Білгім келген бір сұрақ?
Дүкен күзетшілерінің сөмкені тексеруі заңды ма?
- author AR-AY
- 2 шілде, 2022
- 227
Дүкен күзетшілерінің сөмкені тексеруі заңды ма?
– Қазір қаламызда үлкен сауда орталықтары көп қой. Температурасы бір қалыпты, төбесі жабық мұндай үлкен дүкендер қай маусымда болсын тұтынушыларға өте ыңғайлы. Бірақ кейбіріне кіре бастасаң «Қолыңыздағы сөмкеңізді кіреберістегі арнайы орынға тастап кетіңіз. Мұнда өз сөмкеңізбен кіруге болмайды» деп ескертіп жатады. Мейлі, қоя салайын деп барсаң, арнайы сөмке салатын жәшіктердің кілттері болмай, аузы алқа-салқа болып тұрады. Оны айтсаң, қоя салыңыз өзіміз қарап тұрамыз дейді. Егер байқаусызда сөмкеңді тастамай өтіп кетсең, шығаберісте күзетшілер келіп сөмкемізді тексеріп жатады. Жалпы, осы қаншалықты дұрыс? Егер дүкеннің күзетшісі сөмкеңізді кіреберісте тастап кетуді немесе оның ішін көрсетуді талап етсе, не істеу керек?
Сол секілді кейбір дүкен иелері дүкен ішін, ондағы тауарларды фотоға, видеоға түсірмеуді талап етіп жатады, мұндай кезде не істеу керек?
Жалпы, тұтынушы құқығым бұзылғанда қайда жүгінсем болады?
Мөлдір ӘБІЛҚАСЫМОВА, Тараз қаласының тұрғыны
– Дүкенге кіреберісте сөмкесін тастай ма жоқ па, оны сатып алушының өзі шешуі керек. Ал күзетшілердің сіздің пакетіңіздің ішін тексеруіне ешқандай негіз де, құқық та жоқ. Бұл – сіздің Конституциялық құқығыңызды бұзу болып саналады. Фотосуретке немесе бейнежазбаға түсіруге келер болсақ, бұл да – тұтынушылардың құқығы. Себебі дүкен – қоғамдық орын, ал қоғамдық орындарда суретке түсіруге тыйым салынбаған. Бұған қоса, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, сіз фото және бейнежазбаға түсіру құқығыңызбен қоса, оны сатып алу фактісін растайтын ресми дәлел ретінде де қолдана аласыз. Өйткені әртүрлі жағдайлар кездеседі. Мысалы, егер тауардағы баға белгісі түбіртектегі бағамен сәйкес келмесе, тұтынушы тауарды суретке немесе бейнежазбаға түсіріп, дүкен әкімшілігіне дәлел ретінде қолдана алады. Сонымен қатар сатып алушы тауардың орамасы дұрыс емес, әрі қолдану мерзімі өтіп кеткені анықталса немесе тауардың сақтау мерзімі қалыпты болса да, тауар бұзылған болса, бұл кезде тұтынушы суретке түсірген факті арқылы сатушыға нақты талап қою мүмкіндігі болады. Дүкен әкімшілігі белгілі бір себептермен тауарды айырбастауға немесе қайтаруға қарсылық білдірсе, өз кезегінде сізде тауардың чегі жоқ болса, сіз сатып алу фактісін куәгердің растауы арқылы немесе түсірілген фото не бейнежазба арқылы дәлелдей аласыз. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 2-тармағына сәйкес, әрбір адам Заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсіл арқылы ақпаратты еркін алуға және таратуға құқығы бар. Бұл ретте, сауда қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік-құқықтық актілер (ҚР «Сауда қызметі туралы» Заңы, ҚР Азаматтық кодексі, ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. бұйрықтарымен бекітілген, Ішкі сауда ережелері) тауарларды суретке түсіруге шектеулер қойылмаған. Бұдан басқа, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабының 12-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатушыға фото және бейнетүсірілім жасауға қатысты тұтынушылардың құқықтарын шектеуге тыйым салынады. Біздің еліміздің заңнамаларына сәйкес, мынадай жағдайларда суретке түсіруге тыйым салынады: - түзету мекемелері мен тергеу изоляторлары объектілерінде (әкімшіліктің рұқсатымен суретке түсіруге болады); - сотталғандарды (сотталғандардың рұқсатымен суретке түсіруге болады); - сот залында (төрағалық етушінің рұқсатымен суретке түсіруге болады); - әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде (іс жүргізуші адамның рұқсатымен мүмкін). Шын мәнінде, барлық тыйымдардың толық тізімі осы, басқа жоқ. Алайда бұл тізімге сатып алушылардың ешқандай қатысы жоқ. Осылайша қымбатты тұтынушылар, дүкен әкімшілігі сізге жеке мақсаттарда суретке түсіруге тыйым салса, Қазақстан Республикасының Заңдарына сілтеме жасап, құқығыңызды қорғай аласыз. Сіз тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы кеңесті тегін қызмет көрсететін 54-21-69 «шұғыл желісі» арқылы сұрай аласыз.Байқадам ДҮЙСЕНБАЕВ, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы
Келесі мақала