Домбыра жасайтын хас шебер
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» Елдің қадір-қасиетін, қайғы-қуанышын бойына сіңірген киелі аспап. Ал оған қоңыр үнді қос ішек тағып, шанағынан күй төктіру – нағыз шебердің ісі. 4 маусым – Ұлттық домбыра күні қарсаңында шебер Оразғали Байжановтан аспап жасаудың қыр-сырын сұрап білдік. Ол кәсіпкер ретінде проблемалардың да басын қайырды.
Ұлттық өнерді бойтұмардай сақтап, шеберлігін кәсіпке айналдырған өнегелі жанның бірі Талас ауданы, Қаратау қаласының тұрғыны Оразғали Байжанов он саусағынан өнер тамған шебер. Ұста ағаштан әр қилы дүние жасайды. Ол сүйікті ісін осыдан 10 жылдай бұрын бастаған. Шағын шеберханасында аспаптың ою-өрнектерін де қашап, тапсырыс берушінің талғамына сай өзі сызады. «Ұсталық қасиет – қаныңда болмаса, қанша тырысқанмен түк шықпайды. Маған ұсталық атам Байжаннан дарыған сыңайлы, дейді ол.
Байжан қария қасиет қонған аймаққа белгілі ұста болған. Бала Оразғали қолы алтын атасының керекті сайманын тасып, жасаған дүниесін көзімен көріп, көңіліне түйіп өседі. Өзін әр салада сынап көрген кейіпкеріміз, кейін келе ұсталық қабілетін де байқамаққа белбуады. Тәуекелдің арқасында тәп-тәуір іске төселеді.
Қазір ол шағын шеберханада тірлігін айналдырып, табысын айырып отыр. Шебердің айтуынша, 1 домбыра жасауға 10 күндей уақыт жұмсалады екен. Қажетті заттарын Тараз қаласынан алдырады. Аспаптың бағасы да жонылған ағаш түрі мен домбыраның көлеміне байланысты. Көбіне Ресейден әкелінген қарағайдан жасалады.
– Қазір көппәтерлі үйдің жертөлесіндегі шағын шеберханадамыз. Зайыбым Анар көмекшім, қажетті материалдарды жеткізіп тұрады. Ал өзім тиісті жұмыстармен шұғылданамын. Домбыра мен бесік әр қазақтың үйінде болуы тиіс. Бұлар – ұлттық болмысымызды айшықтайтын дүниелер. Шаңырақтағы тұрған нәрсені бала көріп, біліп өседі. Қызығушылық осылай басталады. Менің де ағаш жонумен айналысуыма атамның ұсталығы себеп болды емес пе, – дейді ұста.
Оразғали ағамыз «Чернобыль ардагері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Осыдан 35 жыл бұрын Украинадағы Чернобль атом электр стансасында болған жарылыстың зардабын жоюға қатысқан аудандағы аз ғана ардагерлердің бірі. Мақсаты – елдің игіліне еңбектену, ұлттық қазынаны ұлықтау.
Ұстаның атадан қалған қолөнерді ары қарай жалғастырсам деген ойына мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қолдау болыпты.
Ораз Байжанов ата кәсіпке негізделген жобасына мемлекеттен 503 000 теңге көлемінде грант жеңіп алған. Қайтарымсыз қаржыға ағаш жонатын бірнеше қондырғы сатып алған.
– Мемлекеттен алған азын аулақ ақшаға қажетті бірен-саран құралдарды ғана алдым. Қазір 500 мыңға түк те келмейді ғой. Қасыма жұмысшылар алуға да қол қысқа. Олардың айлығын төлеуім керек. Материалдар да арзан емес. Қосымша несие алып, жұмысты кеңейтуге де менің мүмкіндігім болмай тұр. Кезінде алған несием қайтарылмай, «қара тізімге» енгенімнің кесірінен маған ештеңе берілмейді екен. Маған сол жағынан көмек болса, демеушілік жасайтын қайырымды жандар болса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Оразғали Кәденұлы.
Ағаштан түйін түйген шебер егер қаржылай қолдау болса, домбырадан бөлек, бесік, ер-тұрман жасау жоспарында бар екенін жасырмады. Болашақта жаңа қондырғылар алып, ауыл жастарын ұлттық өнерге баулымақ.
Бір кездері өз бетінше ұлттық аспап жасайтын ағаш шеберін қазір барлық жұрт таниды. Шебер домбыра ойып қана қоймай, аспапта шебер ойнайды.
– Мен жастайымнан домбыра шерткенді жақсы көремін. Сол өнерім домбыра жасауға алып келді. Жұмысыңа деген сүйіспеншілік болмаса, еткен еңбектің жемісін көру неғайбыл. Ұстаханада отырып еңбек етсем шаршағаным басылып әрі рухани демаламын. Өнерімізден хабардар болған болуы керек, домбыраларымды жергілікті жерден ғана емес өзге өңірлерден де тапсырыс беріп жасататындар бар, – дейді Оразғали Кәденұлы.
Қолөнер – кез келгенге қона бермейтін бекзат өнер десек, атадан балаға мирас болып келген алтын қолды шеберлеріміздің ісін жалғаушы ұрпақ бүгінде санаулы. Ал олардың абыройын көтеріп, өнерін бағалауға барынша тырысуымыз қажет-ақ. Бұл өнердің ерекшелігі, оны кім болса сол үйреніп алып, кәсіп ете алмайды. Бұл – атадан-балаға берілетін ерекше қасиет. Сондықтан ұлттың өнерін өрістетіп, ұрпағына ұлағаттап отырған ағамыздың еңбегіне біз табыс тілейміз.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала