 алқап бойынша 1 040 жер телімінде 27 үй бой көтеруде.
Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу ауданы әкімдіктерінің ақпараты бойынша, жеке тұрғын үй құрылысын салудың төмен қарқынына байланысты дайындалған жаңа алқаптарда электр кабельдері, трансформаторлардың ішкі бөлшектері, көше жарықшамдары және су құбыры люктері ұрлануда, – деді Данияр Темірбекұлы.
Сөз соңында аталған басқарма басшысы инфрақұрылым жабдықтарының қолды болуына байланысты бірқатар ұсынысымен бөлісті. Данияр Темірбекұлы қала және аудан әкімдіктері жаңа алқаптардың инженерлік желілерін қорғауды қамтамасыз ету керектігін жеткізді. Сонымен қатар жерді тиімді пайдалану үшін жаңа алқаптарды, ең алдымен, электр және сумен жабдықтау желілерін салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ басқарма басшысының ұсынысына сай алқапта жеке тұрғын үй құрылысы 30 пайыздан астам салынғаннан кейін газбен жабдықтау қажет. Мұнымен қатар жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуде желілердің маңыздылығына қарай басымдық беру де мұндай олқылықтардың алдын алатынын жолдады.
Облыс әкімі 21 алқапта 7 445 жер телімі таратылып, оның 954-інде ғана тұрғын үй құрылысы басталғанына назар аударып, жауапты тұлғаларға тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру шараларын жүргізу керектігін ескертті.
– Жоспарлау кезінде кезекте тұрған тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Заң талаптарында көрсетілгендей, үш жыл өтсе де әлі күнге дейін үй құрылысы басталмаған жерлер бар. Ол алқаптарға қомақты қаржыға қажетті инфрақұрылымдар тартылған. Дегенмен сол инфрақұрылым жабдықтарының қолды болуына қатысты да ақпараттар жоқ емес. Бюджет қаражатын тиімді жұмсау – маңызды. Әлбетте, бүгінгі таңда азаматтарды баспанамен қамту – өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Дегенмен осы ретте үйлестіру шараларын дұрыс ұйымдастыру қажет, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев аудан әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алып, бұл мәселе жыл қорытындысымен қайта қаралып, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.
Аппараттық кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов баяндама жасап, жол саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста биыл жол саласына жалпы 24,9 миллиард теңге бөлінген. Аталған қаражат есебінен 5,5 шақырым көше жолдарын құрылыспен, 9,6 шақырым жолды қайта жаңғыртумен және 794,4 шақырым жолдарды орта жөндеумен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге жоспардағы 809,5 шақырым жолдың 722,4 шақырымында немесе 89,2 пайызында жол жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Жалпы биыл өңірде 500 жол жөндеу жобасын іске асыру көзделсе, оның сегізі келер жылға өтпелі.
– Осы жылы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына 2,2 миллиард теңге қарастырылды. Қаражатты игеру мақсатында шұңқырларды, жол жамылғысындағы ісіңкі орындарды жою, жол бойына қоршаулар, жаңа жол белгілерін орнату, өртке қарсы минералданған жолақтарды жырту секілді бірқатар жұмыс атқарылды. Жыл қорытындысымен «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі» көрсеткішін 98 пайызға, елді мекен көшелері бойынша 85 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Жыл басында жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету мақсатында «Жол активтерінің сапа орталығы» мекемесімен зертханалық сараптамаларға жергілікті бюджеттерден 183,9 миллион теңге бөлініп, келісімшарт жасалған болатын. Бүгінгі күнге дейін аталған орталық жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерінде іске асырылған нысандарға 386 зерделеу жұмысын жүргізіп, 1 610 сынама алған. Нәтижесінде олқылық жіберген жауаптыларға 28 ескерту беріліп, қазіргі таңда кемшілікті жою шаралары қабылдануда. Оның ішінде 55,1 миллион қаражатқа сапасыз салынған 24 000 шаршы метр асфальтбетон жамылғысы мердігерлер есебінен қайта салынды. Қазіргі кезде жол жөндеу барысында сапасыз жол құрылыс материалдарының қолданылуы немесе келісімшарт талаптарының бұзылуына жол берген мердігерлерге жалпы 21,7 миллион теңге тұрақсыздық айыппұлдары салынды. Алты мердігер жосықсыз ретінде танылса, 10 мердігерге қатысты жосықсыз деп тану бойынша сот процестері жүруде, – деді Мұрат Құттыбайұлы.
Баяндамашы бірнеше нысанда бекітілген жол сарапшысы жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын уақытылы қадағаламауынан құрылыс жұмыстары мезгілінде аяқталмай жатқанын да сөз етті.
Облыс әкімі жол құрылыстарының сапасыздығы мен нысанды қолданысқа беру мерзімі кешіктірілуіне қатысты және жүк көліктерінің тиісті талаптарды жиі бұзуы жөнінде шағымдардың аз еместігін сынға алып, жауаптыларға бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң қадағада ұстауды тапсырды.
– Күні кеше өткен Үкімет отырысында өңірлердегі әртүрлі маңызы бар жолдардың сапасы талқыланды. Облыс бөлінісіндегі тізімде біздің Жамбыл жол сапасының көрсеткіші бойынша ең соңғы орында тұр. Еліміздегі 19 аймақтың арасында ең төмен нәтиже көрсетіп отырған біздің облыс. Сонда жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «Жол активтерінің сапа орталығы» немен айналысып отыр? Неге жауаптылар жол құрылысының сапасына жауапкершілікпен қарап, қатаң бақылауға алмайды? Жол саласында мәселе шаш етектен, нәтиже көңіл көншітпейді.
Жолдардың құрылысына жыл сайын миллиардтап қаражат бөлінеді, бірақ салынған жолдар екі жылға да шыдамайды. Сосын тағы да қаражат сұраймыз. Жолдардың сапасыздығы көлік апатының орын алуына әкеліп соғады. Қауіпті жолдарда қаншама жас жігіттеріміз қыршын кетіп жатыр. Сондықтан бұл салаға атүсті қарауға болмайды. Әсіресе қауіпті екі-үш аймақтың назарға алынбағаны салдарынан Қордай ауданы аумағындағы күрежолда күн сайын қайғылы жағдай орын алуда. Ауданға барып, сол аумақтарды жолаушылар үшін қауіпсіз етуге қажетті белгілер қойылып, не болмаса қоршалып, тиісті жұмыстар жасалуы қажет.
Келер жылдан бастап салынатын жолдардың барлығына бақылауды күшейту керек. Мердігерлердің де жауапкершілігін қарастырыңыздар. Бұл тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселе, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиын соңында аймақ басшысы жол қауіпсіздігін сақтау, жол-көлік оқиғаларын азайту бойынша алдын алу шараларын айрықша назарға алу үшін жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Aktoty_96_08@mail.ru
Келесі мақала