МІНДЕТІМІЗ – ХАЛЫҚҚА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУ
Мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін тарату, үздік кәсіби білімі мен дағдылары бар еліміздің үздік мемлекеттік қызметшілерін анықтау және ынталандыру, мақсатында жыл сайын «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» Республикалық байқауы өткізіліп келеді. Биыл бұл конкурсқа облысымыздан 38 мемлекеттік қызметші қатысып, бақ сынасты.
Жалпы, бұл конкурсқа мемлекеттік қызметте өтілі бір жылдан кем емес, алынбаған әкімшілік және тәртіптік жазалары жоқ мемлекеттік қызметшілер қатыса алады. Жамбыл облысы мемлекеттік қызметшілері арасындағы кандидаттарды іріктеу бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің облыс бойынша департаментінің конкурстық комиссия мүшелерінің бағалауына сәйкес, «Патриотизм құндылықтарын дәріптеу» тақырыбында мотивациялық эссе мен кейстік тапсырмаға берілген бейне жауаптың қорытындылары бойынша және «Мемлекеттік басқаруды жетілдіру мен бюрократиясыздандыру» тақырыбындағы жобаларын қорғаудан ең көп балл жинаған екі мемлекеттік қызметші республикалық кезеңге жолдама алып, үздіктердің қатарына ілікті. Олар: Қордай ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл мен Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Меруерт Қадырбекова.
Өңірлік кезеңнің жеңімпазы Нұрболат Сатымқұл қызмет жолын 2016 жылы ең алғаш рет Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ақпарат және талдау бөлімінің консультанты болып бастайды. Реті келе басқармада ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарының мониторинг бөлімінде бас маманның міндетін атқарушы, одан соң бас маманы болады. 2019 жылы Жамбыл облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің бас маманы, 2020 жылы Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы болады. Сол жылы Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының қызметін атқарып, бір жылдан соң Қордай ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін бүгінгі күнге дейін атқарып келеді. «Мемлекеттік қызметішлердің міндеті – халыққа адал қызмет ету, еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу», – дейді ол.
– Әділдік, қарапайымдылық үлгісі, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды тәжірибеде қолдана білу, адалдық және парасаттылық, белсенді өмірлік ұстаным. Мемлекеттік қызметшілердің бойынан осындай қасиеттер табылуы керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметші атағына кір келтірмей, еңбек ете бермекпін, – дейді Нұрболат Ақынғалиұлы.
Үміткерлер мәртебелі сайысқа мейлінше дайындалған. Меруерт Қадырбекова «Байқауға қатысудағы мақсатым – сынақта білімім мен біліктілігімді көрсету әрі тәжірибемді шыңдау» дейді.
– 2017 жылдан бері мемлекеттік қызметтемін. Жалпы, мамандығым мұғалім. Жұмысты 2017 жылы персоналдық басқару бөлімінен бастаған болатынмын. Кейін аудан әкімінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы болып ауысып,содан бері осы қызметтемін. Осы жылдың 18 мамырында республикалық «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауына қатысуға хабарландыру келді. Оны көріп, біз Тараз қаласына қатысуға өтініш жолдадық. Әрбір кезеңнен сүрінбей өтіп, көзді ашып-жұмғанша республикалық кезеңнен бірақ шықтым. «Сіз облыстық байқаудан жеңімпаз атандыңыз» дегенде қатты қуандым. Қалай дегенмен де ауданымның атын шығарып жатырмын ғой», – дейді Мөлдір Қалдарбекова.
Бүгінде облыс бойынша 5000-ға жуық мемлекеттік қызметші бар. Жыл сайын әрбір мекеме жас мамандармен толығуда. Олардың Әдеп кодексінен бастап, заңнамаларды білу деңгейін, патриоттығын саралау үшін аталмыш конкурстың маңызы зор.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала