Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БЕКСҰЛТАННЫҢ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСІ

БЕКСҰЛТАННЫҢ БАҒЫНДЫРҒАН  БЕЛЕСІ
ашық дереккөз
БЕКСҰЛТАННЫҢ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСІ
Кешегі бабаларымыз он үш жасында отау көтеріп, он бесінде қол бастап жауға барғанын тарихтан жақсы білеміз. Қазіргі жастар да ел намысы сыналатын сәттерде аянып қалып жатқан жоқ. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де әлемдік ареналарда тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп жүр. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті, бокстан Қазақстан чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы, Азия ойындарының қола жүлдегері, 2023 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлде иегері Бексұлтан Боранбекті облысымыздың, еліміздің мақтанышы десек, артық айтқанымыз емес. Бексұлтан Рахатұлы спорттан бақыт тауып, жылдар бойғы еңбегінің жемісін көруді армандап жүрген спортшы. Асқақ арманының жетегінде бүгінге дейін бірқатар жетістікке жетіп үлгерген. Атап айтар болсақ, 2021 жылы Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевтың 100 жылдығына арналған республикалық турнирде І орын иеленеді. Сондай-ақ кіл мықты бас қосқан айтулы бір турнирде «Үздік боксшы» атанады. Бокстан КСРО спорт шебері Е.Ишекентовті еске алуға арналған Қазақстан Республикасының «Оңтүстік-Батыс» аймақтық турнирінде дк қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткен боксшылар бәсекесінде де жүлделі I орынды қанжығасына байлайды. 2022 жылы ел чемпионатында топ жарады. Бұдан бөлек КСРО спорт шебері Қамбар Андашевті және ҚР спорт қайраткері Аманбек Досмайыловты еске алуға арналған республикалық турнирлерде де тұғырдың ең биік сатысына көтеріледі. 2023 жылы 3 дүркін Азия чемпионы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ермек Серіковті еске алуға арналған VI республикалық турнирде ІІІ орынды қанағат тұтады. Сонымен қатар жуырда ғана, яғни 4 қарашада Бексұлтан Рахатұлы Азия чемпионатының күміс жүлдесін қанжығасына байлап келді. Бексұлтанның жарқын жеңісіне орай Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенттерімен кездесу ұйымдастырылды. Жүздесуге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұхтар Бердібетов, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Дүйсенбек Абдраимов пен студент жастар қатысты. Басқосуда Бексұлтан Боранбек алдағы уақытта әлемдік ареналарда еліміздің атын шығарып, көк туын әлі талай көкке көтеретінін жеткізді. Ал колледж директоры Дүйсенбек Абдраимов алдағы жолына сәттілік тілеп, бокс қолғабын сыйға тартты. Біз Бексұлтанның қоржыны әлі талай алтынмен толығатынына сенімдіміз. Шапағат Әбдір
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар